Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің туғанына 115 жыл.
Туған елдің өз баласы бола алсам!
Биыл қазақтың классик ақыны, аса-ірі ағартушы, ойшыл, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының баласы, ақын, фольклоршы, шежіреші, ұстаз Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің туғанына 115 жыл.
95 жылдық тарихы бар Семей қаласының Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында Ахат Шәкәрімұлына қатысты деректердің сақталуы үлкен қуаныш. Олай дейтініміз Ахат Шәкәрімұлына әкесінен дарыған ақындық шеберлігін, жазған өлеңдерінен көруге болады. Ахат 15 жасында ақын бала атанған екен. Ол 1915 жылдан бастап, яғни 15 жасында «Кетпеші балалық» деп аталатын алғаш өлеңін жазады. Мұрағатта сақталған Ахат атаның 1915-жылдан бастап әр жылдарда жазылған өлеңдері машинкаға басылып жинақталған. Өлеңдер жинағы 1982 жылы 4-ші маусымда басылған. Жинақтың бірінші бетінде Ахат атаның өз қолымен жазған 132 өлеңінің тізімі (көшірме) берілген. Жинақ 1915 жылы жазған «Кетпеші балалық» деген өлеңінен бастап, «Құдық» деп аталатын өлеңімен аяқталады. Өлеңнің соңында «Әкей сүйегін көмген құр құдық. 1961 жылы 28-июльде»-деп жазылған екен. Жалпы бұл жинақ 203 беттен тұрады. Осы өзінің шығарған өлеңдер жинағының машинакаға терілген нұсқасын көзі тірі кезінде мұрағатқа өз қолымен әкеліп тапсырған. Бұл туралы мұрағат директоры Қасымова Гүлнар Төлеуқызы: «Қолында сырты көк тыспен қапталған, мұқабасы қалың, кітап секілді басылған дәптерін алып келіп, балам мына менің жазған өлеңдерімді сенің мұрағатыңа тапсырайын, кейін жас ұрпақ оқып керектеріне жаратса деп едім деп, әкеліп қолыма тапсырып еді» деп еске алады. Қазір бұл көк кітап мұрағатымыздың аса құнды құжаттарының бірі болып сақталуда.
Ахаттың әкесі Шәкәрім Құдайберді ұлына қатысты тарихи деректер, көбінесе Алаш Орда үкіметінің құжаттары арасынан ұшырасады. Себебі, ол кісінің Алаш қозғалысының мүшесі болғаны бәрімізге мәлім. Мысалы Семей уезі бойынша гласныйлардың тізімі берілген, онда Шыңғыс болысы бойынша «Шахкарим Кудайбердин, қырғыз»-деп жазылған. Осы секілді тағы бір құжатта Семей аймағы Шыңғыстау ауданының аса-ірі бай және кулактарының басқа республикаларға, аймақтарға және аудандарға жер аударға жататындардың тізімі «құпия» деген белгімен берілген. Осы тізімде, «Ақсақал, Алаш Ордашыл, ру басшысы Шәкәрім Құдайбердин ұлдары, Гафур, Қабыш, Зият, Ақат аймақтан қуылсын»- деп жазылған. Яни бұл құжатқа қарап Ахаттың Шәкәрімнің кенже баласы болғанын көруге болады.
Ахат Шәкәрім ұлы қаламыздағы қазпедтехникумда оқып білім алады. Казпедтехникумда оқып жүріп талай қиыншылықтарды басынан өткереді. Тоталитарлық жүйенің тұсында «халық жауының баласы» ретінде қудаланып, Сібірдің қатал табиғатына айдалса да қажымаған, әке алдындағы перзенттік борышын адал өткерген Ахат Құдайбердиевтің тағдыры кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Аумалы-төкпелі қиын-қыстау заманда әкесі Шәкәрімнің әдеби мұрасын қорғауда табандылық, қайсарлық танытқан Ахат Құдайбердиев 1961 жылы, жапан түзде нақақтан нақақ атылған әкесі Шәкәрімнің 30 жыл көмусіз қалған сүйегін құр құдықтан қазып алып, ағасы Абайдың қасына жерлеуі үлкен сауапты, ерлік іс еді. Бұл туралы мұрағатымыздың газет қорында сақталған 1998 жылы шыққан «Үш Анық» газетінің 13 нөмірінде Мінәш Әрхамқызының «Шәкәрім сүйегі Жидебайға қалай жерленді?» атты мақаласы дәлел болады. Мақалада Ахаттың әкесінің сүйегін құдықтан қалай қазып алғанын, әкелген сүйектердің көлемін өлшеп жазып алынғаны, жаназасын шығарып арулап қайтадан қойғаны жайлы толық баян етіледі.
Ахат Шәкәрімұлының ұстаздық еңбегіне келсек, 1939-1966 жылдары Алматы облысының мектептерінде көп жылдар мұғалімдік қызмет атқарып, зейнеткерлікке шығады. Ұстаздық еңбегі үшін үкімет тарапынан «Құрмет Белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, медальдармен марапатталады. 1969 жылы туған жеріне қайтып оралып, өмірінің соңына дейін (1984 ж.) Абайдың Жидебайдағы мұражай-үйінің меңгерушісі, Абай мұражайының ғылыми қызметкері болып еңбек етті. Осы мақаланы жазып отырып, менің көз алдыма Ахат атаның бейнесі көз алдыма елестеп отырды, себебі мен ол кісіні 1981 жылы Жидебайдағы мұражай-үйінің меңгерушісі болып жүргенде, ата-анам Абай атамыздың басына құран бағыштап қайтайық деп Жидебайға барғанда алғаш көрдім. Бізді ұзын бойлы, басында тақиясы бар, классикалық үлгідегі костюм шалбар киген ақсақал қарсы алды. Бұл Ахат ата екен. Сондай ақ жарқын, көңілді болып бізді қарсы алып, Абай атамыздың ұрпақтары жайлы баяндап берді. Әлі есімде ол кезде мен 1 сынып оқушысы болатынмын. Менің қолыма «мұражайдан саған ескерткіш болсын» деп ата қасқыр мен қоянның суреті салынған значек сыйлады. Ол значек әлі күнге дейін сақтаулы.
Біз Ахат атамыздың бейнесін, артына қалдырған өзінің өлең жинақтарын, естеліктерін, сонымен қатар әкесі Шәкәрім Құдайбердіұлы мұрасының мәңгі сақталуына, сіңірген еңбегін қазіргі, кейінгі буын ұмытпаса екен дейміз.
Мақаланы Ахат атамыздың өз қолымен тапсырған өлеңдер жинағында 1917 жылы жазылған «Туған елдің өз баласы бола алсам!» деген өлеңімен аяқтаймыз.
Туған елдің өз баласы бола алсам!
Аспандағы қосылса үнім аққумен,
Болмаса ісім құр мақтаған қаңқумен.
Ой өрісін жыл-жыл сайын кеңейтсем,
Өтпесе өмірім сандалумен қаңғумен.
Бұлбұл жырын, тамаша үнін тыңдасам,
Менде өмірдің әсемдігін жырласам.
Табиғаттың сұлулығын ұнатып,
Көрнектісін көркемдікпен сырласам.
Елдің, ердің алсам өнер үлгісін,
Білсем және немен алған жүлдесін.
Армандаймын ел еріндей болсам деп,
Тамсандырар келешектің күллісін.
Мақсатым бар іздегенім болса көп,
Талабыма көксегенім келсе деп.
Көрікті ойдың көркем тәтті жемісін,
Айтар болса, жеген адам дәмді деп.
Менде халық ері болып саналсам,
Сол атақты арманым жоқ ала алсам.
Басқа дүние қажет етпес едім мен,
Туған елдің өз баласы бола алсам!
1917 жыл.
КММ ҚЗТҚО құжаттарды пайдалану
бөлімінің меңгерушісі Л.Қ.Қадырова
|