Жариялымдар / БАҚ мақалалары

Мұрағат құжаттары өлкенің тарихын айғақтайтын асыл қазына

«Мұрағат құжатынсыз мемлекет те, халық та, ұлт та болмайды» деген сөз жиі айтылады. Бұл – шынайы қағида.
Ия, биыл «Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл» бұл аталмыш мерекені тойлау үшін қыруар еңбек жасалды және жасалып келеді.  Әрине біздің өткен тарихымызды дәлелдеу үшін құжатқа сүйенеміз, ал құжатты тек мұрағаттан табатынымыз сөзсіз.
Ғасырлар өтеді, ұрпақтар бірін-бірі алмастырады. Баршамызға мәлім, құжатсыз болған тарихыңды дәлелдей алмайсың. Құжатсыз тарих болмаса, тарихсыз мемлекеттің болғандығын, ұлттың бар екенін растай алмайсың. Сондықтан мұрағат ісі әрі мемлекеттік маңызы бар, әрі ұлттық маңызы бар іргелі іс. Тарихты зерттеп, зерделеп, өткенге көз жүгірту үшін, әлбетте мұрағат қоры деректеріне сүйенеріміз анық. Ғасырлар өтіп, ескі жаңамен ауыстырылып жатыр, ал осы аралықтағы кезең жөнінде мұрағат құжаттарынан ғана таба аламыз.
Қазақстанның мемлекеттік көне мұрағаттарының бірі Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының құрылғанына 95 жыл толды.
Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы 1920 жылы құрылған болатын. Семейде кеңес үкіметін қайта қалпына келтіру үшін Колчак әскерлерімен болған күрес енді басылған кезеңде, 1920 жылдың 29 наурызында губерниялық революциялық комитеті «Өлкеміздің тарихы туралы құнды деректерді жинап және сақтау үшін губерниялық мұрағат қорын құру» туралы шешім қабылдады. Алғаш губерниялық мұрағат қорының жетекшісі болып Н.Я.Коншин тағайындалды. Ең алғаш мұрағатқа тастан қаланған бөлме бөлінді (ені 6 қадам және ұзындығы 12 метр), штат 4 адамнан тұрды.
«Алтын қорымыздың» ажырамас бөлігі ҚЗТҚО-да сақталған – сонау 1905 жылдан бүгінгі күнге дейін жинақталған газеттер болып табылады. Олар тек қана Семей мұрағатының қорында сақталған: 1918 жылдың «Известия», 1905 жылдың «Вечерняя почта», 1917 ж «Воля народа», 1917 ж «Сибирская речь», 1918 ж «Трудовое знамя» газеттері.
ҚЗТҚО-ның мұрағат қоры-жеке тұлға құжаттарының баға жетпес асыл қазынасы. Бұлар- азамат және Ұлы Отан соғыстарының ардагерлері мен Кеңес Одағы Батырлары: Н.Н.Силиннің, А.Ибраевың, Ж.Молдағалиевтің, А.А.Баздыревтің, М.М.Медведевтің, Ауған соғысы ардагерлерінің жеке коллекциялары түпнұсқалары бар.
М.О. Әуезовтың, Кеңес Одағы Батыры, ұшқыш-космонавт Г.С.Титовтың, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің дыбыстық жазбадағы сөздері бірегей.
Біздің тәуелсіз мемлекет болып, егемендігіміздің туы аспанға желбіреп, ана тіліміздің мемлекеттік тілге айналуына, сол кездегі Алашорда үкіметінің құрған саясаты, Алаш көсемдерінің, Алаш партиясының, Алаш үкіметінің қажырлы еңбектерін ешкім де, ешқашан да ұмытпақ емес. Мұрағат қорында Алаш қайраткерлерінің құжаттары толық ретімен сақталған. Мәннан Тұрғанбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Алихан Бөкейханов, Ахметжан Қозбағаров  т.б Алаш зиялыларының жеке құжаттары да бар. Ия. Адамзат баласының өткен күнінің бәрі тарих. Тарихтың тарихы сонда – ешбір күш, ешбір уақыт оны өшіре алмайды.
Тұрағұл Абай атамыздың ең ақылды балаларының бірі болған. Ол 1928-1929 жылдары тәркілеу кезінде көп қиыншылықтарды бастан кешіреді. 
Мұрағатымызда сақталған (Қ74 Семей аймақтық атқарушылық комитеті) қорда Ибрагимов Тұрағұл мен Әділов Икенің жаппай тәркілеуге түскен кездерін айғақтайтын шынайы деректер кездеседі.
Мұрағаттағы құжаттар 1917 жылдан бастап шоғырланған. Соның ішінде қазақтың классик ақыны, аса-ірі ағартушы, ойшыл, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлы мен оның баласы ақын Ахат Шәкәрім ұлына қатысты деректер.
Шәкәрім Құдайберді ұлына қатысты тарихи құжаттар, көбінесе Алаш Орда үкіметінің құжаттары арасынан ұшырасады. Себебі, ол кісінің Алаш қозғалысының мүшесі болғаны бәрімізге мәлім. Мысалы Семей уезі бойынша гласныйлардың тізімі берілген, онда Шыңғыс болысы бойынша «Шахкарим Кудайбердин, қырғыз»-деп жазылған. Осы секілді тағы бір құжатта Семей аймағы Шыңғыстау ауданының аса ірі бай және кулактарының басқа республикаларға, аймақтарға және аудандарға жер аударға жататындардың тізімі «құпия» деген белгімен берілген. Осы тізімде, «Ақсақал, Алаш Ордашыл, ру басшысы Шәкәрім Құдайбердин ұлдары, Гафур, Қабыш, Зият, Ақат аймақтан қуылсын»-деп жазылған.
Шәкәрім атамызға қатысты тағы бір құжат, ол бабамыздың мұрағаттан табылған тау шатқалында түскен 3-ші фото суреті. Қор атауы мынандай: «Семей» мелиорациялық экспедициясының жұмысы жөніндегі жылдық есебінің қосымшасы. Экспедицияның 1924-1925 жж жылдық есебінен тіркелген фотосуреттер». Фотосуреттің астында «Фот.37 Хребет Чингиз Верховья речек. На переднем плане каз поэт и писатель Шакерим Кудайбердин» деп жазылған екен.
Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевке арналған құжаттарда сақталған. Ахат Шәкәрімұлына әкесінен дарыған ақындық шеберлігін, жазған өлеңдерінен көруге болады. Ахат 15 жасында ақын бала атаған екен. Ол 1915 жылдан бастап, яғни 15 жасында «Кетпеші балалық» деп аталатын алғаш өлеңін жазады. Мұрағатта сақталған Ахат атаның 1915 жылдан бастап әр жылдарда жазылған өлеңдері  машинкаға басылып жинақталған. Өлеңдер жинағы 1982 жылы 4-ші маусымда басылған. Жинақтың бірінші бетінде Ахат атаның өз қолымен жазған 132 өлеңінің тізімі (көшірме) берілген. Жинақ 1915 жылы жазған «Кетпеші балалық» деген өлеңінен бастап, «Құдық» деп аталатын өлеңімен аяқталады. Өлеңнің соңында «Әкей сүйегін көмген құр құдық. 1967 жылы 28-июльде»-деп жазылған екен. Жалпы бұл жинақ 203 беттен тұрады. Сонымен қатар, ұлы жазушы-М.О.Әуезовтың Семейдегі жұмыс істегенін айғақтайтын құжаттар дерлік сақталған.
Семейлік мұрағатшылардың көптеген ұрпақтарының арқасында өлкеміздің тарихының баға жетпес деректері жиналды, сипатталды, қалпына келтірілді және сақталды. Бүгінгі күнде де ҚЗТҚО мұрағатшылары өткен дәстүрді жалғастырып, Семей аймағының ғылыми, мәдени және қоғамдық өмірін бейнелейтін құжаттарды жинап келеді. Осы құжаттарды сақтап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін мұрағат ондағы мұрағатшылар болмақ.

ҚЗТҚО құжаттарды пайдалану
бөлімінің меңгерушісі Л.Қ.Қадырова

Парақтар өзгертілді: 18-01-2016