Семейліктер егіс алқабында
Биыл тыңайған жерлерді игеріп мол астық жинау науқанының бастау алғанына 60 жыл толмақ. Мол және арзан астық өндіру үшін тың және тыңайған жерлерді игеру туралы коммунистік партияның көрегендік саясаты салтанат құрып, Қазақстан еліміздің ең астықтың өлкесіне айналды. Тың игеру Одақ ведомстволары қабылдаған «Елімізде астық өндіруді одан әрі арттыру туралы, тың және тыңайған жерлерді игеру туралы» қаулы бойынша Қазақстанның солтүстік аудандарында, Сібірде, Оралда және Солтүстік Кавказда дәнді дақылдар егуді шұғыл арада арттыру туралы шешім шығарылды. Жаңа жерлерді игеру есебінен 1954-1955 жылдарда 13 млн гектар жер жыртылып, 1955 жылы одан 1100-1200 млн пұт астық алу жоспарланды.
Тың жерлерді игерудің басым көпшілігі негізінен Қазақстанның солтүстігіндегі алты облыста — Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Торғай және Павлодар облыстарында жүзеге асырылғаны белгілі. Республика еңбекшілерінің алдында 6,3 млн гектар тың және тыңайған жерді игеру арқылы дәнді дақылдар өнімін арттыру міндеті тұрды.
Дегенмен бұл аталмыш іске Қазақстанның басқа облыстары да қарап қалған жоқ, әр облыс тың және тыңайған жерлерді нығайту үшін өздерінің үлестерін де қосты.
Негізінен халықтың санасында бұрынғы Семей облысының мал қой шаруашылығымен айналысып алдыңғы қатарлы орындардан көрінгені қалыптасқан. Қазірде біздің өлке осы саланы дамыта отырып, жылқы өсіріп, қымыз өндіріп жатқан жайлары бар. Бірақ тың игеру ісіне де аянбай еңбек етті.
Біздің Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы 95 жылдық тарихы бар Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында тарихи деректі құжаттар өте көп сақталған. Құжаттармен қоса газет қорлары да көптеп қамтиды. Осы құнды тарихи деректердің ішінде тың игеру жылдарындағы яғни 1954-1958 жылдар арасын қамтитын бұрынғы Семей облысының облысқа тарайтын «Екпінді», «Семей правдасы» деген атаумен шыққан газеттерде, сан алуан мақалалар жарияланып тұрған, әр мақаланың өзіндік сырлары бар. Қарап үңілетін болсақ «Егін оруды, астық тапсыруды жеделдете түсейік!», «Мемлекетке кезінде 30 миллион пұт астық тапсырайық!» деген ұрандармен бүкіл комбайншылар мен тракторшылардың, егіс алқабындағы жұмыс жасаған барлық азаматтардың, аса қызығушылықпен еңбекке белсене араласқанын көруге болады. Тың игеру жұмысына Семей облысының әр аудандарын жеке аймақтарға бөлген. Олар Новопокровка, Новошульба, Бородулиха, Ақсуат, Көкпекті, Жарма, Шар аудандары және Коростелевский, Ұзынбұлақ совхоздары. Бұл аудандардың жері егін егуге қолайлы, топырағы құнарлы, тың егін бітік шығады деген мақсатпен берілген. Мұрағатымызда сақталған Семей облысының Бүкіл Одақтық Коммунистік партия құжаттары 103 қорда партия мәжілістерінің хаттамалары бар. Хаттамада ең алғашқы тың игеру ісіне байланысты ашылған Мақаншы, Ұржар, Коростелевский, Ұзынбұлақ совхоздарының құрылуы туралы шешімдері берілген.[1] 1958 ж, 159 нөмірлі «Семей правдасы» газетінде «Биік таулы, бұлақты, жері құтты Көкпекті, қоймасына миллиардтың 5 жарым миллион пұт астықты керуендеп әкеп, төкпекші» деген атаумен үлкен мақала шыққан екен. Мақалада Көкпекті ауданының «Большевик», «Үлгілі малшы», «Приображенка», «Ивановка» совхоздарының егіс алқабындағы жұмыстың жоғары деңгейде орындалып, белгіленген жоспарға сай миллиондаған пұт астық жинап өкіметтің қоржынына салғанын мақтанышпен айтып жазады. Сонымен қатар Бородулиха ауданының отанымызға 2 миллион 800 мың пұт астық тапсырғаны, «Сталин» атындағы колхоздың егін алқабындағы жұмыстың нәтижелерінің мол болғандығы айтылады.[2] Тың игеру жұмысына Үржар ауданының комсомол жастар ұйымыда бірлесіп алқаптағы жұмысқа белсене араласқаны да газетіміздің №127 нөмірінде жазылған.[3] Келесі бір нөмірде (1958 ж №153) «Мемлекетке кемінде 30 миллион пұт астық тапсырайық» деген мақалаға қарап, егіс алқабында жүрген егіншілер мен тау-тау үйілген астық, алтын даладағы комбайндер бәрі сол тың игеру жылдарын көзіңе елестетеді. Мақалада былай делінген. «Жаңа-Семей совхозы мемлекетке бір миллион пұт астық береді. Баяу желмен желбірей қозғалып тұрған егін бір шеті мен екінші шетіне көз жеткісіз айдын теңіз дерсіз. Осынау байтақ егін қарт Ертістің толқынды жиегінен басталып, жазық даламен бірі мен бірі жалғасып кете береді. Шар өзені егінді қақ жарып Ертіске кеп құяды. 28,600 гектар дәнді дақылдан орта есеппен 10 центнер өнім алған.»-деп жазылған. [4] Осы жылдары ақын-жазушылардың мақалаларымен қатар өлеңдері де, газет беттерінде үзбей жарияланып тұрған. «Семей правдасы» газеті 1958 жыл 31 тамыз 175 нөмірінде жазушы ғалым, абайтанушы, ақын, жазушы, драматург, профессор, педагог, драматург, аудармашы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Семей қаласының құрметті азаматы, Қаз ССР гимннің бірінші авторы Қайым Мұхаметхановтың «Алтын дән» деген өлеңі жарық көріпті. Сөзін жазған Қ.Мұхаметханов, музыкасын жазған Бекен Жамақаев. Өлеңде былай дейді:
Қазақстан даласы қалы кілем жапқандай.
Алтын астық жайқалып, теңіз толқып жатқандай.
Майданда-батыр, еңбекте-ер, Ұлы Отанның ұл, қызы
Маңдай тері тамған жер-құлпырады мақпалдай.
Қ-сы: Несібе елге, ерге-атақ,
Алтын астық тасқындап.
Теңіздей толқып құйылсын
Миллиард пұт, миллиард.
Көтере алмай бастарын ырғалып тұр егін жай,
Алтын дәнді алайық, жүр барайық, қалқатай,
Көңіл-көктем, өмір жаз, достық, бірлік береке,
Шат-шадыман қалқым мәз-әр күні бір дастандай.
Алтын дәннің асқары өсе берсін аспандай,
Астықтан алтын тау тұрсын, Алатаудан асқандай.
Ант еттік отан анаға-Миллиард біздің сертіміз
Миллиард пұт-елге құт, қас қалтырап сасқандай.-деп өлең жолдары аяқталады. Газетіміздің осы санында ақын Қалихан Алтынбаевтың «Астық туралы жыр». Әміреновтың «Аттанды халқым егінге» атты өлеңдері берілген. «Аттанды халқым егінге» өлеңі былай деп жыр төгеді. Осы өлеңнен үзінді келтірсек:
Аттанды халқым егінге
Салынды тыңға сап түзеп,
Совхоздың жаңа қаласы.
Электр нұрға бөленді,
Қазақтың байтақ даласы.
Жасыл алқап, жаңа өлке,
Астыққа толы шарасы.
Ақ меруерттей алтын дән
Самсыған сай мен саласы.
Миуасы пісіп бөгіп тұр.
Гүл бақшалы ағашы.
Тартылған жолдар таспадай
Қала мен қырдың арасы.
Миллиард жарым нысана,
Егіннің қызды майданы,
Қызыл қырман базары,
Дүбірлеп еңбек қайнады,
Береке, бақыт мол астық
Халықтың жүзі жайдары
Миллиард үшін күресте
Комбайнерім алдағы.
Жеңімпаз Ленин туына
Қарайды әлем сеніммен
Бақытты Қазақстаным
Бөленген шаттық нұрына,
Шабыт берген осы күш
Ақынның өлең жырына.- дейді.[5]
Сонымен қатар мұрағатымыздың фото құжаттар қорында тың игеру ісіне байланысты фотосуреттер өте көп сақталған. Әр фотосурет егіс алқабындағы қызу жұмыстың бейнесін көрсетеді.
Міне тың игеру ісіне бүкіл Қазақстандықтар жаппай ат салысып, маңдай терлерін аянбай төкті. «Астық ел ырысы», «Нан болса әнде болады» -дейді дана халқымыз. Ия, сол тың игеру жылдарында тынбай еңбек еткен, ағаларымыз бен апайларымыздың еңбектері ешқашан ұмытылмауы тиіс, біздің мақсатымыз бір үзім наның қалай келгенін жас буынға түсіндіріп, еңбекші халықтың еңбектерін дәріптеп отыру мына біздер мен сіздердің міндеттеріміз болмақ.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
- КММ ҚЗТҚО. Қ-103,т.2,іс-1465;
- КММ ҚЗТҚО. «Семей правдасы», 1958 ж, №159;
- КММ ҚЗТҚО. «Семей правдасы», 1958 ж, №127;
- КММ ҚЗТҚО. «Семей правдасы», 1958 ж, №153;
- КММ ҚЗТҚО. «Семей правдасы», 1958 ж, №175;
Тегі, Аты, Әкесінің аты |
Қадырова Лаура Қабдылғазықызы |
Қызмет орны, Лауазымы |
КММ Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы ҒАА құжаттарды пайдалану бөлімінің меңгерушісі |
Ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы |
|
Секцияның атауы |
Алғаш тың игерушілердің азаматтық ерліктері |
Мақаланың аты |
Семейліктер егіс алқабында |
Пошта мекен жайы |
Абай көшесі, 84 |
Қала кодымен телефоны (үй,қызмет) |
87222520607 |
Е-mail |
Zdnivko-Semey@rambler.ru |
Материалдарды көрсетуге қажетті техникалық құралдар |
|
Қатысу түрі |
Баяндамамен секциялық қатысу |
|