Жариялымдар / БАҚ мақалалары

Т.Г.Қадырова. Халық ақыны Тәңірберген Әміренов

Ақынның туғанына 105 жыл

Биыл қазақтың дүлдүл айтыскер ақындарының бірі Семейдің Шыңғыс өңірінің тумасы Тәңірберген Әміреновтың туғанына 105 жыл толады.
Тәңірберген Әміренов өз заманында Семей облысына танымал түрлі Республикалық айтыс өнерінің жеңімпазы болған халық ақыны. Ақынның өміріне қысқаша тоқталып өтсек.
Тәңірберген Әміренов 1907 жылы Семей уезі, Шаған болысы, Қарабұжыр деген жерде дүниеге келген. Әкесі Әміре Тәңірберген жеті жасқа келгенде қайтыс болады. Болашақ ақынға оның өнеріне қиын балалық шағы қатты әсер етеді. Қасындағы бай-ауқатты адамдардың балаларына қарап өзінің өмірін көзіне елестетеді. Бірақ осынау кедейшілікке қарамай, қиыншылыққа төзе отырып, анасы кішкентай Тәңірбергеннің сауатын ашуды ойлайды. Осылайша жеті жасар баланы ауылдағы медресеге моллаға оқуға береді. Алғыр қызығушылығы мол бала молладан сауатын аша отырып, қосымша ауыл мұғалімі Ғ. Төребаевтан білім ала бастайды. Жазуға, оқуға үйренген ол, енді араб ертегілерімен, шығыс поэзияларымен, халық шығармашылығымен танысады. Оған Абайдың ақындық шығармашылығы қатты әсер етеді.
Қазан төңкерісінен кейін, ол ауыл шаруашылығын ұжымдастыруға ұйытқы болып белсене араласады. 1930 жылы көптеген өлеңдерін жаза бастайды. Жас ақын Тәңірберген Әміреновтың ең бірінші өлеңдері Семейдің облыстық газеттеріне баспаға жарияланады.

Ақын 1943 жылы алғаш рет Алматы қаласында өткен республикалық ақындар сайысына қатысады. Бұл туралы мұрағатта сақталған 1943 жылы 19 желтоқсанда №259 жарық көрген «Екпінді» газетіне жарияланған «Жалынды жыр - жауға оқ» деп аталатын мақалада өте айқын жазылған. Осы ретте жазылған мақаланың арасынан біраз үзінділерді оқырман қауымның назарына ұсындық. Үзінділер еш өзгертусіз өз қалпында жазылды. Жазылған мақаланың авторы К.Шамкин.
«17 декабрь. Бұл күні Семей жұртшылығы түгел жиналды десе де болар еді. Қазақ театрының ұшаң теңіз кең залында ине шаншар бос жер қалған жоқ. Мұнда Жаңа - Семейдің, Затонның адамдары да келді. Ертістің аржағындағы таяу колхоздардан келгендері де бар. Көп жүрмейтін қарттар да бұл күні үйде жата алмай, таяғына сүйеніп театрға келді. Елдің бойын билеп, ынтасын баурап әкеткен бұл күш қазақ халқының ежелгі елдік мұрасы, қазіргі заманда қайта туған халық ақындарының айтысы еді.

Кеше 4 күндей астанамыз Алматыда халық ақындарының республикалық айтысы болды. Республиканың 20 дан аса халық ақындары-асыл сөздің өрен жүйріктері қазақ халқының соғыс күндеріндегі ерлік істерін жырлады, табысын ортаға салды, кемшілікті сынап, мінеді. Міне осы республикалық айтыстан бірінші орын алып қайтқан Қарағанды мен Семей облыстарының халық ақындары бүгін Семей жұртшылығымен бас қосқалы, айтыста бірі-бірімен қалай шайқасқандарын Семей жұртшылығына айтып бергелі отыр. Кеш республикалық айтыстың қорытындысы туралы Қазақстан Совет жазушылар одағының президиум мүшесі жазушы Ғабит Мүсірепов жолдастың баяндамасымен басталды. Кештің екінші бөлімі айтысқа арналды. Айтысты Қарағандының халық ақыны Майасар Жапақов бастады. Айтыстың ақырғы бөлімі екі елдің мәдениет жөніндегі табыстарына, елдің майдандағы, тылдағы батырларының ерлігіне арналды. Бұл бөлімге айтысқа Қарағанды облысынан халық ақыны Жолдыкей Нұрмағамбетов пен Семей облысынан халық ақыны Тәңірберген Әміренов түсті. Олар екі елдің мәдениетін, ел қорғап майданда жүрген батырларын, тылдағы ерлерін тамаша, әсерлі жырмен жырлады, мадақтады, шалқыған мәдениетін мақтан етті. Айтыста екі облыстың ақындары да көркем сөздің асқан шеберліктерін көрсетті. Сөйтіп, бұл айтыс Семей жұртшылығын бір серпілтіп тастады, кемшілікті жоюға құлшындыра жұмылдырды. Кештің қорытындысында республикалық айтысқа қатысқан Қарағанды, Семей облыстарының халық ақындарына сый беру жөнінде еңбекшілер депутаттарының Семей облыстық советі атқарушылық комитетінің шешімі жарияланды. Қарағанды халық ақындары Шашубай Қошқарбаевқа, Майасар Жапақовқа, Жолдыкей Нұрмағамбетовқа, Көшен Елеуовке, Семей облысының халық ақындары Нұрлыбек Баймұратовқа, Төлеу Көбдіковке, Сапарғалы Әлімбетовке, Тәңірберген Әміреновке бағалы сыйлықтар тарту етілді.»- деп жазылған мақалада.

Жазылған мақаланың мазмұнына қарасақ біздің қазақ халқының ежелден келе жатқан айтыс өнерінің кең дамығанын, оны қарапайым халықтың аса бағалап қошемет көрсетіп ақындарға шабыт беріп отырғаны айтылады.
Газетіміздің ендігі нөмірінде 1943 жыл № 266 29 желтоқсан «Асыл сөз, тасқынды жыр жеңіс үшін» деп жазылған Қарағанды мен Семей облысының ақындарының айтысқан жырлары берілген, онда Тәңірберген Әміренов пен Қарағандылық ақын Жолдыкей Нұрмағамбетовтың жырлары жазылған. Тәңірберген ақынның жырына қарасақ, онда ақын қасиетті Семей жерін аса толғаныспен жырлайды.

Мысалы:  Семейім ақыл, ойдың, сұлу жырдың
Ошағы болған орда ой мен қырдың
Адамды адам, сөзді сөз жетектейді,
Сондықтан кілтін аштым терең сырдың
Арғы, бергі заманда ғасыр бойы,
Қараңғы надан күнде елдің ойы.
Ең асыл мәдениет саласының
Семейде басталған ғой ұлы тойы.
Жоғары дәрежелі үш мектептен,
Ғылымға ие болып көп жас жеткен
Көп жұлдыздың ішінде толған айдай
Абайдың мектебі бар салып кеткен.-деп жазады.

Газетіміздің 1943 жыл 15 маусым (№124) Ақынның «Салтанат туы» атты өлеңі жарық көрген екен. (Қысқаша үзінді). Онда былай делінген:
Біз қазақ малды бағып малды сүйдік
Жүнін шекпен, терісін тон қып кидік
Шілденің саршатамыз ыстығына
Шаңырқан мал соңында күнге күйдік.

Ата кәсіп мұрамыз мал өсірмек
Дәулеті мен шаттанып дәурен сүрмек.
Жусағанда жантайып қоса жатып,
Өргенінде өрісте бірге жүрмек.

Түн болса төрт түлікті шыр айналып,
Жағы сенбей қорйтын айғай салып.
Ұры менен бөріден аман сақтап
Ұзақ таңға мызғымас биттей талып.

Төлдерін киімге орап баласындай,
Өсірген тәрбиелеп анасындай.
Бота, бұзау құлынмен қозылардың
Жетпей туған мал қылдық шаласындай.

Жеңістен неге аяймыз мал мен жанды,
Сарқамыз Отан үшін тамшы қанды!
Ет пен май, құрт, ірімшік мыңдап вагон,
Ақ бидай тиетеміз алтын дәнді.

Кемелім Қазақстан мақтанарлық,
Толықсып кезім келді шаттанарлық.
Елімнен Мәлік сынды герой туды
Талқандап жау қамалын аттанарлық.
Халық ақыны Т.Әміренов

Жалпы ақынның поэтикалық шығармашылығы өте кең және жан жақты болған. Оның өлеңдері мен айтыс жырлары тек «Екпінді» газетінде ғана емес сол секілді «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Ертіс», «Семей таңы», және «Жұлдыз » журналына да үзбей жарияланып тұрды. Сонымен қатар өлең шығармалары «Ақын өлеңдері», «Айтыстар», «Жұмбақ тас», «Жол мұраты» т.б кітаптарда да жарық көрген.
Тәңірберген Әміреновтың өлеңдері талай әдебиетшілер мен өлеңге қызығушылық танытқан барлық оқырман қауымның жүрегінен шықты.

 

Қазіргі заман тарихын
құжаттандыру орталығының
археографы Л.Қ Қадырова

 

Парақтар өзгертілді: 06-11-2012