Жариялымдар / БАҚ мақалалары

Мұрағаттың соғыс жылдарындағы газеттері сыр шертеді.... Жеңіске 65 жыл

1941 жылы Неміс-фашист басқыншылары аяқ-астынан бейбіт Кеңес еліне соғыс ашқан еді. Бұл сұм соғыс талай елді зарлатты, балалар жетім қалды, әдемі қалалар, мыңдаған зәулім үйлер қирады, талай отбасы асыраушысынан айырылды. Дүрсілдеген мылтықтың дауысы, атылған бомбалар,  қан-жоса солдаттар, тізілген танктер мұның бәрі біздің батыр ардагерлеріміздің есінде мәңгілікке қалды. Осындай жан түршігерлік соғыс жылдарында, барлық күшін аянбай, өз өмірлерін құрбан етіп Отанын жаудан азат етуге, өздерінің балалары, немерелері, шөберелері яғни біздер үшін, болашақ ұрпақ үшін терін төккен батыр, жауынгер ағаларымызға, апаларымызға бас иіп, тағызым етеміз.
Бұл соғыс барлық отбасына қатысты болды. Себебі аталарымыз бен әкелеріміз майданда Отанын қорғаса, ал апаларымыз, әжелеріміз, аналарымыз тылда еңбек етіп, майданға киім-кешек, дәрі-дәрмек, тамақ т.б жіберді. Осылайша ақырғы демі қалғанша соғысып, тылда аянбай еңбек еткен, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ешқандай ұлтқа бөлінбей, бір жапырақ нанды бөліп жеген қарт жауынгер бабаларымыздың еңбегінің арқасында Отанымыз жаудан азат етілді.
Мұрағатымызда сақталған 1941, 1942, 1943, 1944, 1945  жылғы Семей облыстық «Екпінді» газетіне (қазіргі Семей таңы) шолу жасағанда жергілікті тілшілердің мақалаларымен қатарлас, майданда жүріп газетке жіберген жауынгер тілшілеріміздің әңгімелерін, өлеңдерін көптеп кездестірдік.
Осы жылдардағы жазылған барлық мақалалардың бастапқы тақырыбы соғысқа қатысты болған. Олардың барлығын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес, сондықтан арасындағы біраз деректерді жазып, оқырман қауымға ұсынып отырмыз.  

«Екпінді» (1943 жыл, 1 тамыз, №159) газетінде Жазушы Әзілхан Нұршайықовтың майданнан жазған «Семей жігіттері 1. Алматыдан аттанғанда, 2. Наградтылар»-деп аталатын мақаласында:

Жеңіспен туған елге келеміз сау,
Сенім мол, сескенбейміз, құриды жау.
Кеудеде жарқыраған ордендермен
Қарсы алар бәрімізді ұлы Алатау.

.....Бұлар Алматыда танысты. Барлығы да жаңадан құрылған ІІ-ші қазақ құрамасына жауынгер болып келді. Мектептен, қызметтен келген жастар көңілді де, ерекше жігерлі де. Солардың ішінде ұзын бойлы, аққұбаша келген денесі талдырмаш Бимурзин Әбдірахман мен орта бойлы дембелшелеу келген отша жайнап тұрған комсомолец Рымбек Байсеитов ерекше көңілді жігіттер болып шықты. Олар сабақтан соңғы барлық думанды бастаушылар жақсы әнші, гармоншылар, бишілер болды. Бұларға өткір тілді, қалжың күлкінің шебері Хусайын Кәкібаев қосылды.
Бұлар алғашқы кезде мінез жағынан бір-біріне ұқсап, бірін бірі ерекше дос тартқандарымен, өздерінің қай жерден келгендерін сұраспаған болатын. Артынан жөн сұрасып, барлығы да Семей облысыныкі екенін білгеннен кейін олардың достығы бұрынғыдан да нығая түсті.
Семей жігіттері әскери және саяси дайындықтан үздік болды. Олар аз мерзімнің ішінде өз қаруларын жете білді. Сондықтан да бір бөлімшедегі Семей жігіттерінің бесеуінің үшеуі «Отличник РККА» белгісімен наградталды. Олар Байсеитов Рымбек, Семейденов Әділхан, Какібаев Хусайын болатын. Мұқанәлі Омарбаев пен Әбдрахман Бимурзин наградталған жолдастарына «біз соғысқа барғанда орденді бірақ тағамыз мақтанбай-ақ қойыңдар достарым» деп қалжыңдап күлетін.
Олар бірнеше ай дайындалды. Әскери тұрмыста бірге күлісіп, бір шынықты, көңілді жігіттер майданға да бірге аттанды. Майданға қарай жүйткіген поезд ішінде олар өздерінің шырқап салған әндерімен қарт Алатауға қош айтып, қол сермеді.

                               Біз тұлпар, тізгін сізде ал Алатау
                               Жауыңа қаһарыңды сал Алатау
                               Ашып айт, сескенбейміз, орындаймыз
                               Ойыңда қандай тілек бар Алатау.
                                Жау жетпес даланың ор құланымыз
                               Оқ тимес таудың жүйрік бұланымыз,
                                Аттанған отан үшін күн шығыстан
                                Жауынгер қазақтың жас ұланымыз.
                                Алып күш айқасулы құрыш білек
                                Бір мақсат бәрімізде жалғыз тілек
                                Жан құрбан отан үшін, тартынбаймыз
                                Айнымас алған серттен адал жүрек.

ІІ. Наградтылар

      Семей жігіттері майданда да үздік ерліктер көрсетті. Олар совет жауынгерлерінің бойына біткен батылдық пен табандылық көрсетіп, талай  ұрыстарда өзгелерге өнеге болды.
Қазір олардың кеуделерінде ордендер мен медальдар жарқырайды. Қазірде төрт семейлік ер жігіт майданда немістерге аяусыз соққы беруде. Қыс қатты аязды күннің бірінде немістер шабуылға шықты. Немістердің күші бізден үш есе басым еді. Жау көптеген танк жіберді. Жалғыз Бимурзин мен Омарбаевтың өзі ғана немістің отыз танкісіне қарсы шықты. Бұл ұрыста олар жаудың 5 танкісін өртеп, бір батальонға жуық әскерін қырып салды. Бұл күні Бимурзин ерлікпен қаза тапты. Солкүні жаудың 3 танкісін Байсеитов те қиратып шықты. Ертеңінде досы Бимурзин мен Какібаев жаудан кегіңді аламыз деп ант етті. Сол күні Какібаев жаудың бір танкісі мен бір өзі жүретін зеңбірегін жойды, Семейденов бір ауыр танк, бір зеңбірек жойып және дұшпанның келесі күні бір дзотын талқандады.
Бимурзин отан соғысы орденінің бірінші дәрежесімен наградталды. Омарбаев пен Байсеитовтің кеудесінде екінші дәрежелі отан соғысы ордендары, Семейденов пен Какібаевта күміс медальдар жарқырайды. Олар өздерінің туған ел, өскен жері үшін соғысады. Олар өздерінің көркем Ертіс, көрікті Семейі үшін күреседі.
Семей жігіттері ең ақырғы немісті құртқанға шейін аянбай ұрысып, жауды қыра бермек.
Әзілхан Нұршаихов
Майдандағы Армия
деп жазылған.
Ал газеттің 1943 жыл 26-шы қыркүйек 199 нөмірінде жарық көрген Әзілхан Нұршайықовтың кең көлемде жазылған «Алғыс» деп аталатын мақаласының басында «Екпінді» редакциясының «Оқушылардың есіне»-деген айдарымен берілген үндеуі жарияланған.
Онда, «Әзілхан Нұршаихов жолдас Семей облысы Жарма ауданының жігіті. Ол жас жазушы. Майданға барғаннан бері редакцияға үзбей хат жазып, әңгімелерін, өлеңдерін жіберіп тұрады. Әзілханның сан шығармалары газетімізде басылды. Ол майдандағы ерлік істері үшін «Батырлығы үшін» медалімен наградталған.
«Екпінді» редакциясы коллективіне жазған хатында Нұршаихов жолдас былай дейді:
«Мен қазір Батыста, ұрыс болып жатқан жерде отырмын. Әрине туған жерімді-Шығысты сағынбайды емеспін, сағынамын. Сондықтан Сіздер арқылы елге сағыныш сәлемдемесін-«Алғыс» деген әңгімемді жіберіп отырмын. Бұл Отан соғысы туралы ұзақ еңбегімнің бастамасы ғана. Қазірде  атыс жоқ, тыныштық. Күн жауып тұр.  Мен төбеме плащ-палаткадан шатыр құрып-ап сіздерге хат жазудамын. Атыс араларындағы үзілістерді пайдаланып жазып шыққан әңгімемді сіздерге жіберуге асығудамын».
Жерлесіміз Әзілхан Нұршаиховтың «Алғыс» деген ұзақ әңгімесін бүгіннен бастап газетімізде жазып, оқушыларымызды таныстыруға ұйғардық».
Жазушының  бұл мақаласы үлкен 8 бөлімнен тұрады екен. 1.Майдан жолы. 2. Харьков үшін. 3. Дұшпанның батареясы жойылды. 4.Сен де Бимурзиндей бол. 5. Рахмет, жігіттер, рахмет. 6.Алғыс. 7. Шағылған қазан ошақ. 8. Почтальон.
Мұрағатымызда сақталып, қазақ тілінде жарық көрген «Екпінді» газетінің екі бетін толықтай қамтып тұрған жазушы Әзілхан Нұршайықов ағамыздың бұл мақаласы, соғыс кезіндегі жаумен айқасқан қазақ жауынгерлерінің майдандағы өмірін толық көрсетеді.
Газеттегі осы іспеттес мақалалардың келешек ұрпаққа беретін мәні өте зор. Бұл тарих.
Сонымен қатар мұрағат қорында «Соғыстан келген хаттар» құжаттар топтамасында Ә. Нұршайықовтың «Біз Берлинге барамыз. (Достарға хат)» деп аталатын 8 шумақтан тұратын өз қолымен жазған өлеңінің түп нұсқасы сақталуда. Өлеңнен үзінді келтірсек:

                                  «Талқандауға такаппар тас, кірпішін
                                   Күйретуге зұлымдық қара күшін
                                   Азаттық пен еркіндік мәңгі баян
                                   Үстем болып өмірде тұру үшін.

                                   Біз Берлиннің өзіне барамыз нақ
                                   Достарым құлақ салып сөзіме бақ
                                   Әзір кетіп барамыз жасап жорық
                                   Болуымыз Берлинде түбінде хақ

                                   Бақыттың құшағында ер жеткенбіз
                                  Даңқымызды дүниеге өрлеткенбіз
                                  Қаза тапқан достарға кеше жаудан
                                  Барамыз деп Берлинге ант еткенбіз»

Майдандағы армия 1944 ж.

Соғыста қаза болған ата-бабаларымыздың ерлігін мәңгі есте сақтау, олардың рухына бас иу, соғыс, еңбек ардагерлерінің құжаттарына, газет материалдарына қарап өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу, ал ең бастысы қазақ жерінде бейбітшілік пен ауыз бірлігімізді сақтау біздің, әр-бір қазақ азаматының адамгершілік, азаматтық борышы болмақ. 

 

Лаура Қадырова
ШҚО Қазіргі заман тарихын құжаттандыру
орталығының қызметкері.

 

Парақтар өзгертілді: 17-06-2011