Жариялымдар / БАҚ мақалалары

Ұлы Жеңіске 65 жыл Мұрағат деректерінен ...

Биыл Ұлы Жеңістің 65 жылдығын тойлаймыз. Бұл айтулы дата миллиондаған адамдар үшін салтанатты да қайғылы болып келеді, ХХ ғасырдың ортақ тағдыр тәлкегіне ұшыраған және миллиондаған адамдардың өмірін қиған аса ауыр құбылыс.

93 мыңнан аса семейліктер Ұлы Отан соғысы жылдарында қолдарына қару алып Кеңестік Отанды қорғауға қатысты. Семей облысының 30 мың  жауынгері КСРО-ның ордендері мен медальдарының иегері болса, сонымен қатар 50 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
ШҚО Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы Ұлы Отан соғысына қатысқан біздің жерлестеріміздің ерліктеріне айғақ болатын көптеген құжаттарды сақтап отыр.

Мемлекеттік сақталуда Ұлы Отан соғысына қатысушылар коллекциясы, Кеңес Одағы Батырлары: Н.Н. Силиннің, А.А. Ибраевтың, Ж.А. Молдағалиевтің, Г.А. Баздыревтің, М.М. Медведевтің, Сталинград қаласын қорғауға қатысқан Ф.Г. Пересыпкиннің, Берлин қаласын алуға қатысқан С.Г. Князевтің, партизан қозғалысына қатысушылардың Ю.П. Төлегенева мен К.П. Вахниннің және т.б. жеке қорлары бар.
Сондай-ақ, соғыстан кейінгі Қазақстанның дамуына орасан зор еңбек сіңірген ардагерлердің құжаттары да сақталған.
Осы жеке қорларда жинақталған құжаттардың құндылығы сол, онда әскери марапатқа ұсыну үшін жазылған марапаттау парақтары, Ұлы Отан соғысы кезеңінде туған-туыстары мен жақындары арасындағы қатынас хаттар, соғыс жылдарының фотосуреттері, ардагерлердің соғысқа дейінгі, соғыс жылдарындағы, соғыстан кейінгі кезеңдегі қызметтерін көрсететін құжаттардың бар болғандығында.
Төменде, мысал ретінде ШҚО Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының мемлекеттік сақталуындағы үлкен тарихи құнды құжаттардың тек кейбіреуі ғана беріліп отыр.

Ғабдулғазиз Ғайнутдинович Ахмеров 1942 жылы майданға өз еркімен аттанды. 114-ші әуе-десанты дивизиясының құрамында Венгрия, Австралия, Чехословакияны азат ету ұрыстарына қатысты. Қорда өзінің сүйіктісіне жазған хаттары бар.
Отан соғысының ІІ дәрежелі ордені кавалері Иван Степанович Алейкин Украинаны, Венгрияны азат етуге қатысқан. Соғыстан кейінгі кезеңде Семейдің ұн-құрама жем комбинатының директоры, Қазақ КСР-нің нан тағамдары министрі орынбасары қызметтерін атқару барысында соғыстан кейінгі Қазақстанның дамуына үлкен еңбегі мен білімін сіңірген. 2006 жылы «Судьба и время» атты биографиялық повесін жазды.

Қабдырахман Ақатайұлы Самаев, Бесқарағай аудандық комсомол комитетінің қызметкері, 1941-1945 жылдар аралығында Степной, Брянск, Белорусск майдандарында соғысқан, Польшаны, Чехословакияны азат етуге қатысқан. Соғыстан кейін Семей облыстық баспа басқармасының бастығы болып қызмет атқарды.

Семен Гаврилович Князев 1194-ші гаубица-артиллериялық полкінің жүргізушісі болды. Варшаваны, Белоруссияны азат етуге, Рейхстагқа басып кіруге қатысты. Қор құжаттарында Беларусь Республикасы Президенті А. Лукашенконың жазған алғыс хаты бар.
Федор Григорьевич Пересыпкин жеке пулеметші-артиллериялық батальоны штабы бастығының бірінші көмекшісі болды, Орталық, Белорусск, Прибалтика майдандарында соғысты, Сталинградты қорғауға қатысқан.

Асылхан Тобылдыұлы Бекбаев 1942 жылы авиациялық техник әскери мектебін бітіргеннен кейін 13-ші атқыштар полкінде 1-ші әуе армиясына қабылданды, 3-ші Белорусск майданында соғысты, Белоруссияның, Прибалтиканың территорияларын немістерден азат етті. Соғыстан кейін ширек ғасыр бойы Семейдің педагогикалық училищесінің директоры қызметін атқарды.
Мұрағатымызда сақталған 1941, 1942, 1943, 1944, 1945 жылғы Семей облыстық «Екпінді» газетіне (қазіргі Семей таңы) шолу жасағанда жергілікті тілшілердің мақалаларымен қатарлас, майданда жүріп газетке жіберген жауынгер тілшілеріміздің әңгімелерін, өлеңдерін көптеп кездестірдік.
Осы жылдардағы жазылған барлық мақалалардың бастапқы тақырыбы соғысқа қатысты болған.
«Екпінді» (1943 жыл, 1 тамыз, №159) газетінде жазушы Әзілхан Нұршайықовтың майданнан жазған «Семей жігіттері 1. Алматыдан аттанғанда, 2. Наградтылар»-деп аталатын мақаласы, 1943 жыл 26-шы қыркүйек 199 нөмірінде жарық көрген  «Алғыс» деп аталатын мақаласы, соғыс кезіндегі жаумен айқасқан қазақ жауынгерлерінің майдандағы өмірін толық көрсетеді.
Газеттегі осы іспеттес мақалалардың келешек ұрпаққа беретін мәні өте зор. Бұл тарих.

Сонымен қатар мұрағат қорында «Соғыстан келген хаттар» құжаттар топтамасында Ә.Нұршайықовтың «Біз Берлинге барамыз. (Достарға хат)» деп аталатын 8 шумақтан тұратын өз қолымен жазған өлеңінің түп нұсқасы сақталған. Өлеңнен үзінді келтірсек:

                        Талқандауға такаппар тас, кірпішін
                        Күйретуге зұлымдық қара күшін
                        Азаттық пен еркіндік мәңгі баян
                        Үстем болып өмірде тұру үшін.

                         Біз Берлиннің өзіне барамыз нақ
                         Достарым құлақ салып сөзіме бақ
                         Әзір кетіп барамыз жасап жорық
                         Болуымыз Берлинде түбінде хақ

                         Бақыттың құшағында ер жеткенбіз
                         Даңқымызды дүниеге өрлеткенбіз
                         Қаза тапқан достарға кеше жаудан
                         Барамыз деп Берлинге ант еткенбіз

                        Майдандағы армия 1944 ж.

Соғыста қаза болған ата-бабаларымыздың ерлігін мәңгі есте сақтау, олардың рухына бас иу, соғыс, еңбек ардагерлерінің құжаттарына, газет материалдарына қарап өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу, ал ең бастысы қазақ жерінде бейбітшілік пен ауыз бірлігімізді сақтау біздің, әрбір қазақ азаматының адамгершілік, азаматтық борышы.
Қазір ортамызда санаулы ғана қалған ардагер қарт аталар мен ақ жаулықты әжелерімізді Ұлы Жеңістің 65 жылдығымен құттықтаймыз! Дендеріңізге саулық, бақытты ғұмыр тілейміз. Соғыс болмасын, аспанымыз ашық, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын.

ШҚО Семей қаласы Қазіргі заман тарихын
құжаттандыру орталығының
қызметкері Лаура Қадырова

Парақтар өзгертілді: 17-06-2011