Т.М.Мусин 1907 жылы Семей облысы Абай ауданы Қайнар селосында дүниеге келді. Бастауыш білімді ауылда алған ол, 1921 жылы Семей педагогикалық техникумына оқуға түсті. Оқуын аяқтағаннан кейін, бір жыл бойы Қарағанды облысы Қарқаралы қаласындағы ересектер мен шаруа жастары мектебінде мұғалім болып қызмет жасады. Ол 1929 жылдан бастап 1932 жылға дейін Орта Азиялық мақта институтының дақылдарды игеру факультетінде (Ташкент қ.) білім алады. Агроном-диқаншы мамандығын алған оны, басқа да үздік бітірген студенттермен қосып Мәскеуге аспирантураға оқуға жібереді, бірақ жарты жылдан кейін Әзербайжан КСР-ның Нариманов атындағы ғылыми-зерттеу совхозына техникалық дақылдар бойынша агротехник ғылыми қызметкері ретінде шақырылады.

Т.М.Мусинді 1933 жылы Қазақ КСР Халықтық жер комитетінің өтінішімен Семей облысы ауыл шаруашылық басқармасына жұмысқа ауыстырады, онда ол алдымен агроном, кейін егіншілік секторының бастығы қызметін атқарды. 1934 жылдан бастап оқытушылық жұмысына көшті: жоғарғы коммунистік мектебінде химия, физика кафедрасының меңгерушісі, оқу бөлімінің меңгерушісі, кейін Семей педагогикалық училищесінің директоры болды. Т.М.Мусин педучилищедегі  басшылығымен қоса  Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институтында,  геологиялық барлау және ауыл шаруашылық техникумдарында химиядан сабақ беруді қатар алып жүрді.

Ұлы Отан соғысы басталғанда, 1941 жылдың қараша айында өз еркімен Кеңестік Әскер қатарына шақырылып, Хабаровск қаласындағы Қиыршығыс әскери округінің штабына жіберіліп, 185-атқыштар полкінің саяси жетекшісі болып жұмыс істеді. 1942 жылы Мәскеуге ЖШҚӘ Әскери-заң академиясына жіберілді, оны бітіргеннен кейін 1945 жылға дейін Мәскеу және Орта Азия әскери трибуналдарының жедел қызметкері, Алматы облысы НКВД әскерлері және Қырғыз КСР НКВД әскерлері әскери трибуналдарының мүшесі болды. Соғыстан кейін Төлеужан Мұсаұлы Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, Семей қаласының мал шаруашылығы станциясында ғылыми қызметкер, Семей мал дәрігерлік институтының ұсақ мал шаруашылығы кафедрасының аға оқытушысы және доценті болып қызмет атқарды.

1961 жылдан 1978 жылға дейін, зейнеткерлікке шыққанша Целиноград қаласындағы экономика және ауыл шаруашылығын ұйымдастыру Қазақ ғылыми-зерттеу институты филиалының мал шаруашылығы салаларындағы экономика бөлімінің ғылыми қызметкері және меңгеруші болып қызмет атқарды.

Т.М.Мусиннің еңбегін Отаны жоғары бағалады. Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны Жеңгені үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл құрметіне Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. Қазақстан экономикасы мен ғылымының дамуына қосқан көп жылдық еңбегі үшін «Қазақ КСР еңбек сіңірген зоотехнигі» құрметті атағының иегері болып, «Еңбек Ері», «Тың жерлерді игергені үшін», «Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысушы», көптеген төс белгілерімен, құрмет грамоталарымен марапатталған.