«Елбасы-ұлы Семей жерінде»
1 желтоқсан «Тұңғыш президент» күні
Ел басымыздың Қазақ елі үшін жасаған ерен еңбегі ұшаң теңіз. Егеменді еліміздің тәуелсіз мемлекет болуын армандап кеткен, қазақтың нар қасқа қайраткерлерінің арманы орындалып Қазақ елі тәуелсіз мемлекетке айналды. Тәуелсіздік туын алға ұстап еліміздің басшысы болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Осындай қуанышқа бөленген қазақ жұртының қуанышында шек болған жоқ. Оған бүкіл Қазақстандықтар куә.
Ең алғашқы рет 1991 жылы қараша айында Елбасымыз Ұлы Абай еліне келіп халықпен жүздесіп Абай елінің ақ батасын алған, ал президенттік таққа отырған кезінде біздің жерлесіміз республиканың халық ақыны Шәкір Әбенов атамыз өз батасын беріп иығына шапан жапты. Бұл да Семейліктер үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш. Содан бері міне 25 жылдың жүзі болды, біздің Президентіміз өз халқына адал қызмет жасап халқының алғысына ие.
Еліміздің тыныштығын, бірлігін сақтап келе жатқан Елбасымыздың Семей шаһарына сапары қаламыздың өркендеуіне аса зор үлес қосты.
Ұлы Абай, Шәкәрім сынды дарындар дүниеге келген Семей шаһарына Елбасының 1995 жылы халқымыздың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы және философы Абай Құнанбаевтың 150 жылдық мерейтойына ат басын тіреді. Ұлы ақынның шығыс сәулет өнері нақышымен салынған мұражайдың салтанатпен ашылу рәсімінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көлденең тартылған лентаны қиып, ғимараттың босағасын бірінші болып аттады.
Осы кезде Президент «Абайдың мерейтойы біздің еліміздің сан этникалық қоғамын және бәрінен бұрын қазақ халқының өзін одан әрі тұтастыру да факторы болуға тиіс.»-деп атап айтқан болатын. Бұл туралы архивте сақталған «Семей таңы» газетінде айқын жазылған.
Ертіс бойындағы көпірдің наурызда алғашқы тасы қаланды. Оны Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев салды. Осы салтанатты жиында Елбасының сөйлеген сөзінде:
«Семей облысы – экономикалық реформа жүргізудегі лидер болды» деп атап көрсетті. Семейге мұндай жоғарғы баға беруі қала халқының мерейін асқақтатып тастады.
2000 жылы ғасырдағы ғажайып құрылыстардың бірі, халықтың ертеңнен күткен үмітіндей болған, Ертіс өзенінің бойындағы аспалы көпір құрылысы аяқталып, көпірдің ашылу салтанатында киелі жерімізге Елбасы Н.Ә.Назарбаев тағы бір мәрте ат басын тіреп, арнайы келген еді.
Семей жұртшылығы бұл қуанышты асыға тосты. Ертіс өзені арқылы өтетін, Сол жағалау мен Оң жағалауды ғана емес, Оңтүстік пен Солтүстікті, Батыс пен Шығысты, яғни төрт дүниені бір-біріне жалғастырып, бүкіл тіршілік әлемінің күре тамыры іспеттес рөл атқаратын алып та әдемі, ғажап сұлу көпір өмірге келді. Қазір де осы ғажайып аспалы көпіріміз Семей қаласының символы ретінде көрінеді.
Осы айтулы мерекеде Елбасымыз: «Бүгін ел тарихында айтулы күн, ерекше қуанышты күн! Бұл бүкіл ТМД елдеріндегі ең үлкен құрылыс. Бұл екі жағалауды ғана қосып тұрған жоқ, бірнеше мемлекеттерді жалғап жатыр. Бұл ұлы достық көпірі. Көпірді салуға біздің достарымыз жапонның «ІНІ» және туркияның «Алсим Аларко» компаниялары бізге зор көмек көрсетті. Шын жүректен алғысымызды айтамыз.
Биік аспалы көпір Семей қаласының мәртебесін асқақтата көтеретін үлкен сәулет өнерінің туындысы. Бұл көпір үш мыңжылдықта халық игілігіне қызмет ететін болады,-деп сөзін аяқтады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Жапонияның «ІНІ» компаниясының менеджері Томишицу Мацузава-сан Ертіс өзені арқылы өтетін алып көпірдің лентасын қиып, ұлы достық жолын ашты! Аспалы көпірден Елбасының көлігі бірінші болып өтіп, оң жағалауға келді.
Араға жеті жыл салып 2007 жылы 16 маусым күні Елбасымыз Семейге жұмыс сапарымен келді. Семейге сапарын алдымен Семей мемлекеттік Медицина академиясынан бастап, студенттермен болашақ маман иелерімен кездесіп, жылы лебізін білдірді.
Одан кейін Абай ескерткішіне гүл шоғын қойып, Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері мұражайын аралады. Абай атындағы қазақ-музыкалық театрында Н.Назарбаевтің қатысуымен Шығыс Қазақстан облысы активінің жиналысы өтті. Елбасы басқа мемлекеттерге барғанда өзіндік тарихы бар қаланың «Семипалатинск» деген атауы ядролық полигонмен байланысы бар, экологиялық апат өңірі ретінде үрей тудыратынын, сол себепті инвесторларды тарту мүмкін еместігін тілге тиек етіп, қала атын «Семей» деп атауды ұсынды.
Елбасы ұсынысын барша қауым бірауыздан қолдап. Қаламызға ресми түрде «Семей» деген атау берілді.
2009 жылы 18 маусым күні Елбасы Н.Назарбаев облысымызға тағы да арнайы іссапармен келіп, алдымен киелі Семей шаһарына атбасын тіреді. Бұл күні Елбасының қатысуымен Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 20 жыл толуына орай 20 мыңнан астам халықтың қатысуымен қалалық шеру өткен. Президент «Өлімнен де күшті» монументіне гүл шоғын қойып, тағзым етті. Бірінші болып сөз алған Елбасы полигон тарихына тоқтала келе былай деген:
« Ардақты ағайын! Ханымдар мен мырзалар!
Бүгін еліміз үшін айтулы оқиғаны атап өткелі отырмыз. Осыдан 20 жыл бұрын әлемдегі ең ірі Семей полигонында соңғы рет ядролық сынақ жасалған еді. Менің жарлығыммен Семей сынақ алаңының жабылғанын жақсы білесіздер. Бірақ бұл оңайға түскен жоқ. Оған біз халқымыздың қайсарлығы мен күш жігерін, ауызбірлігі мен жылдар бойғы табанды іс қимылының нәтижесінде қол жеткіздік. Полигонды жабу егемендігіміздің арқасында жүзеге асты».
25 жылдық тарихы бар Егеменді елімізді дүние жүзіне паш ететін тарихи оқиғалардың барлығы Ел басымыздың бастамасымен жүзеге асты. Тұңғыш Ата заңымыз қабылданып, елтаңбамыз, әнұранымыз, туымыз көкке самғап ұшты. Ана тіліміз мемлекеттік тілге айналды. Қасиетті қарт Семейдің қасіретіне айналған ядролық сынақ жойылып, халықтың арманы орындалды. 1991 жылы тамыздың 29-ында «Семей ядролық полигонын жою туралы» президентіміз Н.Ә Назарбаев жарлыққа қол қойып, шешім шығарды.
Қаламыздағы Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында сақталған құнды құжаттар арасында Семей полигонын жабу туралы тарихи маңызы зор құжаттардың түп нұсқалары сақталған. Р-103, т. 73, іс.24 қордың атауы (Семей облыстық Қазақстан коммунистік партиясы комитеті). Құжатта Қазақстан коммунистік партия комитетінің бірінші хатшысы болған Кешірім Бозтаевтың Нұрсұлтан Әбішұлына жазған хатының түпнұсқасы сақталған. Хаттың мазмұнында былай делінген: «Аса қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің Қазақ елінің тұңғыш президенті болып сайлануыңыз бүкіл Семей облысының тұрғындарын серпілтіп тастады. Мен сіздің басшылығыңызбен біздің республикамыз әлеуметтік-экономикалық және саяси жағынан алға жылжитынына кәміл сенемін. Менің бүкіл Семей халқының атынан сұрайтыным, Семей полигонын жабуға көмектессеңіз екен. Бұл ядролық жарылыс адамдардың өміріне және экологияға қауіп төндіріп тұр. 29 сәуір 1990 жыл». Осы хаттың қысқаша мазмұнына қарасақ біздің елбасына сол кезде Қазақстанның болашағының мықты аяғынан тұратынына сеніммен қарағандығын және қазір сол сенімнің ақталғанын көріп куәгер болып отырмыз.
Қаламызға егеменді еліміздің Президенті, көреген Елбасы, әлем таныған саңлақ саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің келуі біз үшін үлкен құрмет десек, артық айтпаспыз.
Осы уақыт аралығында еліміздің жеткен жетістіктері, биік асулардан көрінгені көп ұлтты мемлекетіміздің ынтымақтастықта өмір сүріп жатқандығы Елбасымыздың атқарған ерен еңбегі деп білеміз.
Тәуелсіз Қазақстанымыздың туы биіктен көрініп, қазақ қырандары көкте самғап ұшып, жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға шарықтай түсетініне бәріміз сенеміз.
Бүкіл Қазақстандықтардың мерейін үстем еткен, еліміздің тыныштығын ойлап, дамыған елдердің қатарында көрінуімізге бар күшін салған, Қазақстан Республикасының өсіп-өнуі жолында еңбек етіп келе жатқан елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына мықты денсаулық тілеп, «қазақ» деген елімен бірге жасай беруін тілейміз!
Қазіргі заман тарихын
құжаттандыру орталығы КММ
құжаттарды пайдалану бөлімінің
меңгерушісі Л.Қ. Қадырова
|