Жариялымдар / БАҚ мақалалары

Москваны азат етуге қатыстым

Бүгін біз қан майданда Отанын қорғауға аттанған, қазір арамызда жоқ батырларды еске аламыз. Ия, олар Отанын жаудан азат етті.
Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының қорында Ұлы отан соғысы ардагерлерінің құжаттары сақталған. Осындай құжаттар арасында біздің жерлесіміз отан соғысының екінші дәрежелі орденінің кавалері Жұмабеков Төлеуқадыр Жұмабекұлының құжаттары, яғни ол кісінің жазған естеліктері. Өз естеліктерінде ол сұм соғысты былай деп еске алады:
«1940 жылы қазан айында мен Кеңес армия қатарына алынып, Горьков облысы Джержинск қаласындағы зениттік-артилериялық бөлімге түстім. 1941 жылы 21 шілде де Неміс авияциясы Москва қаласына ең алғашқы әуе шабуылын жасады. Осыған байланысты біздің зениттік бөлім астанаға келді. Маған, яғни осы бөлімнің жас курсантына кіші сержант атағын беріп, 176 шы зениттік-артиллериялық полкінің командирі етіп тағайындады. Құрамда жеті адам болдық. Қолымызға 37 миллиметрлік қару алып, шабуылға аттандық.
Неміс-фашист басқыншыларының басты мақсаты бірден Москва қаласын жаулап алу болған еді. Бірақ ол ойлары жүзеге асқан жоқ. Москва қаласына 300-400 километр жетпей неміс самолеттары біздің атқыш мергендерге жолығып кері шегінуге мәжбүр болады. Біздің батареяның зеңбірек  есеп топтары алдыға қойған мақсаттарын жақсы жүзеге асыра білді. Әр бір жасаған шабуылдан кейін біздің топ, батареяның командирінен алғыс алып отырды.
Кейбір жағдайларда неміс басқыншылары өздерінің қулықтарымен, ұшақтарымен төмен ұшып бомбалауды көздеді.
Бір күні мынандай оқиға болды: 1941 жылы 18-19 тамызда түнде барлық қарулық есептің мүшелері мықты дайындық үстінде болатын, кенеттен 19 тамызда таңертең дем алыңдар деген бұйрық келіп түседі. Дем алып отыр едік, сол мезетте немістің бір ұшағы төмен ұшып келіп бомбаларын тастады. Бірнеше үйлер талқандалып, біздің бөлімшеге тура бомба түсіп, менің досым командир Жанғарашев Тілек басқарып отырған толық бір бөлімшенің күлі аспанға шықты. Ол тек 20 жаста еді.
Неміс-фашист әскері Москва маңына жақындағанда, бұл 1941 жылдың қараша айы болатын біздің атқыштар дивизиясы ержүрек батырлығымен Москваның көк аспанын қорғап шықты. Біздің дивизия Калинин облысының бірнеше станцияларын, темір жол магистральдарын фашист басқыншыларының бомбаларынан қорғап шықты. 1943 жылы маған «сержант» атағын берді, және 85-миллиметрлік зениттік қару есебінің командирі етіп тағайындады.
Әрі қарай біздің бөлім Батыс және Сібір әуе шабуылына қарсы қорғаныс құрамында болып, екінші Прибалтика одан кейін бірінші Белоруссия майданында  соғысты.
1944 жылдың жаз айында Латвияның Резекне қаласын азат етуге қатыстық. Немістердің жүздеген самолеттары күнде арасы 30-40 минут сайын, әсіресе түнде өз бомбаларын үзбей тастады. Осындай жаппай түскен бомба біздің дивизия штабына түсіп, 2 жауынгер қаза тапты, оннан артық жауынгер ауыр жараланды. Осы ұрыста мен «Ұрыста көрсеткен ерлігі үшін» медальімен марапатталдым. Бірінші Белорусс майданында біз Латвия шекарасынан, Белоруссияның батыс-сібір бөлігінен өтіп, 7 мамырда 1945 жылы Польша Республикасының аумағына кірдік, осылайша польшаның қалалары және Торунь (Торн) қамалын жаудан азат еттік. Бұл қамалды немістер өздерінің әскери қамалы етіп алған екен, олар жер асты жол жасап әскери қару жарақтарын бомбалар, патрондар, түрлі калибрлі оқтар, гранаталарды жасырып қойған. Осылайша біздің әскер немістердің күштілігіне қарамастан, барлық жігерлерімен Торунь қамалын азат етті. Міне дәл осы жерде мен үшін Ұлы отан соғысы аяқталды»-деп жазады жауынгер Төлеуқадыр Жұмабекұлы.

Қазіргі заман тарихын құжаттандыру
орталығының құжаттарды пайдалану
бөлімінің меңгерушісі Л.Қ.Қадырова

Парақтар өзгертілді: 18-01-2016