Жариялымдар / БАҚ мақалалары

Қ.Мұхамедхановтың туғанына 100 жыл

ҚАЙСАР ҒАЛЫМ

Туған ел-алтын бесік, ұшқан ұям,
Көз жұмылмай тұрғанда қайтіп қиям?!
Тарта гөр, Семейімнің топырағы,
Төстіктей жеріңе мен еркін сыям!-

Қайым Мұхамедханов

Жазушы, абайтанушы, ғалым, аудармашы, текстолог, драматург, ұстаз ҚР жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедхановтың туғанына 100 жыл.                                                               
Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында жеке текті құжаттар өте көп сақталған. Жеке адамдар туралы жинақталған құжаттар, олардың өмір кезеңдерінен елес береді. Осындай аса бағалы, құнды, қызықты,  мағыналы құжаттардың ең бірегейлісі бұл Қайым Мұхаметхановтың қоры. Қайым Мұхаметхановтың құжаттары Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығына мемлекеттік сақтауға 2007 жылы келіп түсті. Құжаттарға 1574-қор нөмірі берілді. Оған 1920-2006 жылдарды қамтитын №1-ші тізімдеме жасалды. Тізімдемеге 44 сақтау бірлігі енгізілді.
2010 жылы қор жаңа құжаттармен толықты. Құжаттар Қайым Мұхаметхановтың шығармашылық қызметін бейнелейді. Олар: 5,6,7 және 8 томнан тұратын «Қайым Мұхаметханов» деп аталатын шығармалар жинағы, Қайым Мұхаметхановтың «Судьба и Карлаг», «Научные комментарии к произведениям Абая», «Ильяс Богаранский- первый издатель книг Абая», кітаптары 2007-2009 жылдары аралығында «Қайым Мұхаметханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қорында шығарылған.
2009 жылы Қайым Мұхаметхановтың балалары шығарған «Шакарим и Каюм. Сплетение судеб»- деп аталатын кітаптары сақталып отыр. Сонымен қатар әдебиет танушы, журналист Алла Белякинаның Қайым Мұхаметханов туралы «Человек-легенда», «Аңыз адам» повесті сақталған. Бұл кітап ағылшын тіліне де аударылып АҚШ та өз оқырмандарын тапты. Бұл кітаптың электрондық нұсқасы Монтана штаты университетінің вебсайтында енгізілген. Және «Алаш-Қайым Мұхаметханов» деп аталатын кино. «Ілік септігі», «Тау тұлға» деп аталатын «Қазақстан» теле арнасы түсірген деректі бейнеролик, Қайым Мұхаметханов туралы «Хабар» теле арнасы түсірген деректі  бейнероликтер бар. Жаңадан келіп түскен құжаттарға 2007-2010 жылдарды қамтитын №1-ші тізімдеме (жалғасы) берілді. Оған 10 сақтау бірлігі енгізілді.
Сонымен қатар Абайтану ілімінің негізін қалаған ұстазы М.Әуезовтен кейін, Абайтану ілімін үлкен ғылыми-танымдық мектепке айналдырған және өмірлік мұратын ұлы Абаймен байланыстырған ғалым Қайым Мұхамедхановқа қатысты мәліметтер орталықтықтың Қ-1406 (Абай мұражайы), Қ-138 (Семейдің облыстық білім беру бөлімінің курстық базасы) және газет қорларында кездеседі. Енді ғалымның қысқаша өмір баянына келсек.
Мұхамедханов Ғабдулқайым (Қайым) 1916 жылы 5 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келген. 1924 жылы қазақ бастауыш мектебіне оқуға түсіп, 1928 жылы оқуын тәмамдаған. 1929-1932 жылдары Семей қаласындағы ауылдық жастар мектебінде оқиды. Қайым Мұхамедхановтың жазушылық және зерттеушілік қабілеті бала кезінен басталды. Қайымның әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов 1870 жылы туған, өз халқының тарихы мен мәдениетіне аса қызығушылықпен қараған, өте сауатты, білімді адам болды. Сол заманғы қазақ, татар, орыс тілдерінде жарық көрген газет, журналдарға жазылып және осы баспаларды жинақтап, өзінің бай кітапханасында сақтап отырған. Мұхамедхан Сейітқұловтың ең жақын досы Мұхтар Әуезов болды, ол 20 жылдары Мұхамедханның үйіне жиі қонаққа келіп тұрған. Абайдың шәкірті, әрі досы Көкбай Жанатайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы Семейге келгенде осы үйдің құрметті қонағы болып, ат басын тірейді екен. Сонымен қатар М.Сейітқұловтың үйінде М.Әуезов, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров секілді әдебиет, өнер, ғылымды дәріптеген, қазақ тарихында есімдері алтын әріппен жазылған,  белгілі қазақтың зиялы өкілдері де кездесіп тұрды. 1937 жылы Мұхамедхан Сейітқұловқа Семейдегі кеңес үкіметіне қарсы мұсылмандық діни топтың белсенді мүшесі деген айып тағылады да, 1937 жылы 24 қарашада НКВД мүшелері тұтқынға алып, ату жазасына кеседі. 1937 жылы 2 желтоқсанда атылады. 1935 жылы Қайым Мұхамедханов екі жылдық пән-оқытушыларын даярлайтын мұғалімдер курсына қабылданады. Курсты аяқтаған соң 1938 жылы Семей педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, 1941 жылы 3-4 курстағы емтихандарды жедел түрде тапсырып, аталмыш институтқа оқытушы ретінде жұмысқа шақырылады. 1940 жылы Қ.Мұхамедханов Семейдегі Абайдың мемлекеттік-әдеби музейіне аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп, музейдің құрылуына белсене ат салысады. Музейде қызмет жасай отырып Абайдың өміріне, қоршаған ортасына байланысты түрлі жәдігерлерді жинастырған.
1950 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының аспирантурасын ойдағыдай табысты аяқтап шығады. Осы жылы Қ.Мұхамедханов «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, оған филология ғылымдарының кандидаты деген ғылыми атақ беріледі. Кандидаттық диссертациясын қорғап, тура сегіз ай өткенде 1951 жылы 1 желтоқсан айында РСФСР ҚК б. 58-10, б. 2. «...кеңес үкіметіне қарсы үгіт жүргізуші, қазақтың Ұлы ақыны-Абай туралы тарихи мәліметті бұрмалаушы, оның поэтикалық мұрасын қазақ әдебиетіне енгізу арқылы баспасөз беттеріне кеңес үкіметіне қарсы ақындарға ойлар салып, үгіт-насихат жүргізгені үшін..», мүлкі тәркіленді, 5 жылға дейін азаматтық құқығынан және 25 жылға бас бостандығынан айырылады. 1952-1955 жылдары Карлагта жазасын өтейді. Кейін Қазақ ССР Жоғарғы соты Президиумының қаулысымен үкімді жойып, барлық тергеу істері тоқтатылады.  Қ.Мұхамедханов толықтай ақталып, Семей педагогикалық институтына орыс әдебиеті кафедрасына аға оқытушы болып қызметке орналасады.
Қазақ тілі мен әдебиет кафедрасының доценті, профессор Қайым Мұхамедханов Семей педагогикалық институтында 50 жылдан астам қызмет жасап, 1989 жылы зейнетке шығады. Жалпы оқытушылық қызметтегі еңбек өтілі, 1933 жылдан бастап 70 жыл. Республикалық маңызы бар зейнеткер бола тұра, зейнетке шыққаннан кейін де, өзінің ғылыми-шығармашылық қызметтерімен айналыса береді.
Абайдың талантты шәкірті Ш.Әбенов:"Сенім - өмірдің тұтқасы "-дейді. Қ.Мұхамедханов өмірге сенді, "Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған" деген өз сөзіне сенді. Ақиқат жолын табуда кездескен қиындықтарға мойымай «Бұл да уақытша» деген сеніммен өмір сүрген ғалым-бақытты сәтке жетіп, 2004 жылы 30 маусымда дүниеден озды. Ия, Қайсарлық, үлгі алар қайсарлық!

Қазіргі заман тарихын құжаттандыру
орталығының бөлім меңгерушісі Л.Қ Қадырова

 

Парақтар өзгертілді: 18-01-2016