Жариялымдар / БАҚ мақалалары

Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы қорындағы Абралы ауданының құжаттары жайлы.

Абралы ауданының тарихы тереңде жатыр. Қасиетті қарт Қайнар ауылы бұрынғы Абралы ауданы көптеген мемлекет қайраткерлері, жазушылар, ақындар, партия қызметкерлері, жоғары атаққа ие болған сәулетші, дәрігер, экономист, педагог, балуан, өнер иелері, батырлар, әскер және ішкі істер басшылары т.б мыңдаған маман иелері дүниеге келген мекен.
Адамзат баласының өткен күнінің бәрі тарих. Тарихтың тарихтығы сонда-ешбір күш, ешбір уақыт оны өшіре алмайды.    
«Тарихты адамзат жасайды, ал мұрағат сақтайды»- деген сөз тегін айтылмаса керек. Республикамыздың көне мұрағаттарының бірі 95 жылдық тарихы бар Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығындағы Абыралы ауданына қатысты құжаттарды төмендегідей қорлардан кездестіреміз.
Ол Қор-1091 Абралы аудандық халықтық білім бөлімі (1932-1953ж) Қ-1097 Абралы аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі (1945-1955ж), Қ-1101 Абыралы аудандық кеңесі атқарушылық комитеті мәдениет бөлімі (1944-1945ж), Қ-1110 Абралы аудандық прокуратурасы (1934-1949ж), Қ-1115 Абралы аудандық балалар яслиі (1948-1953ж), Қ-1122 Абралы аудандық денсаулық бөлімі (1947-1954), Қ-1126 Абыралы аудандық театр-кино жұмысы (1949-1954), Қ-1127 Абыралы аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімі, Қ-1143 Абралы аудандық атқарушылық комитеті (1931-1955ж),
Қ-1144 Абыралы аудандық ауыл-шаруашылық бөлімі (1935-1953ж). Осы қорларда әр жылдарды қамтитын ауданның тарихына қатысты, хаттамалар, мұғалімдердің жеке карточкалары, аудандық мектептердің жұмысы туралы бұйрықтар, ауыл шаруашылық құжаттарында колхоздардың жылдық есептері, мал шаруашылығының жұмыс жоспарлары сақталған.
Қ-409 Семей облыстық атқарушылық комитеті қорында  1954 жылғы Абралы ауданын таратуға байланысты, сол ауданға қарасты ауылдарды басқа аудандарға беру туралы анықтама қағаздары, актілер жинағы, сақталған. Сонымен қатар, осы ауданда туып өскен азаматтардың жеке құжаттары жеке текті қорларда сақталып отыр. Қ-1143 Абыралы атқарушылық комитеті қорында 1931-1955 жылдарды қамтитын ауданға байланысты пленум, президиум, аудандық комитеттің хаттамалары, жұмыс жоспары, медальмен марапаттау туралы құжаттар енгізілген, және де бірнеше қызметкерлердің тізімдері жазылған жеке істер бар, осы тізімнің ішінен ақын, әрі жазушы Ұлы Отан соғысының ардагері Қашаф Туғанбаевтың жеке іс қағазын көруге болады. Құжатта өз қолымен толтырған жеке іс-парағы, автобиографиясы, мінездемесі жазылған. Құжаттың құндылығы оның түпнұсқалығында екенін айта кету керек.
Мұрағаттың газет қорларында Абралы ауданының «Социалистік шаруа» аудандық газеті сақталған, газет жалпы алғаш рет 1930 жылдан бастап жарық көріпті. Мұрағатта сақталған газет тек 1941 жылдан бастап жинақталған, газет латын әріпімен жазылған, ал 1945 жылы 23 ақпан № 4 басылымға шыққан газетте «Абайдың 100 жылдығына толық әзірленейік» деген атаумен мақала жазылған, авторы «Н.Файзуллин Абайдың 100 жылдығын өткізу жөніндегі аудандық мереке комитетінің председателі» деп көрсетіледі. Бұл мақаладан аудан халқының Ұлы Абайдың туғанына 100 жыл толуына орай өте жоғары дайындық үстінде болғанын көруге болады. 1945 жылы ауданда Халық ақындарының колхоз аралық айтысы өткізіліпті, газеттің 6 тамыз №23 нөмірінде осы ақындар айтысының Ворошилов атындағы колхоз бен Еңбек колхозының ақындары Иса мен Қашафтың айтысын толық газет бетіне жариялаған. Айтыста екі ақында өздерінің туған мекендері алқалы Абыралыны кеңінен жырлап оның мол табиғатын, колхоз жастарының еңбек сүйгіштігін, оқу білімге құштарлығын, мал шаруашылығының алға басып келе жатқаны туралы асыра жырлаған. Айтыстан үзінді келтірсек: Иса ақын, 
Ерлікті Абыралы асқындатып,
Тауынан батыр жортып тасырлатып,
Оқ ойнап, найза байлап, қылыш сермеп,
Кескілеп келген жауды шатырлатып.
Ел аузы, ертегісін естігенде,
Ел үшін еңбек жасап таңырқатып.
Батырдың сол күндегі ұрпақтары
Әр уақыт тұқымынан тумақтағы.

Кашаф ақын: 
Айбарлы Абыралы сулап жатқан,
Айдынды ақ бұлттан айдар таққан,
Қаһарлы қара тасы қатпар-қатпар,
Алыптың салмағындай миллион батпан.

Жорытқан жолбарыстай жонын кезіп,
Шың соғып талай батыр дабыл қаққан.
Тас киіп, темір бұзып, жауын қуып,
Арқадан адырнасын аңыратқан.
Тарихы шытырманға толы Абралы үлкен, табиғатқа бай, бірнеше адамзат ұрпағының кіндік қаны тамған ордасы. Бұл ауданның шын тарихын зерттеп, зерделеген зерттеуші, тарихшы ғалымдар өздерінің еңбектерін жарыққа шығарғаны да баршамызға мәлім. Әр елдің тағылымды тарихын зерттеп-зерделеу үшін мыңдаған тарихи құжаттар арқылы дәлелдену тиіс. Осындай елдің тарихын зерттеп, ауыл тіршілігін жан-жақты қарастырған ғалымдардың бірі Нәсенов Болатбек Нәсенұлы.
Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығына мемлекеттік тұрақты сақтауға Болатбек Нәсенұлының құжаттары 2013 жылы келіп түсті. Құжаттарға Қ-1619, №1 тізім берілді. Тапсырылған құжаттар саны 45 бірлікті құрайды. 19 томнан тұратын құжаттар жинағы осы құжаттардың ішінде маңызды орын алады. Кітаптың әр парағы мұрағат құжаттарының көшірмелері арқылы берілген. Сонымен қатар жеке текті құжаттар арасында Қ-847 көптеген еңбектердің авторы , жазушы Сейтмұхамет Табариковтың, Қ-985 жазушы, Қазақстан Республикасының жазушылар одағының мүшесі Сарсеке Медеу Сапайұлының құжаттары құнды құжаттар негізінде сақталып отыр. Болашақта бұл қазына келешек ұрпаққа құнды деректер болатыны сөзсіз. 
ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ халқының тарихындағы аса бір азалы жылдар болғаны белгілі. Күштеп ұжымдастыру, дүние-мүліктерін жаппай тәркілеу, азаматтарды жер аудару, қазақ халқына орны толмас қайғы болды. Қазақ халқының басына түскен тағы бір қасірет бұл мыңдаған халықтың өмірін жалмаған ашаршылық еді. Қазақ даласындағы жаппай ашаршылық, қазақтың аса зиялы, бетке ұстар біртуар азаматтарын «халық жауы», «алашордашыл», «ұлтшылдар», «жікшілдер», деген айыппен жазықсыз айыптап, жер аударып, ату жазасына кесіп, жаппай мал, дүние- мүліктерін тәркілеп, саяси қуғын-сүргінге ұшыратып, құртып жіберу бұл солақы саясаттың мақсаты болатын.
30 жылдардағы тәркілеу, зорлықпен ұжымдастыру кезеңдері, қазақ халқының жартысынан жуығы ашаршылықтың, кеңестік саяси жүйенің құрбандары болды. Және осы жазықсыз жазаланған жандар, халықтың ұлттық мұрасын сақтап қалу жолында еңбек еткен, ұлт зиялыларының алдыңғы қатарлы өкілдері болатын.
Қаншама қазақтың «қаймақтары» қолды болып, айуандықпен өлтірілді. Олардың балаларына, әйелдеріне «Халық жауының баласы», «Ұлтшылдың әйелі» деп жалған айыптар тағылып, «КарЛаг», «АлЖир» түрмелеріне қамауға алынды. Осындай сұм, сұрапыл қазақ басына келген нәубет Абыралы ауданының халқын айналып өтпеді. Тарихи деректерге сүйенсек, Абыралы ауданы алғаш құрылғанда үлкен бес болыстан құралған деседі. Содан бастап бұл аудан түрлі шытырман оқиғаларды бастан кешіреді. Атап айтсақ 1931 жылы ақпанда басталған қазақ елінде тұңғыш рет кеңес үкіметінің өрескел саясатына наразылық көрсеткен Абыралы ауданының қозғалысы қанды көтеріліске айналды. Жалпы, 3500-ге тарта адам атқа қонып, қарулы қақтығыстарға қатысты. Жазалаушы отрядтар мен болған шайқастар кезінде жүздеген адам оққа ұшып, үштік соттың шешімімен атылған. 183 адам он жылдан астам уақытқа сотталып, сібірге айдалды. Мыңдаған адам қуғын-сүргінге ұшырап, шет ел мен еліміздің әр тарабына босып кетті. Одан кейін елімізді жаппай жайлаған аштық салдарынан аудан халқы аштыққа ұшырап, халықтың үштен бірі ғана қалған. 1937-38 жылдардағы халық жауларынан тазарту мен отан соғысының зобалаңы келіп, елді мүлде тұралатып тастады. Ел енді есін жия бергенде, 1949 жылы КСРО-да ең алғаш рет сутегі атом бомбасы осы аудандағы Дегелең тауында сынақтан өткізілген. 1954 жылы халқы жан-жаққа көшіріліп, Абыралы ауданы біржола таратылды. Ал жері сынақ полигонына айналды. Уақыт өте келе еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін 1990 жылы Абыралы ауданы қайтадан жаңғырып, Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің № 419-Х 15 желтоқсан 1990ж қаулысымен қайтадан құрылады, бірақ өкінішке орай 1993 жылы №2577-ХІІ 10 желтоқсан айының қаулысымен қайтадан таратылады. Бұл туралы мұрағат құжаттарында жазылған. Міне қысқаша болса да, Абыралы ауданының тарихына байланысты құжаттар осылай деп сыр шертеді.

КММ Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының
құжаттарды пайдалану бөлімінің
меңгерушісі Лаура Қадырова

Парақтар өзгертілді: 18-01-2016