Жариялымдар / БАҚ мақалалары

Желбірей бер тәуелсіздік туы!  

Белгілі ақын Жұбан Молдағалиевтің:
Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мың тілімен.
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Мен- қазақпын, биікпін, байтақ елмін.
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім....- деген өлеңі көңілге оралады.
Ия, қазақ халқы өзінің ұзақ өмірлік тарихында талай тауқыметті сындарды басынан кешіріп, тар жол, тайғақ кешулерді өткізгені баршамызға белгілі. Халқымыздың басынан өткен деректер, жылнамалар шежірелі сырды шертеді. Сол тарихымыздың парағына кейінгі кезде алтын әріппен жазылған еліміздің тәуелсіздік күні болып жарияланған 16 желтоқсан Қазақстан үшін ең ардақты да қымбат, Ұлы мереке! Ол ата-бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік күні.
Тәуелсіздік – ол ұлттық мемлекеттік, оның тамыры-жасампаздық рух, ұраны - ел мен халық. Олай болса, өміршендік пен кемелдік аясында өмір сүріп, бейбітшілік, татулық туын биікке көтерген Қазақстан халқы жаңа әлемнің жаңалықтарына ұмтылып келеді.
Бізді бұл күнге дейін жеткізген ұмытылмас оқиғалар – ел қорғау соғыстары, ұлт – азаттық көтерілістері қандай ауыртпалықты да көтере білген, жасымайтын асқақ жігерлі рухы қайтпайтын табандылығы – өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталуға тиіс. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Мемлекеттік рәміздері түгенделген Отанымыз жер жүзіне танылды. Шет елдегі қандастарымыз Қазақстанды қарашаңырағымыз деп біледі. Бұл президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі.
Осы тәуелсіздігіміз алғаннан кейінгі жылдары біздің қаламызда да, елеулі ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтарымыз да аз болған жоқ. Семей қаласына Ел басымыздың бірнеше рет ат басын тіреп, халықпен жүздесіп, қаламызды Семей деп қайтадан атауы халық үшін үлкен қуаныш болды. Қаламызда көптеген мектептер, бала-бақшалар, жоғары оқу орындары    ашылды. Кешегі кеңестік дәуірдегі қоршаудай емес елдің экономикалық, мәдени байланыстары да ілгерілеп дамыды. Қазір техника заманы. Әрбір мектеп, оқу орындары, мекемелер, кәсіпорындар ғаламторға қосылып, шет елмен байланыс жасауда. Бүгінгі жастарымыз әр ғылымның саласына қанық болып келеді. Отызыншы жылдардың ортасында өмірге келген теледидар қазір әр шаңырақта сайрап тұр. Компьютер, спутник  арқылы байланыс, сымсыз қол телефондары, қалта телефондары, смартфондар игілігімізге айналды.Үйде отырып ғаламтор арқылы өз қызметін дөңгелетіп отырған азаматтар жоқ емес. Ғылымның үздіксіз дамуы ой-қабілетке де қанат бітірері сөзсіз. Денсаулық саласында да елеулі оқиғалар көп. Ауруханалардың салынып, шет елдерден әкелінген медициналық жедел көмек беретін аппараттардың қала ауруханаларында орналасуы халық үшін жасалған игі істер. Қазақстан өзі таңдап алған бағытпен өркендеп келеді. Осылайша жаңа тарихымыздың белестері жасалуда.   
Тағы да артқа шегініп тарихымызға қарасақ. Дәл осы күні өмір сүріп жатқан бақытты кезеңді, ешбір ата-бабамыз көрген жоқ. Сондықтан бұл күн жас мемлекетіміз үшін – біртұтас елдіктің, ынтықмақтастық пен татулықтың, болашаққа деген сенімді үміттің берекесі болып табылады. Еліміздің ұлы тарихына, ата – баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иіп, Отанымыз – Қазақстанға деген құрметтеу сезімін әкелетін бүгінгідей мереке күні алға қарай тағы да берік сеніммен қарап, болашақтың тыныш өмірінің негізін қалау үшін қазір де бұл бағыттағы іс-әрекетті жалғастыру керек.
Рух туы желбіреп тұрғанда өткенге тас лақтырып қарғыс айтпай, одан сабақ алып, жіберген қателегімізді қайталамай, найзаның ұшымен, рух-намыстың күшімен қорғаған ата-баба аманатын орындау-бүгінгі ұрпақтың парызы.
Біз өзіміздің рәміздерімізбен мақтанамыз. Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты. Біз қазақ болып туылғанымызға, осындай бай, байтақ өлкеде өмір сүріп жатқанымызға қуанамыз. Өйткені, біз бүгінгі тәуелсіз, еркін елдің ұланымыз және де халқымыздың игілігі үшін еңбек етіп жатырмыз.

Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының
құжаттарды пайдалану бөлімінің
меңгерушісі Л.Қадырова

Парақтар өзгертілді: 18-01-2016