Әкелі балалы қос тұлға шәкәрім мен ахаттың мұрағат қорындағы құжаттары жайлы
Қадырова Лаура
Семей қаласы Қазіргі заман тарихын
құжаттандыру орталығының археографы
Қазақтың классик ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 150 жыл
Кілт сөздер: Алаш, көк дәптер, қашқын, Бақанас, құдық, фотосурет, экспедиция.
Семей қаласының Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы 1920 жылы құрылған болатын. Оның бай қорында облысымыз бен қаламыздың әлеуметтік, экономикалық және саяси хал-аһуалы туралы мәлімет беретін құжаттар, баспасөз құралдары 1917 жылдан бастап шоғырланған. Соның ішінде қазақтың классик ақыны, аса-ірі ағартушы, ойшыл, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлы мен оның баласы ақын Ахат Шәкәрім ұлына қатысты деректер кездеседі.
Шәкәрім Құдайберді ұлына қатысты тарихи деректер, көбінесе Алаш Орда үкіметінің құжаттары арасынан ұшырасады. Себебі, ол кісінің Алаш қозғалысының мүшесі болғаны бәрімізге мәлім. Мысалы Семей уезі бойынша гласныйлардың тізімі берілген, онда Шыңғыс болысы бойынша «Шахкарим Кудайбердин, қырғыз»-деп жазылған. Осы секілді тағы бір құжатта Семей аймағы Шыңғыстау ауданының аса-ірі бай және кулактарының басқа республикаларға, аймақтарға және аудандарға жер аударға жататындардың тізімі «құпия» деген белгімен берілген. Осы тізімде, «Ақсақал, Алаш Ордашыл, ру басшысы Шәкәрім Құдайбердин ұлдары, Гафур, Қабыш, Зият, Ақат аймақтан қуылсын»- деп жазылған.
Ш.Құдайбердиев бай әдеби мұра қалдырады. Ол «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», «Нартайлақ-Айсұлу» поэмаларын, «Әділ мен Мәрия» романын жазады. Г.Бичер-Стоудың «Хижина дяди Тома» романын, Л. Толстойдың әңгімелерін, А.С.Пушкиннің «Дубровский», «Метель» прозалық шығармаларын аударады. Көптеген әдебиеттерде ақынның «Дубровский» аудармасы 1908-1909 жылдары ел аузында айтылып, кейіннен 1924 жылы арнайы кітап болып басылып шығатыны жайлы айтылады. Бірақ бұл кітаптың түпнүсқасы еш жерде сақталмаған секілді, себебі ақынды қудалағанда оның барлық еңбектерін өртеп көзін жойып жіберді.
Біздің Шәкәрімге қатысты мұрағат құжаттары арасында қалың көк дәптер сақталып отыр. Бұл көк дәптердің ішінде не бар? деген сұрақ туындайды. Әрине біз мұрағат қызметкерлері оның ішіндегі жазуды оқығанда, мынандай қорытындыға келдік. Дәптерде Шәкәрім атамыздың А.С. Пушкиннің «Дубровский» поэмасының аудармасын таза қол жазбамен жазған, кітаптың көшірмесі екенін айғақтап отырмыз. Бірақ бұл дәптердегі көшірмені кім жазды? Қашан жазды? Қайдан жазды? Не мақсатпен көшіріп жазғаны белгісіз болып отыр.Дәптердің сыртында «Пушкин А.С.Дубровский аударған-Шәкерім 1924 »- деп жазылған.
Ал ішкі бірінші бетінде «Бүтін дүние еңбекшілері бірігіңдер! А.С.Пушкин
Дубровский әңгімесі Аударушы: Шакерим Құдайберді ұлы. Бастырушы: «Степная Правда» Шәм қазақ тілі баспасы Семейде. Издание: Издательства «Степная Правда и Казак-Тли» - деп жазылған екен. Әрі қарай жазылған беттерінде Сөз мазмұны, Сөз алдынан (аударушыдан) және Дубровский әңгімесі өлең жолдарымен жазылып көшірілген. Дәптерге әр бетке нөмір қойылған, барлығы 51 бетті құрайды. Осы көк дәптер мұрағат қорындағы аса құнды құжаттардың бірі болып саналады.
Жалпы Қазақстанда кеңес үкіметінің орнауы, 1920-1921 және 1930-1931 жылдардағы ашаршылық, 1928 жылғы жаппай тәркілеу барлығы ақынның дүниеге көзқарасын оятып, үлкен әсер етеді. Осы кезде Шәкәрім халық арасынан кетуге мәжбүр болады. Бұл жайлы Ахат Шәкәрім ұлы өз естеліктерінде жазған. Шәкәрім Шыңғыстау тауларының бөктеріне келіп, жалғыз өзі өзінің өміріндегі болған оқиғаларға көз жібертіп, өз ойын жазады. Ал ақынның бұл қылығы кеңес үкіметі басшылығына күдік туғызады. Ақырында оны қудалап жүріп 2-қазанда 1931 жылы атып өлтіреді. Денесін Бақанасқа жақын жерде орналасқан құдыққа тастайды. Осындай жағдайдан кейін оның кітаптары кітапханалардан алынды, тіпті жазушыны еске алудың өзі қылмыс болып саналғаны белгілі. Уақыт өте келе біз оның қызметі жайлы, ұрпаққа қалдырған бай әдебиеттері мен ғылыми зерттеулері жайлы тереңінен таныстық. 1988 жылдан бастап ақынның творчестволық мұрасын тексерген комиссия жұмысының қорытындысын Республика Мәжілісінде қайтадан қарап, ойшыл, ағартушы, философ, ақын Шәкәрім Құдайбердиевтің заңсыз қуғын-сүргінге ұшырағанын ескеріп, оның ғылыми-педагогикалық әдеби еңбектерін жарыққа шығарады.
Шәкәрімді таныған ауылдастары, бірге дастархандас болған ел азаматтары жазып кеткен естеліктері, облыстық партия комитеті қорында сақталған. Құжаттар ана тілімізде жазылған. Әрбір естелікте Шәкәрімнің халқына мирас етіп қалдырған еңбектері жайлы, оның адамшылық қасиеті, оны қудалап ізіне түскен адамдар туралы нақты, айқын деректер келтірілген. Құжаттар арасында Досмағанбетов Сирақбай, Омаров Кәрібай, Биназаров Иса, Жандыбаев Рахым, Қожақанов Айтқожа, Әзімбаев Берлеш, Искаков Архам, Түңлікбай ұлы Айтмырза т.б. көптеген ағалардың айтқан деректері өте кең көлемді мағынада жазылған. Әр-бір келтірілген естеліктерге тереңінен үңілсең талай оқиғаларға куә боласың. Құжатта осы секілді деректер өте көп оның барлығын баян ету мүмкін емес, сондықтан да үзінді ретінде, осы естеліктердің арасынан Қожақанов Айтқожаның 1962 жылы 14-ші қараша күні жазған жазбасын ешқандай өзгертусіз оқырмандарға ұсынуды жөн көрдік.
«Мен, Қожақанов Айтқожа жасым биыл 74 те. Осы Абай ауданында туып өстім. Руым Қожа, Ырғызбай ішіне сіңген. Мұқтар Әуезовке төртінші атадан барып қосыламын. Бұл 1931 жылдың күзі болатын. Менің інім Оразғали Қожақанов “Бақанас” колхозының бастығы болатын. Бір күні кешке жақын аудандық начальник милиция Қарасартов бастаған отыз шақты адам “Бақанасқа” келді. Колхозға бастық інім ауылда жоқ болғаннан кейін, қашқын қарап жүрген бұлар мені жандарына ертіп алды. Кім деген қашқын ол жөнін мен білмеймін. Арада бір екі күн өткеннен кейін “Топайдың сарбиігі” деген жерде түнеп жаттық. Күн бұлыңғыр елен-алаң уақыт болатын. Тіпті тұманнан түк көрінбейді деседе болады. Біз жүруге дайындалып жатыр едік “Ақтанбаев Жұмағали” деген таудан түсіп келді де, Қарасартовты оңашалап әлденені айтты. Ақтанбаев Жұмағалидың өзі біреуді-біреуге айдап салған адам болатын. Сол ақ екен бәрі атқа мініп тура жөнелісті. Мен үлгеріп олардың артынан келгенше мылтық даусы әлде неше рет шығып кетті. Көптен соң мылтық даусы басылды. Енді үймелеген жерге келсем өліп жатқан Шәкерімді көрдім. Сүйтсем сол арада Шәкерімнің мылтығын Қарасартов алған. Аяғындағы етігін “Қалиқов” деген татар қуана қолына ұстап кигелі тұр екен. Мен не болғанымды білмей кеттім. Маған Қарасартов “жаның ашып тұрау” деді. Мен жылап жібердім. “Атқан аңың жығылып жатқан соң мені кекеткеніңғой” дедім. Ол менің бұл сөзіме азалана қарап менен көзін айырмай тұрды. Аздан кейін менің көзімше Шәкерімнің үстіндегі барлық киімін сыпырып алып, көйлек дамбалшаң тастады. Маған Қарасартов “Сен несін аласың” деді. Мен “алатын несі қалды” дедім. Көп ұзаған жоқ Бақанасқа жүруге айналдық. Шәкерімді екі бүктеп түйеге теңдеуге айналды. Мен оған шыдамадым да бір кигізге жақсылап орап, табытты түйенің үстіне артуға ыңғайлап салдым. Біз осылайша Бақанасқа келдік. “Қашқын” деп Шәкерімді нақақ атып алған Қарасартов менен қауіптеніп жеке шошалаға қамап тастады. Осылайша мен 2 күн қамауда жаттым.
Менімше Шәкерім қашқын емес, нақақ атылды. Қашқын болатын адам емес. Жапан түзде жүргені жаңа емес. Шәкерімнің сырын бүкіл халық біледі.
Қожақанов Айтқожа 14.11-1962 ж.»-делінген.
Шәкәрім атамызға қатысты тағы бір құжат, ол бабамыздың мұрағаттан табылған тау шатқалында түскен 3-ші фото суреті. Қор атауы мынандай: «Семей мелиорациялық экспедицияның жұмысы жөніндегі жылдық есебінің қосымшасы. Экспедицияның 1924-1925 жж жылдық есебінен тіркелген фотосуреттер». Фотосуреттің астында «фот. 37 Хребет Чингиз Верховья речек. На переднем плане каз поэт и писатель Шакерим Кудайбердин » деп жазылған екен. Осы жазуға қарағанда 1925 жылы Шәкәрімді бүкіл халық ақын, жазушы ретінде танығанын аңғаруға болады. Шәкәрімнің фотосуретінің жарыққа шығуы бүкіл республикаға танылған үлкен жаңалық болды. Себебі осы уақытқа дейін Шәкәрім қажының 2 фотосуреті ғана белгілі болатын. Біз мұрағатшылар бабамыздың 3-ші фотосуретінің тұсау кесерін өткізіп, Шәкәрім атаның тау бөктерінде бүткіл дене бойымен түсірілген фотосын телехабарлар арқылы Республика жұртшылығына таныстырдық. Фотосуреттің табылу тарихына тоқталып, баяндама жасадық. Тұсау кесерге қалалық кітапханалар, мұражайлар қызметкерлері, оқытушылар қауымы және ақын, жазушыларда арнайы қонақ болып шақырылды. Енді осы тарихи фотосуретті бізге мұра етіп қалдырған экспедиция тарихына тоқталайық. Қазақ Жер халық комиссариаты Семей губерниялық жер басқармасы Семей өңіріндегі суландыру каналдары мен су бөгендерін салу жұмыстарын кеңес өкіметі тұрақтанғаннан кейін, 1923 жылдан бастаған. Қазақ өлкесіндегі гидро-мелиорациялық бағыттағы жұмыстар Ресей патшалығы тұсында қоныстандыру саясатымен ұштастырылып жүргізілгенін білеміз. Қазақстан мен Сібірге европалық аймақтардан жер өңдеушілерді қоныстандыру, оларға соған орай шұрайлы жерлерді бөліп беру, тіпті шеткері таулы аймақтардағы жайлаулық жерлерді алып беру мәселелері патша заманында жүзеге асырыла бастаған. Кеңес өкіметі орнаған жылдарда гидро-мелиорациялық нысандағы жұмыстарды атқаруға қаржы бөлініп, елді мекендерді техникалық жарақтандыру ісі қолға алынады. Шыңғыстау ішіндегі Сарыкөл, оның күнгейіндегі Бақанас, Байқошқар бойында да селолық қоныстар 1940-жылдарға дейін болған. Сол маңдағы қазақ ауылдары да өздіктерінен сұраныс жазып, жаңа өкіметтен мелиорациялық серіктестіктер құруға көмектесуді сұраған.
Қазақ жер халық комиссариатының 1924-жылғы ұйғарымына сәйкес Семей мелиорациялық экспедициясы өлкедегі кешенді суландырудың бастама жұмыстарын 1924-жылдың қазан айынан 1925-жылдың қазанына дейін атқарады. Экспедицияның көрсетілген мерзім аралығындағы жұмыс бағыты мен атқарған істері туралы нақты мәліметтер № 887-қордың №2-ісінде баяндалған. Енді экспедиция есебіне сүйене отырып, Шәкәрім қажының фотосуреті тарихын баяндайық.
Семей мелиорациялық экспедициясы Семей уезі Досов (бұрынғы Шыңғыстау) болысына қарасты Бақанас пен Байқошқар өзендерінің бойындағы және Шыңғыстаудың күнгей жақ беткейіндегі атқарылатын жұмыс мақсаттарын былай деп жазған: 1. Бұрынғы суландыру каналдары мен айналма су жолдарын қалпына келтіруде жергілікті тұрғындарға көмек көрсету; 2. Мелиорациялық серіктестіктер құруға көмек көрсету; 3. Болашақта салынатын суландыру құрылыстары жүргізілетін жерлерді анықтау.
Міне, осы мақсаттарды жүзеге асыруға арнайы құрылған экспедициялық жасақ құрамы: 1. Самохвалов Андрей Максимович - экспедиция бастығы, мамандығы гидротехник, 1907 жылдан бастап мелиорация жұмыстарымен шұғылданған. 2. Смысловский Николай Павлович – экспедиция жетекшісі, гидротехник. 3. Овечкин Александр Иванович - экспедиция технигі, гидротехник. 4. Бочкарев Виктор Петрович - жер өлшеуші, топограф, десятник. Экспедиция жұмысы басталмас бұрын В.П. Бочкарев жалпы жұмыстың жобалық жоспарын түзген. Түзген мерзімі: 6-қазан 1924 – 15-қаңтар 1925-жыл.
Экспедиция жұмысының бас жоспары Семей губерниялық жер басқармасы тарапынан жасалынып, губерниялық жерге орналастыру кеңесі және губерниялық жоспарлау комиссиясы тарапынан 1925-жылғы 19-мамырда № 43-хаттамамен бекітілген. Аталған экспедиция техникалық жоспарларды сызып даярлау жұмысы сәуір айында алдын-ала басталған сыңайлы, ал негізгі жұмыстар мамыр айының 15-нен басталып, маусым айының 20-на дейін созылған. Экспедицияның жұмыс істеген аймағы Семей уезі Досов болысына қарасты №5-ші ауыл деп көрсетілген. 5-ауыл 60-тан астам отбасы үйден тұратын Байқошқар елді мекені болатын. Экспедицияның қорытынды есебінде Байқошқар елді мекенінде құрылған «Үміт» мелиорациялық серіктестігінің құрылу тарихы және ондағы жүргізілген жұмыстар, яғни суландыру каналдарын іске қосу жоспары баяндалады. Байқошқар өңіріндегі жер–су тарихын, халықтың тұрмысын, егіншілікке бейімделген ауылдың жағдай-жапсарын жетік білетін адамдармен экспедиция мүшелері әрдайым байланыста болған.
Ең алдымен экспедиция ақыл-кеңес сұраған адам орыс тіліне жүйрік, жаңалыққа жаны үйір Шәкәрім болғаны сөзсіз. Шәкәрім тұлғасы экспедиция мүшелерін аса ынтықтырған болу керек, Бақанас, Байқошқар өзендері бойларын және Шыңғыстаудың шығыс қабырға беткейлерін аралауда үнемі бірге ертіп жүрген. Сондықтан да, жергілікті тұрғындардың ішінен Шәкәрімнің бейнесін ғана жеке даралап, Шыңғыстаудың әсем де көрікті тау шатқалы көрінісінде фотоға түсірген. Шыңғыстаудың күнгей жағындағы тау шатқалдарын көрсету-аралату, олардағы табиғи бұлақ көздерін, сай-шатқалдарды қуалай ағатын ағысты тау өзендерін пайдалану жөнінде Шәкәрім қажы экспедицияға мол мағлұмат берген. Өйткені, Шәкәрім бейнеленген фотаға былай деп түсініктеме берілген: «В будущем 1925/26 году предположено откомандировать одного техника на 2-3 месяца в район Чингизского хребта для оказания населению технической помощи по организации здесь мелиоративных товариществ, по проведению соответствующих изысканий, составлению проектов и выполнению строительных работ. Но все это возможно при условий отпуска на строительные работы мелиоративной ссуды. Фотогр. № 37 дает понятие о верховьях речек и ключей».
Экспедицияның Шәкәріммен танысуына және олардың бірлесе қызмет қылуына себепкер болғандар Байқошқар елді мекенінің тұрғындары Кәрімқұл Иса мен Қабдыжалел Шаймардановтар болса керек. Өйткені экспедиция есебінде осы кісілердің басшылығымен мелиорациялық жұмыстар атқарылғаны айтылған.
Оны айту себебіміз, Шәкәрімұлы Ахат ақсақал әкесі туралы естелігінде Шәкәрім қажының 1912 жылы «Кең қоныс» деген жайлауда қора салдырып, жылма-жыл қыстайтынын жазған болатын. Бұл қонысы 1924 жылы орыс шаруаларына телінген жер қорына енгізілгендіктен 1925-жылы Шақпақтың күнгей бетінен, Байқошқардан 14-15 шақырым жерден қысы-жазы отыратын жаңа қонысын салдыртқан. Бұл қоныс әйгілі «Саят қора». Ахат ақсақал естелігінде Шәкәрім қажының Байқошқардың тұрғыны Кәрімқұлдың үйіне тоқтап, ауыл адамдарын жинап, әңгіме айтып, өлеңдерін оқитындығын жазған. Міне, осы Ахат естелігіндегі Кәрімқұл экспедиция есебінде көрсетілетін Кәрімқұл Иса болып табылады.
Кезінде екі мәрте болыс (1887-1880- және 1887-1888-жж.) Императорлық орыс географиялық қоғамы Сібір бөлімі Семей бөлімшесінің мүшесі, Толстойды пір тұтқан, Алашорда тұсында Земство гласныйы және қазақ соты болған Шәкәрім қажы бұл экспедицияға дейін және кейін де талай ғалымдармен кездескен. Мәселен, 1923-жылы неміс ғалымы Макс Кушинскиймен, 1925-1927 жылдар аралығында Федор Фиельструппен, С.И. Руденкомен кездесіп, қазақтар, қазақ қоғамы туралы этнографиялық сипаттағы материалдар берген. Сондықтан да Шәкәрім қажының мелиорациялық экспедиция мүшелерімен қарым-қатынаста болуы, халықтың қамын ойлаған және жарқын болашағына жол ашатын істерге бастама көрсетуі заңды құбылыс.
Осындай аса бағалы құны бар құжаттар арасында Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевке арналған құжаттарда сақталған. Ахат Шәкәрімұлына әкесінен дарыған ақындық шеберлігін, жазған өлеңдерінен көруге болады. Ахат 15 жасында ақын бала атанған екен. Ол 1915 жылдан бастап, яғни 15 жасында «Кетпеші балалық» деп аталатын алғаш өлеңін жазады. Мұрағатта сақталған Ахат атаның 1915-жылдан бастап әр жылдарда жазылған өлеңдері машинкаға басылып жинақталған. Өлеңдер жинағы 1982 жылы 4-ші маусымда басылған. Жинақтың бірінші бетінде Ахат атаның өз қолымен жазған 132 өлеңінің тізімі (көшірме) берілген. Жинақ 1915 жылы жазған «Кетпеші балалық» деген өлеңінен бастап, «Құдық» деп аталатын өлеңімен аяқталады. Өлеңнің соңында «Әкей сүйегін көмген құр құдық. 1961 жылы 28-июльде»-деп жазылған екен. Жалпы бұл жинақ 203 беттен тұрады.
Сонымен қатар газет қорларында сақталған 1998 жылы шыққан «Үш Анық» газетінің 13 нөмірінде Мінәш Әрхамқызының «Шәкәрім сүйегі Жидебайға қалай жерленді?» атты мақаласы жарық көріпті. Онда Ахаттың әкесінің сүйегін құдықтан қалай қазып алғанын, әкелген сүйектердің көлемін өлшеп жазып алынғаны, жаназасын шығарып арулап қайтадан қойғаны жайлы толық баян етілген.
Міне Шәкәрім қажы мен Ахат Шәкәрім ұлына қатысты деректі құжаттар осылай сыр шертеді. Яғни болашақта осы ғұлама тұлғалардың әлі де болса бұрын жарық көрмеген фотосуреттері мен өлеңдері табылып, жарыққа шығады деген сенімдеміз.
Әдебиеттер:
- ҚЗТҚО КММ Қор. 37, т. 1, іс. 98
- ҚЗТҚО КММ Қор. 74, т. 3, іс. 84
- ҚЗТҚО КММ Қор. 103, т. 20, іс. 158
- ҚЗТҚО КММ Қор. 887, т. 1, іс. 4
- ҚЗТҚО КММ Қор. 887, т. 1, іс. 2
Резюме
В статье рассматриваются некоторые факты биографии Шакарима Кудайбердиева, Ахата Шакаримулы на основе документов, находящихся на хранении в архиве.
|