







Жариялымдар / БАҚ мақалалары |
Ұлықтаймыз Ұлыстың Ұлы күнін! Ұлыстың Ұлы күні бәрі, бәрі Міне, Жер Ана бусанып, ел арқасы кеңіп, адамдарды тамаша бір шаттыққа бөлеп, күнгейден күншуағын төгіп, Көктем келді. Көгілдір көктеммен таласа- тармаса, қазағымның қасиетті мерекесі-Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы да жадырап жетті. Шығыс халықтарының жаңа жылы - Наурыз мейрамы бұл бір табиғаттың ерекше кезінде өтетін мейрамы. Толығырақ айтсақ халқымыздың түсінігінде Наурыз -осы айдың күні мен түні теңелген алғашқы жұлдызынан бастап қырық күн тойланатын шығыс халықтарының мерекесі. Көптеген әдебиеттерде Наурыз ежелден бері тойланып келе жатқан дәстүрлі мереке болған, оны барша халық ерекше атап өткен деп жазылады. Еліміз тәуелсіздігін алғанға дейін осы төл мерекеміз қаншалықты деңгейде тойланып келді деген орынды сұрақ туындайды. Бірақ аталмыш Наурыз мейрамы ел егемендігін алғаннан кейін ғана ашық түрде тойлана бастағаны белгілі. Оған дейін оның қандай мереке екенін, нені тойлату керек екенін, дүйім жұрт білген де жоқ. Айтса қарт әжелеріміз бен аталарымыз ақырын сыбырлап тойлаған секілді болды, ал жастар жағынан ешқандай белсенділіктің болмағаны айдан анық. Себебі халық болып, ел болып аталмаған мереке атаусыз қала берді. 1991 жылы 15 наурызда Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 22 наурыз көктемгі күн мен түннің теңесу күні халықтық мереке Наурыз мейрамы болып жариялансын деп арнайы Жарлық шығарды. Орта Азия республикаларынан қалмай біздің Қазақстанда наурыздың 22-сі халықтық мереке болып жарияланғанына қуанғандарынан қуаныштарында шек болмады. Ел басына алғыстарында айтып жатты. Міне содан бері 20 жылдан аса осы дүбірлі мерекемізді қарсы алып, қаланың түкпір-түкпіріне киіз үй тігіліп, қазақтың ұлттық ойындарын дәріптеп, халыққа наурыз көже таратылып, ән айтылып, күй шертіліп халықтың көңіл күйі көтеріліп келеді. Ертедегі дәстүр бойынша мереке алдында ер адамдар сақал, мұртын, шашын алғызып, қора қопсығын тазартып, ал әйел адамдар үй-ішін қағып-сілкіп, жаңа киімдер тігіп, бір-біріне беретін сыйларын әзірлеген. Дәстүр, түсінік бойынша Наурыз тазарту, жаңару, түлеу күні, жаңа-жылдың жаңа рухани тазару, арылу күні деп есептелген. Бұл күні әр адам өзінің пендешілігінен тыйылып, тәубесіне түсіп, алдына келген адамның көңілін қалдырмауға тырысқан. Ұлыстың ұлы күні «Алдыңа келсе-атаңның құнын кеш» деген мақалды ұран етіп ұстап, бір-біріне деген өткен реніштеріне кешіріммен қараған. Сондықтан да Наурыз бірлік пен ынтымақтың ақ тілек, ақ батаның күні болған. «Әз Наурыз төрге шық» деп мерекені кең дастархан мен қарсы алған. Қазір ескі дәстүр жалғасын тауып, Наурыз мерекесін тойлауға еңбектеген сәбиден бастап, еңкейген қартқа дейін мерекемізді тойлау тұрақты дәстүрімізге айналды. Осыған орай жергілікті республикаға, облысқа тарайтын кең оқырманы бар «Семей таңы» газеті біздің мұрағатымыздың қорларын толықтырып отыратын газеттеріміздің бірегейлісі. Осы газет бетіне Наурыз мерекесі туралы жарияланған мақалалар 1990 жылдан бері қарай қолға алынған, әр жылдағы мақалаларға үңілсек ауыл ақсақалдары, журналистер, ақын-жазушылар өздерінің ішкі лебіздерін мақала етіп, ән-жыр етіп жазып қалдырған. Мысалы «Семей таңы» газеті 1990 жыл, наурыздың 22-сі, 56-шы нөмірінде ақын Қалихан Алтынбаевтың «Ұлыс күні оң болсын, ақ мол болсын, қой жылының наурызы ақжол болсын!» өлеңі берілген екен. Осы өлеңін қазіргі оқырман қауымға ұсынуды дұрыс деп санадық. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қой жылының наурызы ақжол болсын! Наурыз мерекесін барша жұрт зор қуанышпен тойлайды. Бала-бақшада, мектептерде, мекемелерде, жоғары оқу орындарда, мәдени мекемелерде, кәсіпорындарда барлығында наурыз мерекесі атаусыз қалмайды Сол секілді біздің де Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында жыл сайын дәстүрлі мерекемізді тойлаймыз. Ұжымымызда ұйымдастырылған мерекелік шараға әр қырынан дайындалып, мерекелік ұлттық тағамдарымызды әзірлеп, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп көріністер ұйымдастырамыз. Осындай шаралар ұжымымыздың мерекелік көңіл күйін марқайтып, алдыға өмірге деген қызығушылықтарын арттырады. Біздің ұжым осындай мереке қарсаңында барша халықты, қала қонақтарын дәстүрлі төл мерекеміз Наурыз мейрамымен құттықтайды. Бүкіл әлемді нұр шуағына бөлеген береке мен татулықтың тамырын тереңдетіп, адамзаттың күш-қуатын асқақтатқан көктемнің ақ жолтай Наурыз мерекесі әр шаңыраққа құт береке әкелсін! Барша тірліктің тынысы кең, берекесі берік, ел мерейін өсірер игілікті істер көп болсын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! ШҚО Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының археографы
|