Жариялымдар / БАҚ мақалалары

Тәуелсіздік мұрасы-мұрағат айнасы

Еліміздің тәуелсіздігін алғаннан бері Қазақстанымызда айтарлықтай игі іс- шаралардың атқарылғаны өткен тарихымыздан белгілі. Осындай игі істер Семей қаласының Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында да атқарылғанын мақтанышпен айта аламыз.
1920 жылы Семейде алғаш мұрағат қоры құрылған кезден бастап осы уақытқа дейін мұрағатымызда 591 276 құжат сақтаулы тұр. Бұл құжаттар мұрағаттың «алтын қорының» ажырамас бөлігі болып табылады. Ал өңірімізге танымал жеке тұлғалардың құжаттары, 1905 жылдан басталған газет қорлары мұрағаттың баға жетпес асыл қазынасы деуге болады. Бұлар- азамат және Ұлы Отан соғыстарының ардагерлері мен Кеңес Одағының Батырлары, танымал қоғам қайраткерлері, өнер адамдары мен жазушылар құжаттарының түпнұсқалары.
1992 жылы Семей облысы мұрағаты 191 130 сақтау бірлігін құрайтын бұрынғы коммунистік партия мұрағатының құжаттарымен толықты.
Семейлік мұрағатшылардың көптеген еңбектерінің арқасында өлкеміздің тарихының баға жетпес деректері жиналды, сипатталды, қалпына келтірілді және сақталды. Бүгінгі күнде ШҚО ҚЗТҚО мұрағатшылары өткен дәстүрді жалғастырып, Семей аймағының ғылыми, мәдени және қоғамдық өмірін бейнелейтін құжаттарды жинап келеді. 280 мекеме, кәсіпорын, ұйымдар ШҚО ҚЗТҚО құжат қорларын толымдайтын дереккөздер болып табылса, құжаттар мен материалдардың жаңа коллекцияларын құру барысы жүріп жатыр.
Осы жылдар ішінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда ҚЗТҚО мұрағатшыларының қосқан үлесі орасан зор.
Халқымыздың мұрағаттық құжаттар түріндегі құндылықтарымыздың қомақты бөлігі шет елдерде сақтаулы. Осыған орай бірінші рет мәдени мұраны сақтау және арттыру жұмысы мемлекеттік көлемде қолға алынып, қарымын кеңейтті.
Еліміздің тәуелсіздік алғанынан бері тарихшылар мен мұрағатшылардың ғылыми зерттеу бағыттары өзгерді. Осы орайда мұрағат қызметкерлері 2002 жылдың мамыр айынан 2009 жылдың желтоқсан айына дейін Омбы қаласының мұрағатына, Томск мемлекеттік мұрағатына, Алтай өңірінің мұрағат қорын сақтау орталығына, Санкт- Петербург қаласындағы Мемлекеттік тарихи мұрағатқа және Мәскеудегі Ресей мемлекеттік ежелгі актлер мұрағатына 10 іссапар жүзеге асырылды. Осындай атқарылған іс сапардың нәтижесінде Мәскеу, Санкт-Петербург, Омск, Томск, Новосібір, Барнаул қалаларының мұрағаттары мен мұражайларында біздің аймаққа қатысты шамамен он мың мұрағаттық құжаттар айқындалды. Осы аталмыш шараның нәтижесінде Шығыс Қазақстан аймағының тарихына қатысты мәліметтер беретін 1000-нан асатын ісқағаздардың тізімі жасалып, құжаттардың көшірелері мен микрофильмдері алынды.
Осы құжаттарды пайдалана отырып мұрағат қызметкерлері Семейдің байырғы оқу орындарының бірі Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, Академик М.Қозыбаев атындағы ғылыми орталық, «Алаштану» ғылыми орталықтарымен бірлесе отырып жарыққа шығарды. Олар: «Из истории Семипалатинска», (қаламыздың 285 жылдығына), «Семей көшелерінің жылнамасы», «Семейлік татарлар тарихы», «Полигон», «М.Ауэзов Семипалатинский период», «Герои Советского Союза-семипалатинцы», «Летопись Семипалатинского Прииртышья в годы Великой Отечественной войны», «Завтра возвращаюсь на фронт».. (из истории эвакогоспиталей), «Всегда в строю» (о Герое Советского Союза Н.Н. Силине), «Нейзвестные страницы Семипалатинского Прииртышья, ХVIII – начало ХХ вв», «Торговые связи Семипалатинского Прииртышья, ХVIII – начало ХХ вв », «Из истории величайшей трагедии казахского народа» (1932-1933 жылдардағы ашаршылық), «Административно-территориальное управление Восточного Казахстана, ХVIII – 30 гг. ХХ вв», «Развитие горного дела в Восточном Казахстане ХVIII – 30 гг. ХХ вв », «Исследователь Степного края» (Н.Я.Коншин туралы), «Восточная Алашорда», «Переселенческая политика царского правительства и ее осуществление в Казахстане, ХVIII – начало ХХ вв», «Семипалатинские дивизии» (Жеңістің 65 жылдығына байланысты), «Дарю тебе жизнь», «Противостояние»..(полигон жабылуының 20 жылдығына орай) жарық көрген кітаптар өз оқырмандарын тауып, оқытушыларға, оқушыларға, студенттерге, өлкетанушыларға, өзі туған өлкесінің тарихы қызықтырған барлық жанға үлкен көмегін тигізді.
Сонымен қатар мұрағат қаламыздың мәдени орталықтары өлкетану мұражайы, Ф. Достоевский мұражайы, Абай атындағы қорық мұражайы, орталық кітапхана, Абай атындағы кітапханалармен өте тығыз байланыста жұмыс жасайды. Мұрағат құжаттарында қамтылған, өткенді шолатын ақпараттар кеңінен және жан-жақты пайдаланылады.
Оқу залында жыл сайын тек Семей қаласының емес, Қазақстанның басқа да аймақтарынан, алыс-жақын шетелдерден келген жүзден астам зерттеуші-ғалымдар, өлкетанушылар, оқытушылар, студенттер, жеке тұлғалар құжаттармен жұмыс істейді. Келген зерттеушілердің мұрағатқа кіріп, жұмыс жасауына мүмкіншілік жасалған. Зерттеушілердің қызметіне ҚЗТҚО құжаттарына жаңа технология бойынша ақпараттық-іздеу жүйелері, жолкөрсеткіштер, қор бойынша қысқа анықтамалық, істер тізімдемелері, автоматтандырылған мәліметтер базасы, каталогтар, құжаттардың тізбелері мен тақырыптық шолулар бар. Сонымен қатар мұрағат құжаттарын сақтап қана қоймай, оларды көпшілікке әйгілі ету мақсатында, Семей аймағы тарихы бойынша экскурсиялар жүргізеді, теле және радио бағдарламалар, баспасөз беттеріне яғни республикалық маңызы бар газет, журналдарға мақалалар дайындайды. Қаламызда өтіп жататын атаулы мерекелік шаралардан қол үзген емес, үнемі құжаттарды негізге ала отырып көрмелер жасап шығарып тұрады.
Бұрын құжаттардың қазақ тілінде айтылып және ғылыми айналымға енгізілуіне жол берілмеді. Ал қазір ана тіліміз мемлекеттік мәртебе алғаннан кейін, баспасөз беттеріне ана тілімізде көптеген мақалалар жарық көріп, араб және латын графикасымен оқылатын құжаттарға сараптама жасалып, теле радио бағдарламалары арқылы көпшілікке насихатталуда.
2009 жылы мұрағатымыздан бүкіл республикамызды елең еткізген, қазақтың ақын-жазушысы Шәкәрім Құдайберді ұлының Шыңғыстау бөктерінде түскен, бұрын жарыққа шықпаған үшінші фото суретінің табылуы айтулы оқиға болды. Біз мұрағат қызметкерлері фото суреттің тұсау кесерін жасап жұртшылықпен таныстырдық.
Ал 2010 жылы мұрағатымыздың 90 жылдық торқалы тойын жасадық. Осы 90 жылдық атаулы мерейтойға арналған «Еліміздің әлеуметтік-саяси және мәдени дамуын зерттеудегі мұрағат құжаттарының маңызы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Конференцияға Ресей Федерациясынан, Астана, Алматы Қарағанды, Өскемен және т.б қалалардан ғалымдар келді.
Осындай атқарылып жатқан игі істер 1987 жылдан бастап мұрағат басшысы болып келе жатқан. Гүлнар Төлеуқызы Қасымованың бастамасымен жүзеге асты десек артық болмас. Міне содан бері еліміз егемендігін алғалы жиырма жыл уақыт өтседе Гүлнар Төлеуқызы өзінің игі ісін ары қарай жалғастырып келе жатыр және жалғастыра береді деген сеніміміз мол.
Осы көне Семей мұрағатында ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан мұрағатшы апайларымыз, олардың ізін басып келе жатқан жас мұрағатшыларымыздың еңбектері айтарлықтай ерекше.
Мұрағат құжатынсыз мемлекетте, халықта, ұлтта болмайды деген сөз жиі айтылады. Бұл шынайы қағида. Ғасырлар өтеді, ұрпақтар бірін – бірі алмастырады, ол туралы естелік, тарих бірегей және баға жетпес дереккөзі саналатын мұрағат құжаттарында қалады. Ал осы құжаттарды сақтап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін мұрағат ондағы мұрағатшылар болмақ.

Мұрағат ғимараты Жарық көрген құжат басылымдары
   
Біздің ұжым


ШҚО Қазіргі заман тарихын
құжаттандыру орталығының
қызметкері Қадырова Л.Қ
Семей қаласы

 

Парақтар өзгертілді: 18-11-2011