Жариялымдар / БАҚ мақалалары

Ұлы Жеңіске 65 жыл Майданнан келген хаттар.....

Биыл Ұлы Жеңістің 65 жылдығын тойлаймыз. Бұл айтулы дата миллиондаған адамдар үшін салтанатты да қайғылы болып келеді, ХХ ғасырдың ортақ тағдыр тәлкегіне ұшыраған және сан жетпес адамдардың өмірін қиған аса ауыр құбылыс.
93 мыңнан астам семейліктер Ұлы Отан соғысы жылдарында қолдарына қару алып Кеңестік Отанды қорғауға қатысты. Семей облысының 30 мың жауынгері КСРО-ның ордендері мен медальдарының иегері болса, сонымен қатар 50 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

Бұл соғыс барлық отбасына қатысты болды. Себебі аталарымыз бен әкелеріміз майданда Отанын қорғаса, ал апаларымыз, әжелеріміз, аналарымыз тылда еңбек етіп, майданға киім-кешек, дәрі-дәрмек, тамақ т.б жіберді. Осылайша ақырғы демі қалғанша соғысып, тылда аянбай еңбек еткен, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ешқандай ұлтқа бөлінбей, бір жапырақ нанды бөліп жеген қарт жауынгер бабаларымыздың еңбегінің арқасында Отанымыз жаудан азат етілді.

ШҚО Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы Ұлы Отан соғысына қатысқан біздің жерлестеріміздің ерліктеріне айғақ болатын көптеген құжаттарды сақтап отыр. Осындай баға жетпес құнды деректердің арасында «Майданнан келген хаттар» топтамасы жинақталған. Бұл хаттар соғыста  жүріп, еліне деген сағынышын баяндайтын жас жауынгерлердің жазған  хаттары, сонымен қатар ауылдағы жергілікті газет бетіне жіберген мақала, өлеңдерінің түп нұсқасы.
Жазылған хаттардың қағазы сарғайса да, сыясы сол қалпында сақталған. Біз осы сақталған хаттардың біразын оқырман қауымға ұсынып отырмыз.
№1 хат.

                                                 Тез құртайық.
Барайық жігіттер майданға көпке созбай,
ұрыста алайық қолға, Берлинді артта,
сағынып жатыр ата-ана, сүйген жарың қаракөз
қашан келер деп асығып, ода жүр.
Соғыс күннен күнге өрледі. Катушадай оружие
орнында тұрып ойнаса офицері немістің
қол көтеріп өзі келер пленге, өз қылғанын өзіне,
ойран салайық жеріне, басшысы немістің Гитлер,
байлап қолға алайық, сөйтіп енді табыс пен
туған елге барайық.
Батырлық пен жүректіге өлім жоқ,
қорқақ болсаң жігіттер өлім қаза жақында.
Бес жыл болды мен елден шыққалы.
Келемін содан бері майданда
үйреніп артиллерия тетігін
туралап немістің точкасын ұрамын.
Екі рет алдым орденді. Қазірде госпиталда жатамын.
Тез жазып жараны, барамын қайта майданға.
Барып неміс жерінде ойран саламын.
ст. сержант Лежанов Мүлік
«Жаңа ауыл» газетінің редакторына мен Лежановтен өтініш: Сізден өтініп сұрайтыным мына мақаланы келмейтін сөзін алып, түзетіп шығаруыңызды сұраймын. Осы сөзді айна жүзінде шығарсаңыз қорытындысын жіберуіңізді сұраймын.
Менің әдірісім: Московская обл. гор. Серпухов
                       Ул. Пушкина ШК №3
                       Лежанову Мулюку
Кім десеңіз Ақтоғай советінің Қызыл Отау колхозының мүшесі
Қолы                                     21.01.1945жыл.

                                                  №2 хат.
«Жаңа ауыл» газетінің редакторы жолдас Сүлейменовке

Қымбатты ағай Сүлейменов!
Қалай аман-есен денсаулықтың арқасында жақсы жайда жүріп жатырсыз ба?
Қал жайыңыз жақсы ма? Ал, сізге осы хатты жазып отырған Аягөз ауданының баласы мен-Мадишев Сабыр деген боламын. Хат арқылы сізге айтар сөзім мынау: Мен өзім Ворошиловград қаласында әскер қатарында войск НКВД-де служить етемін. Менімен бірге Аягөзден болмаса да қазақ балалары бар. Әрине, олар орыс тілін өте аз біледі.
Мен өзім штаб дивизияда старший писарь болып қызмет істеймін. Ал, нагрузка ретінде комсомолдық поручение ретінде осы қазақтардың арасында полит информация жүргіземін. Мінеки ол үшін дайындалу керек. Ол үшін орыс-қазақ тілінде газеттер керек.
Екіншіден Сүлейменов ағай!
Маған очень интересно. Сол өзіміздің аудандық газетті оқып, біліп елдің, колхоздардың жұмыс бет алыс жақтарын білудің өзі маған өте қызықты.
Сол үшін мен жаңа осы в/частағы қазақ балалары болып, Сүлейменов ағай, сізден өте сұранамыз: мүмкіншілігі болса, бізге «Жаңа ауыл» газетінің әрбір күнделікті нөмірі, бойынша бізге жіберіп отыруыңызды.
Мы Вас очень просим не отказывать нашей просьбы. Егерде ақша керек болса біз ақша жібереміз. Только атап жазыңыз әрбір айына қанша ақша керектігін.
Адрес. УССР. г. Ворошиловград.

в/часть 6302 Мадишеву Сабыру деп жіберіп тұрыңыз. Ал, қош сау болыңыз. Сізден жауап күтемін.
Хат жазған мл.сержант. Мадишев Сабыр

Қолы  10.03.1945 ж

                                                      №3 хат.
                    Қазақтың батыр қызы Баян Байғажинаның
                    фронттағы ерлігі,  менің танысуым

Март айының бас кезінде Германияның территориясында «Г» қаласында 7 шақырым жерде, біз бір неше күн алға басуда болдық командованияның бұйрығы бойынша бір бекісте кідіріп бір неше күн бекіс жасадық. Мен өзімнің бөліміме шектес бөлімді біліп байланыс жасайын деп, іздеп бара жатыр едім, бір қолайлы биіктікте немістен 500-600 метрлік жерде бекіп отырған советтің 3 солдатына кездестім, жақындап келгенімде бұлар мені құрметтеп окопта орнынан тұрып приветствие етті.
Қыйылған қас қаракөз, қараторы, басында солдатски шапкесі бар совет қызы мен танысайын дегенімше менен бұрын, ағай қай жердікісіз деді. Семей облысы Абралы ауданынікімін деген, сөз менің аузымнан шығуы мұң екен, көптен жерлестеріне кездеспеген қазақтың батыр қызы, туған ағай болдыңыз ғой. Мен Шыңғыстау ауданы Баян Байғажина ғой деп шап беріп қолымды алды.
Өте-мөте қиыншылық жағдайда, ауыр күндерде көп уақыт жерлестерін кездеспеген Баян құмарта әңгімелесті. Ең алдымен өзінің Қазақстаннан фронтқа келгенін фронттағы ерлігін, Белоруссияда 2 неміс шпионын немістің Гинденбург қаласында 15 неміс солдатын жойғанын айтты. Менен құмарта елдің жайын сұрады. Әрине уақыт көп әңгімелесуге болмады бар жоғы 3-4 сағаттай уақыт өткіздік. Ұлы Отан соғысы кезінде фронтта талай ерлік көрсеткен қазақтың талай адал ұлдары көп, бірақ қазақ қыздарын фронтта мен бірінші рет Баянды ғана көрдім.
Баян қазақтың герой өткір жас қызы. Фронтта атқыштар қатарында. Баян Байғажина Қазақстанда пармировой етілген бір частімен фронтқа келеді, соғыста жаралы болып қайтып ол частіге бара алмайды. Баян Байғажина 2 рет жаралы болған. 4 орденді, орден «Красной Звезды», орден «Слава», орден «Отечественной войны» және медаль еңбегі үшін наградталған. Мұндай үкіметке Отанға еңбегі сіңген Баян сияқты қазақ қыздары санамалы. Баян кәзірде госпитальда.
Баян менен елге туған елдің газетіне хат жазуды сұрады. Қазақ қыздары Баян сияқты еңбек сіңіріңдер.

                                             4 орденді гвардия аға лейтенанты
                                              Мұрат Қабышов
                                             Полевая почта 48924     28.03. 1945 жыл.

Осы секілді жерлесіміз жазушы Ә. Нұршайықовтың «Біз Берлинге барамыз». (Достарға хат) деп аталатын 8 шумақта тұратын өз қолымен жазған өлеңінің түп тұсқасы. Өлеңнен үзінді келтірсек.

                                 Талқандауға тәкәппар тас, кірпішін
                                  Күйретуге зұлымдық қара күшін
                                 Азаттық пен еркіндік мәңгі баян
                                Үстем болып өмірде тұру үшін

                                Біз Берлиннің өзіне барамызнақ.
                                Достарым құлақ салып сөзіме бақ
                                Әзір кетіп барамыз жасап жорық.      
                                 Болуымыз Берлинде түбінде хақ

                                 Бақыттың құшағында ер жеткенбіз
                                 Даңқымызды дүниеге өрлеткенбіз
                                 Қаза тапқан достарға кеше жаудан
                                 Барамыз деп Берлинге ант еткенбіз.

                                Майдандағы армия 1944 ж. 

Бұл жазылып отырған хаттар ешқандай өзгертусіз, өз қалпында беріліп отыр. Топтамадағы жинақталған хаттардың көбі Жарма ауданының майданға аттанған жауынгерлерінің хаттары болып табылады. Себебі 1943 жылы Жарма ауданында майданнан келген хаттарды жинастыру барысында акция ұйымдастырылған. Сол жинақталған хаттар кейін Семей қаласындағы мұрағатқа тапсырылады. Осы мақалада жазылған кейіпкерлердің ұрпақтары өз аталарының хаттарын оқып, танысып үлкен әсер алады деген ойдамыз.
Әр хаттың мазмұнына терең үңілетін болсақ, жас жауынгерлердің майдан да жүріп-ақ, туған елге деген сүйіспеншілігін, жасаған ерліктерін газет бетіне мақала етіп шығаруын өтінген. Осындай деректерге қарап, келешек жастардың Отанға, жерге, елге деген патриоттық сезімдерінің оянуына куәгер боламыз.
Соғыста қаза болған ата-бабаларымыздың ерлігін мәңгі есте сақтау, олардың рухына тағзым ету, соғыс және еңбек ардагерлерінің құжаттарына, газет материалдарына қарап өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеу. Ал ең бастысы қазақ жерінде бейбітшілік пен ауыз бірлігімізді сақтау біздің, әрбір қазақ азаматының адамгершілік, азаматтық борышы.
Қазір ортамызда санаулы ғана қалған ардагер қарт аталар мен ақ жаулықты әжелерімізді Ұлы Жеңістің 65 жылдығымен құттықтаймыз!
Дендеріңізге саулық, бақытты ғұмыр тілейміз. Соғыс болмасын, аспанымыз ашық, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын.

 

Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының қызметкері
Лаура Қадырова

 

Парақтар өзгертілді: 17-06-2011