Ер есімі – ел есінде
Оңдасынов Нұртас Дәндібайұлы жайлы
Қасиетті Семей топырағында талай қайсар азаматтар туып, еңбек еткені тарихымызда белгілі. Данышпан Абай, Шәкәрім, Мұхтарлардан бастап, осы уақытқа дейін қазақ даласына еңбегі сіңген біртуар қазақ перзенттерін мақтанышпен айта аламыз.
Осындай азаматтардың ішінде Оңдасынов Нұртас Дәндібайұлы да бар. Ол кісі кім болған? Қандай жұмыстар атқарды? Осындай сұрақтар төңірегінде біз мұрағатшылар, мұрағат қорындағы құжаттарды қарастырған едік. Нәтижесінде Нұртас аға жөнінде біраз деректерді кездестірдік. Ол кісі Семей жерінде 1938 жылдың ақпан айынан шілде айына дейін Шығыс Қазақстан облыстық атқарушылық комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған екен. Қ -15. тізім 1, 102 істе (Шығыс Қазақстан облыстық атқарушылық комитеті), 13 ақпан 1938 жылы Шығыс Қазақстан облыстық атқарушылық комитетінің қаулысы шыққан, онда «Шығыс Қазақстан облыстық атқарушылық комитетінің төрағасы болып Оңдасынов Нұртас тағайындалсын »- деп жазылған.
Ал 1950 жылғы жергілікті «Екпінді» газетінде (3 наурыз № 45 нөмір) Нұртас Дәндібайұлы туралы мақала жарық көріпті. Біз осы газеттегі мақаланы оқырман қауымға ұсындық. Бұл азамат туралы бірі білсе, бірі білмейді. Дегенмен аз да болса Семей жерінде маңдай терін төгіп, еңбек еткен азаматтарымыз туралы біліп жүрсек артық болмас.
Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов
Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов 1904 жылы, Оңтүстік Қазақстан облысы, Фрунзе ауданының «Үшқайық» ауылында туған.
Оның балалық шағы қуанышсыз өтті. Отбасының үлкендері күн көру үшін байларға жалданды. 1915 жылы Нұртас Оңдасынов ауылдық мектепке түсті. Бұл мектепте ол бір-ақ жыл оқыды. 1916 жылы оның ағасын патша үкіметі тыл жұмысына әкетті. Сол себепті ол оқуды тастап, әкесімен бірге жалданып нан табуға шықты.
1917 жылы оның әкесі жұмыс іздеп Ақтөбе облысына барады. Көп ұзамай әкесі қайтыс болып, жетім-жесір семья Ташкенттің қасындағы Келес станциясына көшіп келеді. Мұнда 1918 жылдан бастап Оңдасынов жолдас жүн жуатын орында, кейіннен кірпіш заводында қара жұмысшы болып істейді.
Кеңес үкіметі кедейлердің балалары үшін мектептер мен балалар үйлерінің жанынан интернаттар ашты. Нұртас 1920 жылы интернатқа алынды. Мұнда ол Ленин комсомолының қатарына өтіп, жақсы оқи бастады, сөйтіп орман техникумының даярлық бөліміне, одан соң техникумның өзіне түсіп оқыды. Сонымен, жетім балаға жаңа жарқын өмірдің бұрын езілген халықтар үшін Ұлы Октябрь Социалистік революциясы әкелген өмірдің даңғыл жолы ашылды.
1926 жылы орман техникумында оқып жүрген кезде, Оңдасынов жолдас Коммунист (большевиктер) Партиясының мүшелігіне өтті.
Келесі 1927 жылы Оңдасынов жолдас орман техникумын бітіріп, орман және су шаруашылығы мекемелерінің системасында бірнеше жыл ұдайы қызмет етті.
Ол 1930 жылы Ташкенттегі ирригациялық институтқа келіп түсті. Оның үш курсын бітіргеннен кейін Оңдасынов жолдас жұмысшы факультетінің оқытушысы және директоры болып істеді.
1934 жылдың Октябрь айында Оңдасынов жолдас Қазақстанға жіберілді. Мұнда ол алғаш Қазақстан орман шаруашылығы тресі бастығының орынбасары, одан соң бастық болып қызмет атқарды. 1936 жылғы августан 1938 жылғы февральға дейін Оңдасынов жолдас Қазақ ССР Егіншілік Халық Комиссариатының ағаш егу басқармасының бастығы болып, 1938 жылдың февралынан июль айына дейін еңбекшілер депутаттарының Шығыс Қазақстан облыстық Совет атқару комитетінің председателінің міндетін атқарды.
1938 жылы Шығыс Қазақстан облысының еңбекшілері Оңдасынов жолдасты Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты етіп сайлады, ал 1947 жылы ол республика Жоғарғы Советінің депутаттығына тағы да сайланды. 1938 жылдан бастап Н.Д.Оңдасынов республика Халық Комиссарлары Советінің председателі болып істейді, ал, Халық Комиссарлар Советі Министрлер Советі болып қайта құрылғанда Қазақ ССР Жоғарғы Советінің сессиясы оны Қазақ ССР Министрлер Советінің Председателі етіп бекітті. Осы жоғарғы мемлекеттік қызметте ол қазіргі уақытқа дейін істеп келеді.
Оңдасынов жолдас Коммунист (большевиктер) Партиясының қатарына алынғаннан бері партияның сара жолын большевиктік принципшілікпен және қажырлылықпен жүзеге асыруда. Ол Қазақстан Коммунист (большевиктер) партиясының ІІ, ІІІ, ІV сьездерінің жұмысына қатысты, 1938 жылдан бері Қазақстан К (б) ІІ Орталық Комитеті бюросының мүшесі болып келеді.
1939 жылы Оңдасынов жолдас Бүкілодақтық Коммунист (большевиктер) партиясының ХVІІІ сьезіне делегат болды. Мұнда ол БК(б)П Орталық Комитетінің Тексеру Комиссиясына мүше болып сайланды. 1941 жылы Алматы сайлау округінің еңбекшілері Оңдасынов жолдасты бірінші шақырылған ССРО Жоғарғы Советінің депутаты етіп сайлады. 1946 жылғы февральда ол екінші шақырылған ССРО Жоғарғы Советінің депутаттығына тағы да сайланды. ССРО Жоғарғы Советінің сессиясында Оңдасынов жолдас Одақ Советі председателінің орынбасары болып сайланды.
Республиканың еңбекшілері Оңдасынов жолдастың Қазақ ССР Министрлер Советінің Председательдік қызметінде отырып Ленин-Сталин партиясының адал ұлы ретінде жүргізген зор мемлекеттік жұмыстарын жақсы біледі. Республиканың үкіметін басқара отырып және Совет Үкіметінің директивалары мен нұсқауларын мүлтіксіз жүзеге асыра отырып, ол Қазақ ССР шаруашылығы мен мәдениетін одан сайын өсіру жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Партия мен үкімет Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың жанқыярлық еңбегін жоғары бағалап, оны үш Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен наградтады.
576 Алматы қалалық сайлау округінің еңбекшілері Оңдасынов жолдасты ССРО Жоғарғы Советінің Одақ Советіне депутаттыққа кандидат етіп ұсынды.
Лаура Қадырова
ШҚО Қазіргі заман тарихын құжаттандыру
орталығының қызметкері.
|