Мұрағаттан алынған асыл мұра
Азамат соғысының,Ұлы Отан соғысының ардагері Серікбаев Файзрахман туралы жинақталған деректер жайлы бірер сөз.
«9 мамыр Жеңіс күні» бұл күнді ешкім, ешқашан ұмытпайды. Осындай бақытты күнге жетіп, ашық аспан аясында өмір сүріп жатқанымыз, біздің ардагер аталарымыздың маңдай тері.
Ерлікпенен , жеңіс үшін, Отаны үшін жанын беріп, жауға қарсы тұрған жауынгер аталарымызға бас иіп, тағызым етеміз.
Ұлы Отан соғысына мыңдаған жастар аттанды.Солардың ішінде Серікбаев Файзрахман да бар еді. Шығыс Қазақстан Облысы, Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихы құжаттамасының орталығында мыңдаған құнды құжаттар сақталатыны бәрімізге мәлім. Осындай құжаттар ішінде Ұлы Отан соғысының ардагері Серікбаев Файзрахман жайлы жеке құжаттар жинақталған.
Серікбаев Файзрахман 1898 жылы Өскемен қаласында қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келеді. 1911-1915 жылдары Семей қаласындағы 4 сыныпты қалалық училищеде білім алады. Өзінің өмір жолын, еңбек жолын ерте бастаған Файзрахман 1916 жылы Семей облысының Ақжал кенішінде бұрғылаушы болып жұмысқа орналасады. Осы жерде 1919 жылға дейін жұмыс істейді. 1918 жылы Рудниктің басшылары, ағылшындар кеніштегі алтындарын ала алмай тастап кеткен. Ағылшындардың алтынды тастап кеткенін естіп, атаман Ананенко өз бандасымен кенішті басып алып, алтынды алуға Ақжалға шабуылға шығады. Бірақта оның ойы іске аспай қалады. Себебі елін, жерін қорғауға Ф.Серікбаев бастаған партизандар отряды қарсы тұрып, халық байлығын қорғауға аттанады. Партизандар банданы Ақжалға жолатпай, кеніштегі алтынды қорғап қалады да, азамат соғысының аяғына дейін ақтарға қарсы күрес жүргізеді.
Қызыл партизандар тобында 1919-1918 жылғы штаб тізімінде 34 адам тіркелген оның ішінде Файзрахман Серікбаевта бар.(қ.683,т.1,іс.7,б.1).
1921 жылы Ф.Серікбаев Өскемен қаласында милиция бөліміне тергеуші болып қызметке тұрады. 1941 жылы қазан айында қызыл әскер қатарына алынып, 21 дивизия , 288 полк, 41406 әскери бөлімге қабылданады.
С. Файзрахманов өзінің батылдығымен, жауапкершілігімен көзге түседі.
1945 жылы 14 шілдеде 41406 әскери бөлімнің командирі майор Колесов, аға сержант Ф.Серікбаевқа алғыс жариялайды.Бірнеше мақтау қағаздарымен марапатталады. Осылайша Отан соғысы кезінде ерлік үшін терін төккен Файзрахман аға аман-есен еліне, кіндік қаны тамған, туған топырағына оралады.
1946 жылы Ақжал кенішінде «1-ші май» Артеліне төрағалыққа тағайындалады. Осы жылдың желтоқсан айынан бастап Ақжал еңбекшілері поскеңес депутаттары Атқарушы комитетінің төрағасы болып ауысады.
Зейнетке шыққанға дейін осы қызметте еңбек етеді.
Файзрахман Серікбаевты ауылдастары, қызметтестері аса жоғары бағалап үнемі ол кісінің өзінің аузынан өмір баянын тыңдап естеліктер жазып отырған.1968 жылы Файзрахман Серікбаев Қостанай облысы Рудный қаласында қайтыс болады.
Болашақ ұрпаққа Файзрахман Серікбаевты танытатын, Азамат соғысындағы, Ұлы отан соғысындағы жасаған ерлігін, зейнетке шыққанға дейінгі жасаған еңбектерін көрсететін осы мұрағаттағы сақталған құжаттары болмақ.
Қазіргі заман тарихы құжаттамасының орталығында Ф.Серікбаевтың жеке қорында, 11 бөлімнен тұратын құжаттар тіркелген.
1-ші бөлімде: өмірбаяны туралы құжаттар, оған жеке парақ, еңбек кітапшасы, өмірбаяны, мінездемелер, марапаттау қағаздары.
Қоғамдық қызметтері жайлы бөлімде: куәлік, мандат, мүшелік және кәсіподақ кітапшалары, әскери билеті және қоғамдық қызметке байланысты материалдары. Сонымен қатар фотосуреттері, өзінің қолымен жазған естеліктері және Ф.Серікбаев туралы жазылған газеттегі мақалалар жиынтығы сақталып отыр. Міне осындай құнды, аса бағалы құжаттардың болашақ ұрпақ тәрбиесіне беретін мәні сөзсіз.
Лаура Қадырова
ШҚО Қазіргі заман тарихын құжаттандыру
орталығының қызметкері.
|