Шәкәрім туралы естеліктер
Ақын, ойшыл, философ Шәкәрім Құдайберді ұлының туғанына 150 жыл.
(1858-1931)
Шәкәрім Құдайберді ұлы 20-шы ғасырдың басындағы қазақтың аса ірі ағартушыларының бірі.
Шәкәрімнің әкесі Құдайберді Абайдың үлкен ағасы, тобықты руынан тараған, ірі феодал Құнанбайдың ұлы.
Шәкәрім 5 жасқа толғанда, әкесі оны моллаға араб, парсы тілдерін үйрену үшін оқуға береді. Ол белсенділігінің, танымдылығының арқасында шығыс тілдерін, одан кейін орыс тілін тез меңгеріп алады. Әкесі қайтыс болғаннан кейін, Шәкәрім атасының қолында тәрбие алады. Оған әкесінің інісі жиырма жасар Абай тірек болады. Абайдың жетелеуімен оның әдебиетке, философияға, тарихқа, географияға музыкаға деген ынта-ықыласы оянып, қызығушылығы арта түседі. Абай інісінің музыкаға деген ынтасын байқап, ауылға белгілі домбырашы Біткебайды шақырады, ол кісі Шәкәрімді домбырада ойнауға үйретеді. 14-15 жасында Шәкәрім музыка шығара бастайды. Орыс тілін жақсы меңгереді. 1903 жылы Ш.Құдайбердиевті Семей орыс географиялық қоғамына мүше етіп тағайындайды. Онда орыс географиялық қоғамының мүшелері Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтармен, мұғалім Рахметолла Елкібаевпен танысып, араласа жүріп гуманистік ағартушылық көзқарасы оянады. 1906 жылы Шәкәрім атақты шығыс қалалары Кайр, Стамбул, Мекке, Мәдинәні аралап, кітапханаларынан ежелгі қолжазбаларды жинайды. Стамбулде жүріп шығыс тілін үйренеді. Елге қайтарында ол белгілі ғалым, философ Кант, Пастер т.б жазушылардың кітаптарын ала келеді.
Қазақстанда кеңес үкіметінің орнауы, 1920-1921 және 1930-1931 жылдардағы ашаршылық, 1928 жылғы жаппай тәркілеу барлығы ақынның дүниеге көзқарасын оятып, үлкен әсер етті. Осы кезде Шәкәрім халық арасынан кетуге мәжбүр болды. Ол Шыңғыстау тауларының бөктеріне келіп, жалғыз өзі өзінің өміріндегі болған оқиғаларға көз жібертіп өз ойын жазады. Ал ақынның бұл қылығы кеңес үкіметі басшылығына күдік туғызады. Ақырында оны қудалап жүріп 2 қазанда 1931 жылы өлтіреді. Денесін Бақанасқа жақын жерде орналасқан құдыққа тастайды.
Осындай жағдайдан кейін оның кітаптары кітапханалардан алынды, тіпті жазушыны еске алудың өзі қылмыс болып саналды.
Уақыт өте келе біз оның қызметі жайлы, ұрпаққа қалдырған бай әдебиеттері мен ғылыми зерттеулері жайлы тереңінен таныстық. 1988 жылдан бастап ақынның творчестволық мұрасын тексерген комиссияның жұмысының қорытындысын Республика Мәжілісінде қайтадан қарап, ойшыл, ағартушы, философ, ақын Шәкәрім Құдайбердиевтің заңсыз қуғын-сүргінге ұшырағанын ескеріп, оның ғылыми-педагогикалық әдеби еңбектерін жарыққа шығарады. Шәкәрім туралы деректер мұрағат қорындағы құжаттарда да кездеседі. Жалпы Семейдегі Қазіргі заман тарихы құжаттамасы орталығы тарихи деректі құжаттарға өте бай. Әр құжатқа терең үңілсек талай өткен дәуірдің оқиғаларына куә боласың. Осындай құнды, аса бай құжаттар арасынан Шәкәрім Құдайберді ұлына қатысты бірнеше құжаттарды кездестіреміз. Бұл облыстық партия комитеті қор 103, т 20, іс 158.159 қазақ тіліндегі мәтінде жазылған құжаттар. Атап айтсақ Шәкәрімді таныған ауылдастары, дастархандас болған азаматтары жазып кеткен естеліктері 103 қор, 20 тізім, 158,159 істе айқын көрінеді.
Біз оқырмандарға осы қордағы бірнеше құжаттарды ұсынып отырмыз. Әрбір естелікте Шәкәрімнің халқына мирас етіп қалдырған еңбектері жайлы, оның адамшылық қасиеті, оны қудалап ізіне түскен адамдар туралы нақты, айқын деректер жазылған. Бұл туралы төмендегі құжаттардан оқи аласыздар.
№1.
Шәкерім Құдайберді ұлының өмірін зерттеу
жөнінде, аудандық партия комитетінің жанынан
құрылған комиссияға Қайнар ауылының жылқышысы
Омаров Кәрібайдан.
16 қазан 1962ж.
Мен, Омаров Кәрібай 66 жастамын. Руым тарақты, Арғын боламыз. Осы жасыма келгенде Шәкерім туралы білетінім мынадай. 1927 жылы, Шұбартауда Шоқыбас деген байдың жылқышысы едім. Жота-жота мен жүріп отырып, кеште Шәкерімнің қосына келдім. Кіріп келсем кішкентай жалғыз қора екен. Қорада азғана үйілген шөпте екі ат байлаулы тұр екен. Кішкене үйге кірдім. Пештің түбінде отырған ұзын бойлы ақ сақал адам, менің сәлемімді алды. “Киіміңді тастап отыр балам” деп, қошемет жасады. “Қайдан келесің, малдарыңның халі қалай, биелерің іш тастағаннан аманба” деп сұрады. Менің көзіммен көргенім, кішкентай үстел, оның үстінде үйілген кітап, кішкене орындық, қауырсыннан жасалған қаламсап бар. Қолында көмекші бір жігіті бар екен. Шай іштім, сондай күтті. Ымырт жабыла бергенде, үйдегі жатқан екі тазы үрді. Жігітіне “далаға шығып қарашы” деді. “Далада 5-6 атты келіп түсіп жатыр” деді. Сәлем беріп келді, сол кездегі байлар екен. Шәкерім төсегінен тұрып, кеткелі жатқан байларға “менің сендерге айтайын бір ақыл сөзім бар, егер өздерің оны нақыл тұтсаңдар”деді. Мына құранның аятынан көрсетейін.
Онда былай дейді “Дүние бір кісі үшін жаралған жоқ. Адам баласының бәріне дүние бірдей деп айтқан. Енді олардың теңдік алатын уақыты жеткен шығар. Біз енді сол жалшыларға өздеріндей бағынышты болып, солардың малын біз бағатын болармыз. Болмаса бірдейлік уақыт туар” деді.
“Шәкерім көтеріліске қатысты” деген жала. Өзі жеке жүріп, өлең жазумен шұғылданған адам. Еңбектері жарыққа шықса деп тілек білдіремін.
№2.
Шәкерім Құдайберді ұлының өмірін зерттеу жөнінде,
аудандық партия комитетінің жанынан құрылған комиссияға
Иса Биназаровтан
16 қазан 1962 ж.
Мен, Иса Биназаров жасым 66 да 1926-жылдан КПСС мүшесімін. Руым қыдыралы кедей, Менің Шәкерім жөнінде білетінім: 1915-жылдың шамасы бала кезім. Қан шығыстың баурындағы Шәкерімнің аулына бардым. Ұзын бойлы, байсалды қарапайым адам екен. Сонда үйінде жинаулы тұрған кітапты көрдім. Ол кездің өзінде, сонда әңгімесін естігенімде арабтың, гректің, түрік тілдеріндегі кітапты оқып танысады екен. Сол кездегі әдепсіздікке, жалқаулыққа байланысты бірнеше өлеңдер шығарды. Мынандай өлеңін жатқа білемін:
Әмірханнан мәс етік парыз болып шықтыма,
Аяғыңды зорлықпен біреу оған тықтыма,
Өңі жылтыр болмаса, опайкеден мықтыма
Бал қоймай-ақ май қойсақ
Келген қонақ жемеспе,
Шешенмін деп заулатып, дым өтірік көп еспе.
Орынсыз, кербез адамдар туралы айтқан өлеңі де есімде.
Шедірейіп, шекиіп,
Қасын керіп кекиіп,
Құлдан пішін жасаған,
Біреу келер секиіп,
Еріншек жалқаулар туралы айтқан өлеңі де бар.
Еріншектен салақтық
Салақтықтан надандық
Бірінен бірі туады.
Табылар сүйтіп жамандық…
Менің пікірім, Шәкерім 1931-жылғы көтеріліске қатысты деу жабылған жала. Ол кісі сол кездегі елдің сөзін тыңдамау үшін, өзі жеке Бақанаста болды. “Өкіметке зиянды адам” деп есептеуге болмайды. Ел аузындағы басқа өлеңдері жиналып жарыққа шықса деймін.
№3.
Шәкерім Құдайберді ұлының өмірін зерттеу үшін
Абай аудандық партия комитетінің жанынан құрылған комиссияға
Жандыбаев Рахымнан.
1 қазан 1962 ж.
Мен Жандыбаев Рахым 72 жастамын. Оспан өлген жылы туыппын. Руым жігітек. Қарауылдың “Балпаң” деген жерінде өстім.
“Шәкерімнің өмірін зерттеп жатыр” деген хабарды естіп, сіздерге әдейі келдім. Жүрегі таза, көңілі ақ адамның басынан көтерілген дабылдың әділеттілікпен шешілуіне септігім тиеме деп келдім. Шәкерім ақ еді “Ол банды болды, халыққа қарсы тұрды” деген сөз бос сандырақ. Мен көрген Шәкерім тек ғалымға ғана ұқсас еді. Оған мына бір фактінін айтайын. 1910 жылы май айының ішінде жолаушы келе жатып, ағам екеуміз “Шолпан” деген жерде Шәкеріммен кезігіп қалдық. Жалғыз ат жеккен тарантастың алдыңғы жағында өзі, соңғы жағында Кәрімқұл деген жігіт отыр екен. Шәкерім өзі барып арбадағы жүктен 5 түрлі кітап алып келді де, бастыртып, әкеле жатқандығы туралы біраз әңгімелесіп кетті.
Ол кітаптар “Еңлік-Кебек”, “Қалқаман-Мамыр”, “Қазақ айнасы”, “Қазақ шежіресі” еді. Кейініректе Шәкерімнің өлеңдері басылып шыққан кітаптарды көптеп жинадым. Амал қанша кейініректе Шәкерімнің кітаптарының бір бетін қалдырмай үйімнен алып кетті ғой.
№4.
Шәкерім Құдайберді ұлының өмірін зерттеу жөнінде
құрылған, аудандық партия комитетінің жанындағы комиссияға
Қожақанов Айтқожадан.
14 қараша 1962 ж.
Мен, Қожақанов Айтқожа жасым биыл 74 те. Осы Абай ауданында туып өстім. Руым Қожа,Ырғызбай ішіне сіңген. Мұқтар Әуезовке төртінші атадан барып қосыламын. Бұл 1931 жылдың күзі болатын. Менің інім Оразғали Қожақанов “Бақанас” колхозының бастығы болатын. Бір күні кешке жақын аудандық начальник милиция Қарасартов бастаған отыз шақты адам “Бақанасқа” келді. Колхозға бастық інім ауылда жоқ болғаннан кейін, қашқын қарап жүрген бұлар мені жандарына ертіп алды. Біз жүруге дайындалып жатыр едік “Ақтанбаев Жұмағали” деген таудан түсіп келді де Қарасартовты оңашалап әлденені айтты. Ақтанбаев Жұмағалидың өзі біреуді-біреуге айдап салған адам болатын. Сол ақ екен бәрі атқа мініп тура жөнелісті. Мен үлгеріп олардың артынан келгенше мылтық даусы әлде неше рет шығып кетті. Көптен соң мылтық даусы басылды. Енді үймелеген жерге келсем өліп жатқан Шәкерімді көрдім. Сөйтсем сол арада Шәкерімнің мылтығын Қарасартов алған. Аяғындағы етігін “Қалиқов” деген татар қуана қолына ұстап кигелі тұр екен. Мен не болғанымды білмей кеттім. Маған Қарасартов “жаның ашып тұрау” деді. Мен жылап жібердім. “Атқан аңың жығылып жатқан соң мені кекеткеніңғой” дедім. Ол менің бұл сөзіме азалана қарапменен көзін айырмай тұрды. Аздан кейін менің көзімше Шәкерімнің үстіндегі барлық кимін сыпырып алып, көйлек дамбалшаң тастады. Маған Қарасартов “Сен несін аласың” деді. Мен “алатын несі қалды” дедім. Көп ұзаған жоқ Бақанасқа жүруге айналдық. Шәкерімді екі бүктеп түйеге теңдеуге айналды. Мен оған шыдамадым да бір кигізге жақсылап орап, табытты түйенің үстіне артуға ыңғайлап салдым. Біз осылайша Бақанасқа келдік. “Қашқын” деп Шәкерімді нақақ атып алған Қарасартов менен қауіптеніп жеке шошалаға қамап тастады. Осылайша мен 2 күн қамауда жаттым.
Менімше Шәкерім қашқын емес, нақақ атылды. Қашқын болатын адам емес. Жапан түзде жүргені жаңа емес. Шәкерімнің сырын бүкіл халық біледі.
№5.
Шәкерім Құдайберді ұлының өмірін зерттеу жөнінде
аудандық партия комитетінің жанынан құрылған. комиссияға
Әзімбаев Берлештен.
1 қазан 1962 ж.
Әзімбаев Берлеш 77 жаста. Руы Ырғызбай Құнанбайдың немересі. Мен Шәкеріммен бала жасымнан бірге өстім. Шәкерімнің өмірі жөнінде айтарым жоқ, өйткені өмірі өлеңінде жазылған. Мен білгенде Шәкерім мансапқор адам емес. Мен білетін Шәкерім өзінің өмірінде кейінгі жастарға “бір нәрсе істеп берсем “ деп ұмтылған адам еді. Менің Мұсақұлдан /Жидебайға/ Бақанасқа қайттым. Бұл кезде ауданда дүрлігу басталды. “Мен осыдан ақылдасайын” деп Шәкерімге бардым. Ұзақ ойланып отырды да былай деді:
“Сенің әкең Әзімбай, менің әкем Құдайберді екеуі де қажы баласы. Егерде біз бір нәрсесіне аралассақ Құнанбайдың баласы істеді дейді. Меніңше, өз туған туыстарымызбен апсап басылғанша тасалана тұрайық”. Осылай біз өзіміздің бұрынғы мекеніміз Бақанас бойында болдық. Біз біраз уақыт елден хабарсыз болдық. “Киім кешегімізді киейік” деп, ел жаққа қайта оралдық, дәл сол күні күн жаңбыр еді. Бұл сентябрьдің бас кезі болатын,1931 жыл. Күн бұлыңғыр болған соң, “біз адастықпа” деп қауіптендік. Шәкерім менің інім Қашымды ерттіде, кетті. Біз қуып жетсек, тосып тұр екен.
Сөйтсек, алдағы жақта оншақты адам көрінген. “Бізге жүре беріңдер” деді де, Шәкерім сол адамдарға кетті. Бір уақытта мылтықтың дауысы естілді. Білуге Зият кетті. Қашым екеуі қайтып келіп, “Шәкерім қайтыс болды” деді. Бұл сөзді естіген соң, менің үмітім сөнгендей болды. Шәкерім, ағам бізді көпке үміттендіретін, сөйткен ағай өлгеннен кейін, өз туған жерім өзіме жат көрініп кетті. Сол түсінбеген бетіммен Қытайға өтіп кеттім. Марқұм Шәкерім ақ көңіл, кішіпейіл адам еді. Көбінесе өзімен-өзі болып өлеңдер жазуды ұнататын. Бізді кейінгі кезге дейін, “Шәкерім бастаған қашқындар тобы” деп келді. Шын мәнінде біз қашқында пысқанда емеспіз. Аудан басындағы дүбір аяқталғанша өз басымызды сауғалап жүрген туысқан адам едік. Сол туыстардың ішінде тірі қалған мен ғана.
Менің Шәкерім туралы пікірім: Шәкерімнің еңбектерін жарыққа шығарса өте қуанған болар едім.
№6.
Шәкерім Құдайберді ұлы жөнінде құрылған аудандық
партия комитеті жанындағы комиссияға
Түңлікбай ұлы Айтмырзадан
13 ноябрь 1962 ж.
Мен Айтмырза Түңлікбай ұлы шыққан руым керей, қазіргі Шұбартау ауданы. 1,5 жасымда шешемнен жетім қалдым. Он төрт жасымнан бастап, Семейдің байларына жалданып ат айдадым. Мұхтар Әуез ұлының жастық шағындағы досының бірімін. Мұхтар марқұм әрқашанда мені Айтаға дейтін, мұны бүкіл ел біледі. Менің туып өскен жерім “Тышқан” деген жер, қазіргі Мұхтар Әуезов колхозы. Сондықтанда мен Мұхтар туралы, Шәкерім Құдайберді ұлы туралы Абай ауданында жетік білетін адамның бірімін. Жасым биыл сексенде, сырқатпын, өлгім келмейді, бірақ ауырлаймын.Көрген білгенімді асырмай, жасырмай, құдайшылығын айтқым келеді. Өтірік айтсам мені ол дүниеде құдай тапсын. Шәкерім Құдайберді ұлы туралы ерте кезде артық айтқаным болса, болған шығар. Ол кезде өзіме де, басқаға да нанбағанбын.
1929 жылдан бастап, қазіргі Абай ауданының НКВД қызметкерлерінің бірі болдым. Қашқындарды қуыстым. Байларды кәмпескелестім. Қысқасы “үкіметтің жолы осы” деген жердің бәріне араластым. Мен Шәкерім Құдайберді ұлын жас басымнан білемін. Білетінімді қазіргі сырқаттық ұмыттырды. Сөзімді көп ұзартпай Шәкерімнің өз жайына келейін. Бір мен ғана емес, Шәкерімді бүкіл ел жақсы көреді, Көріп отырсыздар балаларым, Шәкерімді айтсаңдар менің көзімнен жас шығады. Өтірік емес мұным құдайшылығым. 1931 жылдың августь айының 15-інің мөлшері білемін. Біздің бастығымыз Қарасартов Әбзел бұрыннан Шәкерімді көруге душар болып жүретін. Әлде қалай далаға шыға келсем, есік алдында Шәкерім ат үстінде тұр екен.Өзімнің сыйлауым бойынша сәлем беріп едім, сәлемімді алды да, “начальнигің барма, бар болса маған кіруге рұқсат сұрап бер” деді. Мен Қарасартовке бардым әңгімені естіген соң “кіргіз” деді. Мен бастап кеңсесіне кіргіздім. Қарасартовтың өзі Шәкерімді құрметтеген кісі болып, астына орындық қойып, қолын беріп амандасты.
Аздан соң “ақсақал қайдан жүрсіз” деді. Ойлаймын осы күні, сол кезде Шәкерім қашқындарға байланысты дейтін біздің ішімізде өсек бар болатын. Оны басқа емес, Қарасартовтың өзі айтатын. Ол қажы, байдың тұқымы, қу, елді үкіметке қарсы ұйымдастырып жүр. “Көрсетемін оған” дейтін. Осы сөзін Қарасартов МГВД қызметкерлері ішінде мені, тобықты емес кірме керей көріп кейде айтып қалатын. “Иттің баласы, Қу тобықты бізге не істемеді. Абай бізге не қылмады, Құнанбай бізге не қылмады. Совет үкіметі тұсында біз кек аламыз, әйтпесе бізге жеңдіру жоқ” дейтін. Шәкерім екеуі кездесе қалғанда, Қарасартовтың жасаған құрметіне таң қалдым. Енді бүгін ойлап қарасам, нағыз “иттің өзі Қарасартов екен”. Шәкерім Құнанбайдың ұрпағы екені рас, бірақ халықты жақсы көретін. Ал Қарасартовтың тобықтыда еш емес кісісі жоқ. Әуелі өліп қалған Абайменде атысып шабысатын. Шәкерім Қарасартовке жауабын былай деп берді. “Өз қорамда кемпіріммен жатырмын, мініп жүрген бір атым бар, бір бұзаулы сиырым бар, одан басқа ештемем жоқ, соның сүтін сауып, Қымыран қып ішемін” деді. Қарасартов кекеткендей күліп, “ол не тамақ” деді. Шәкерімнің келген шаруашылығының аздығын айтпақшы екен. Шәкерімнің тамағының жоқтығын естіген соң, “Қарасартов жоқ нәрсеңді мына Түңлікбаев тауып беріп отырады” деп мені нұқсады. Сөз осымен бітті. Арада көп уақыт өткен жоқ. Біз қашқындарды іздеп “Бақанас”, “Байғошқарға” бардық. Сөйтсем, іштей аңдығаны Қарасартовтың Шәкерім екен. Келесі күні Шәкерімді ұстап алып келді. Шәкерім қашқында емес, пысқанда емес болатын. Әйтеуір “иесіз тауда жалғыз жатырсың” деп кінәләп әкелді. Қарасартов мені шақырып алды да, “өзін ұстадық, сен бүгінше тамақтандыр” деп маған берді. Мен қолымдағы барымды беріп, Шәкерімді күттім. Шәкерімге құрмет жаса демесе де, жасырып өз білгенімді істедім. Оңашада Шәкерім менімен: “Қарағым ау мен қашқынмын ба” дейді. Мен үндей алмадым. Ертеңінде Шәкерімді босатты. Бірақ Қарасартов, Шәкерімге мылтық оқтап қалғанын өзім сездім. Қарасартов маған: “Біздің кегіміз Шәкерімде көп” дейтін. Сол сапарда Шәкерімге өлеңменен өмірін жазғызды. Сөйтсем Шәкерім марқұм осы айтқанымды өлеңінде жазған екен. Арада он күн шамасы өтті. Ауданның НКВД қызметкерлерінің екіге бөлініп тағыда қашқындарды іздеуге шықты. Дәл сол сапарда Шәкерім жатқан жаққа (Байғошқар, Бақанас) баратын адамдарды бастап шыққан Қарасартовтың өзі. Бұрын жанынан тастамайтын мені, әлде неден сезіктеніп әдейі тастап кетті. Мен мұнысын білдім, бірақ үндегенім жоқ. Мен қашқындарды қараған екінші топтың бастығы прокурор Серікбаевтың қарамағында кете бардым. Дәл Шәкерім атылған жерде жоқпын. Шәкерімнің мен білетін атылу себебі былай: Мұны маған Баймышев Мәуітқан айтты: “Шәкерімді Қарасартовтың өзі аттырды. Бес алты кісімен келе жатқан Шәкерім екенін біз таныдық, күн бұлыңғыр болатын.”. “Атыңдар анау қашқын ” деді. Шәкерімді бәрімізде танып тұрмыз. Бірақ, атын атай алғанымыз жоқ. Алғашқы Шәкерімді оқ шығарып атқан Қалиқов. Ол жұмыскер, Харьковтен келген татар болатын. Қарасартов не айтса, соны орындайтын адам еді. Шәкерім жараланып қолға түсті, басқалардың кім екенін білгеніміз жоқ, олар қашып кетті. Ол қашып кеткендер қашқын емес. Шәкерімді сыйлайтын адам екен. Қарасартов “қашып кеткендері, қашқын” деп бізді қудырып жіберді. Ал, Шәкерімнің қасына жаңағы Қалиқовты тастап кетті. Біз қайта айналып келсек, Қалиқов Шәкерімді атып тастаған екен. Біз “неге аттың” деп сұрағанымыз жоқ. Ол бізге жауап бермеді.Баймышев марқұмның осылай айтқанын өз құлағыммен естідім. Маған Қалиқов сан рет, Шәкерімді атып тастағанын мақтан етіп, кеудесін көрсетуші еді. Мен оған жанымнан қорқып ештеме деп айта алмайтынмын .Осылайша Қарасартовтың нұсқауымен қаза тапты. Бұл жерде ескерте кетейін. Үшінші сентябрь 1931 жылы ауданға қашқындар шабуыл жасады. Сол күні өлген Олжабай Шалабаевтің “Тор жорға” аты Шәкерімнің астында болады. Қарасартовтың дәлелі: “Шәкерім қашқындарға басшы болмаса, бұл атты неге мінеді” дейді. Шәкерімді атып тастауына осыны себеп етеді. Мұнысы сыныққа сылтау.Шәкерім Олжабайдың атының келіп түсу тарихы былай болған.: “Ауданды аламыз” деп шабуылшылар Шәкерімді өздерімен бірге ертіп келмек болған. Рамазанның әйелімен өзін өлтіруге де қатыстырмақшы болған, бірақ Шәкерім мұның бірде-бірінде жоқ. Шәкерімнің елсізде жалғыз жатқанын пайдаланып, оны “қашқын” деп, абыройын пайдаланған. Қыйт етсе бізді, “Шәкерім жіберді” деп өтірік айтқан. Надан елдің көбін осылай алдаған. Шәкерім ешбір қашқындарға батасын бермек түгіл тілдескен емес. Қайта олардың кейбір сезіктілерін Қарасартов Шәкерімнің өзінен сұрап біліп жүретін. Бір күні Баймышев Олжабайдың тор жорға атын жылқыдан ұстап әкеліп тұр екен.(Олжабайдың өзі өлгеннен кейін) мұны қайтесің дегенімде, “Қарасартов Шәкерімге жіберемін деп ұстатып алдырды” деді. Осыдан көп кешікпей бір-екі күннен кейін, Бақанасқа жүріп кеттік. Шәкерім атылғанда Торжорға ат, Шәкерімнің астында екен. Тегі Қарасартов атты жіберіп шақыртқан болу керек. Мен білетін Шәкерімнің өлімінің дәл шындығы осы. Бас ал десе, шаш алатын Қарасартов сияқты даңғойлардың, есер соқ есіріктердің қиянатынан Шәкерім марқұм қаза тапты. Кінәсіз өлген ұлы адамның мен білетін жайы осындай. Мен Шәкерімнің қазіргі Алматыда тұратын қызын МГВ қызметкерлерінің масқаралауынан аман сақтап қалдым. Ол қорлыққа шыдай алмай, езіп алмас ішіп жіберді. Аузынан ақ көбігі ағып жатқан жерінен елдің көзінше, аузына сүт құйып ажалдан аман сақтап қалдым. Бұлай істегенімді Шәкерімнің ел үшін істеген еңбегіне деген құрметім еді. 1931 жылы 3 сентябрь күні ауданға шапқындардың барлығы, қазіргі Абай ауданының бұрынғы тұрғындары емес болатын. Оның ішінде ескіше Арғын, Найман,Уақ, Керей руларының қашқындары болатын. Сол жылы күзде ауданға шапқынның ішінде болған Айпар, Жайпар, Өзіхандар: (бұлар бұрын Аягөз ауданының адамдары наймандар болатын.).
Қазіргі Абай ауданының Жданов атындағы колхоздың “Қарыөзек” деген жерінде атылып қолға түсті. Мен өзім ішінде көзіммен көріп бірге болдым. Жаңағы Шәкерімді атқан Қалиқовты, Қарасартов “бірдеме шықса осыдан шығады” деп, қолма-қол өз жеріне қайтарып жіберді. Оның орнына мені транспорттың бастығы етіп қойды. Кейіннен Қарасартов сан рет маған Шәкерім қашқындарға басшы болған, “осы сөзді сен ұмытпа” деп маған басын шайқап, көзін алартып жүрді. Шынын айту керек. Көп уақыт қорыққанымнан үндей алмай жүрдім. Бірақ, “тобықты аман болса бір табар” дедім. Оным Абайдың аруағына сиынғаным еді. Шәкерім, нақақ өлді. Міне, “бүгін тірілетін шығар” деп деп отырмын. Тура ғана сол кездегі белсенділердің “жуан ата кім, жіңішке ата кім, деп қана даурығуынан болған қаза” деп ұғамын.
Міне бұл мұрағаттағы Шәкерім туралы естеліктердің біразы ғана, осы іспетті құжаттар көптеп саналады. Жазылған деректер ешқандай өзгертусіз, өз қалпында берілді. Сол сияқты Дүйсенбаев Рахымбай, Науанбаев Базарбек, Сағындықов Бейсехан, Нұғман Сқақ, Аңсабаев Рахымбай т.б. ақсақалдардың жазған естеліктері сақталынып отыр. Дегенмен талай жылдар өтседе, Шәкәрім Құдайберді ұлының маңдай терімен төккен қажырлы еңбегін, жастарға қалдырған өсиетін қазіргі ұрпақ,болашақ ұрпақ ешқашанда ұмытпақ емес.
ШҚО ҚЗТҚО Қ-103, т 20, іс.158, 159.
Лаура Қадырова
ШҚО Қазіргі заман тарихын құжаттандыру
орталығының қызметкері.
|