Семей қасіреті.
Семей ядролық полигонында сынақтың тоқталуына 20 жыл
Ия, биыл Семей аймағына аты шулы, жұртымызды елең еткізген Семей ядролық полигонының жабылуына 20 жыл толды.
«Ядролық полигон жойылсын !», «Сынаққа жол жоқ», «Жабылсын полигон !» міне бұл қарапайым қазақ жұртының көтерген үндеуі еді.
1989 жылы 19-қазанда Мәскеу уақытымен 12 сағат 50 минутта қуаты 75 килотоннаға дейін жететін жарылыс жасалды. Бұл соңғы жарылыс болатын. Дегенмен 40-жыл бойы жарылыс жасалып келген аймақтың уланған халқы, 20-жылда дерлік аурудан айығып кетті ме екен бұл әлі белгісіз. Осы полигоның кесірінен талай адам бұл дүниемен қоштасып, о дүниенің есігін ашты, балалар өлі туды, адамдар өзіне-өзі қол жұмсады, ақ қан, қатерлі ісік аурулары әлі күнге дейін толастар емес.
1989 жылы 28 ақпанда қазақ жазушысы, қоғам қайраткері О.Сүлейменов «Қазақстанда сынақ дереу тоқтатылсын » деп өтініш жасайды. Алматыда жазушылар одағының ғимаратында митингіде «Невада-Семей » антиядролық қозғалысы құрылсын деген шешім шығарылады. Антиядролық қозғалыстың мақсаты Семей ядролық полигонын жою, әлемдік ядролық қаруды сынақтан өткізуді тоқтату болатын.
«Невада-Семей» антиядролық қозғалысы мәселенің шешілуінде маңызды рөл атқарған қуатты фактор болып табылады. Кеңес қозғалысын О.Сүлейменов басқарып, арнайы комиссия Семей қаласында дереу полигонды жабуға байланысты құжаттар қарайды. Бірнеше үндеулер таратылады, бірақта бұл айтылған істермен сынақ өз жұмысын тоқтатпайды.
Мұрағатымызда сақталған жергілікті «Семей таңы» газетінде ( 1989 жыл 2-ші наурыз №43-ші нөмір) тілшілеріміз ядролық полигонының бастығы генерал-лейтенант А.Д. Ильенкодан бірнеше сұрақтар төңірегінде әңгімелеп беруін өтінген екен. Осы әңгімеден біраз үзінді келтіруді жөн көрдім.
Тілші: Семей қаласы маңында ядролық қаруды сынайтын полигон бар екені қазір дүние жүзіне мәлім. Осыған орай облыстық газеттердің редакцияларына жер астындағы ядролық жарылыстардың айналадағы ортаға, адамдардың денсаулығына қалай әсер ететіндігіне алаңдаушылық білдірген сұрақтар түсіп жатады. Осыған байланысты және түрлі өсек-аяңға жол бермеу үшін әрі бірінші қолдан сенімді деректер алу мақсатында біз ядролық полигонның бастығы генерал-лейтенант А.Д.Ильенкодан бірқатар сұрақтар төңірегінде әңгімелеп беруін өтіндік.
Тілші: Осы ядролық полигонды құруға не себеп болды?
Жауап: Оған басты себеп- кезінде АҚШ ядролық басымдығын болдырмау мақсатындағы әскери қажеттіліктен туған еді. АҚШ тарапынан осындай ядролық арандату жағдайында Совет үкіметі елімізде атом қаруын жасау жөнінде қарсы шара қабылдауға мәжбүр болды.
Тілші: - Біздің ядролық қаруымыз қай жылдары жасалды?
Жауап: - СССР-дағы тұңғыш ядролық жарылыс 1949 жылдың 29 авгусінде Москва уақытымен таңғы сағат 7-де жасалды. Бұл отандық ғылымның атом бомбасына АҚШ-тың бірден - бір қожа болу ниетіне балта шапқан аса ірі табысы еді. Полигон, сөйтіп атом зарядтарының бүтіндей бір сериясын даярлауға және сынауға кірісті. 1954 жылдың 12 сентябрінде біздің полигонда дүние жүзінде тұңғыш рет термоядролық құрылым сыналды, ал 1955 жылдың 22 ноябрінде сутегі бомбасы сынақтан өтті.
Бұл сынаулар СССР Қарулы күштерінің барлық түрлерін жарақтандыру үшін оқ-дәрінің ядролық жаңа түрлерін жасауға мүмкіндік берді. Көп уақыт бойы жарылыстар өте жоғары биіктікте ауада жасалды. Ондайда радиоактивті сәуленің зақымы мейілінше азаяды да тек жарық сәуле шашу мен серпінді толқын сияқты факторлар ғана әсер етеді.Тұрғын халықты одан сақтандырудың барлық шаралары жасалып отырды.
1963 жылдан бастап ядролық зарядтарды сынау жер астында жүргізілуде.
Тілші: Ядролық жарылыстар бізді қоршаған табиғатқа және біздің өзімізге залалын тигізбеуі үшін барлығы да жасалып отыр ма?
Жауап: - Сынаулар қатаң санитарлық-гигиеналық бақылаумен жасалады және ол жарылыстан бір-екі тәуік бұрын жарылыс сәтінде және ол аяқталысымен жүзеге асырылады. Полигондық сынаулар жүргізіле бастағаннан бері радияциялық жағдайды болжаудың сынақты жүз процент дерлік хауіпсіздендіруге мүмкіндік беретін сенімді методикасы жасалып практикаға енгізіледі. Болжаудың қазір қолданылып жүрген методикаларында сынақ жүргізудің қатаң талаптары жинақталған. Оның бір ғана кемшін сәті- жарылыс кезінде ауаға қасиетті газдар түрінде болымсыз ғана радияцияның шығуы. Бұл газдар барлық радиоактивті элементтердің ішіндегі адам организміне әсері жөнінен ең әлсіздері.
Тілші: Жарылыстан кейін не болады?
Жауап: Сынақты жүргізудің технологиясы ауаға радиоактивті заттардың қандай болмасын кездейсоқ шығып кетуін болдырмайтындай етіп жасалғанына, міне он жылдан асты. Алайда , атмосфераға қасиетті газдар (криптон және ксенон) ғана шыға алады. Олардың өзіндік ерекшеліктері химиялық жағынан мүлде бейтарап, яғни басқа элементтермен химиялық реакцияға түспейді және тұрақты құрылымдар түземейді. Организмде бөгеліп қалатын басқа радиоактивті элементтерге (мәселен, иод-тамақ бездеріне, стронций-сүйекте және с.с.) қарағанда бұл газдар организмге енгенімен тыныс органдары арқылы іс жүзінде қолма-қол дерлік сыртқа шығып кетеді.
Тілші: - Яғни адамның ішкі органдарына олардың ұзақ уақыт әсер етуі іс жүзінде мүмкін емес қой?
Жауап: Дұрыс айтасыз. Мұндай деректер лабораторияларда жануарларда жасалған тәжірибе жолымен және сол сияқты радиоактивті зақымданған аймақтарда болған адамдарды арнайы тексеру кезінде алынған. Көпшілік жағдайда бұл газдардың таралу аймағы 10-50 километрден аспайды. Сөйтіп олар ауамен араласып сұйылып, олардың гамма сәулесінің күші кемиді де, табиғи фонның деңгейіне түседі.
Тілші: Кейбіреулері облыста балалардың өлім-жітімі және онкологиялық аурулармен ауыру көбейіп барады дегенді айтады.
Жауап: Жалпы және онкологиялық аурулармен ауру, сондай-ақ облыс халқының барлық контингенттерінің арасындағы өлім жітім СССР-дің орта статистикалық көрсеткіштерінен артық емес Бұл арада сынау жұмыстары мен халық денсаулығының жағдайы арасындағы себеп-салдар байланысы байқалмайды. Екінші бір қауесет- радиацияның әсерінен өлі туған балалардың саны және балалардың кемтарлығы көбейіпті-мыс. Егер, балалар өлімі цифрына қарайтын болсақ, ол соңғы жылдары облыста 1000 баладан 14-26 болып отыр. Ал, басқа аймақтардың әйелдер босанатын үйлерінде осы жылдар ішінде бұл көрсеткіш 18-13 мөлшерінде. Бұл арада полигондағы жағдайдың әсері туралы айту орынсыз, ал жоғарыдағы көрсеткішті төмендетуге жетісу қажеттігі өз алдына мәселе. Әрине, бұл айтылғандардың «алаңдайтын ештеңе жоқ» деген ұғым тумаса керек. Жағдай әрқашанда тұрақты бақылауда болуға тиісті.
Тілші: Әңгімеңізге рахмет!
Осы әңгімені мұқият оқып шықсақ, сұраққа жауап берген генерал-лейтенант А.Д.Ильенконың ядролық сынақтың адам ағзасына ешбір зияны жоқ деп басып айтқанына, қарапайым халықтың имандай сенгендігі анық көрінеді. Осыған қарамастан митингіге қатысушылар өзінің үндеуін тоқтатқан жоқ.
«Семей таңы» 1989 жыл 24-ші қазан № 204-ші нөмірінде, Антиядролық митингілерге қатысушылардың үндеуі берілген. Онда: «Осы жылдың 19 октябрінде, осы айда, міне, екінші рет, Семей полигонында кезекті ядролық жарылыс жасалды. Соңғы жарылыс бірнеше рет кейінге қалдырылғандығы да мәлім болды. Біз полигонның басшылығы республика жұртшылығының пікірін және халықаралық антиядролық күштердің беделін ескереді, сөйтіп, сынауды болдырмайды деп үміттенген едік. Іс жүзінде әскери адамдар тек ауа райының қолайлы сәтін ғана күткен болып шықты. Сөйтіп, 19 октябрьде Москва уақытымен 12 сағат 50 минутта қуаты, 75 килотоннаға дейін баратын жарылыс жасалды.
Осы жылдың февралындағы қазір бәрімізге белгілі жарылыстан кейін желдің бағыты өзгеріп, ол Шаған қаласындағылардың үрейін туғызғаны біздің есімізде.
Жергілікті тұрғындардың айтуына қарағанда 4 октябрьде құс жаппай қырыла бастаған.
Міне, осының бәрін біз қасақана жасағандық, халықтың талабын елемеу, бейбітшіліктің халықтық дипломатиясына қарсы тұру, жарылыстардың санын күрт қысқартып, қуаттылығын 20 килотоннаға дейін азайту жөніндегі үкімет шешімін анық бұзғандық деп бағалаймыз.
«Невада-Семей» антиядролық қозғалысының Совет үкіметімен Қорғаныс министрлігіне жолдаған Үндеулеріне жауап әзірге бұрынғысынша- сынаулар тоқтатылған жоқ. Біздің үкіметтің халықаралық антиядролық форумдардың адресіне құттықтау телеграммалар жолдай отырып, сонымен бір мезгілде өз халқының талабын елемейтін позициясын қалай түсінуге болады?!
Әскери ведомство бізді патриотизмі жоқ деп кінәлайды. Бірақ біз қазірдің өзінде өз халқына қатер төндіріп отырған ядролық қорғаныс қалқанын үстемелей беру адамгершілікке жатпайды деп есептейміз. 60 мың атом боеголовкасына тағы да бір мың қосу-ешқандай ақылға сыймайды және қылмыс.
Біз Алматы қаласы жұртшылығының антиядролық митингісіне қатысушылар Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Семей полигонын дереу жабу туралы шешім қабылдауын және республиканың халықтары атынан бұл мәселені СССР халық депутаттары Съезінің күн тәртібіне енгізуді талап етеміз. Халықтың еркі-үкімет үшін заң!
Демократияның мәні осында!
Халық Семей полигонын жабуды талап етеді.
Үндеу Алматы-Семей-Қарағанды қалалары жұртшылығының антиядролық митингілерінде қабылданды.» деп жазылған.
Полигонның буырқанған ащы уын татыған жұрттың, зар мұңын жыр етіп жазған ақындарымы да жоқ емес. «Семей таңы» (1989 жыл 1-ші қараша №209-шы нөмір) газетінде ақын Төлеген Жанғалиев ағамыз «Қайғы әкелген қалқан» немесе ядролық жарылыстардың зардаптары туралы жыр: жазады.
Сонымен қоса мұрағатымызда фото суреттерде сақталған. Осы секілді осыдан 20-жыл бұрын, полигонның зардаптары жайлы баспа беттерінде көптеген мақалалар жарық көрген екен, менің келтірген мысалдарым осының жартысы ғана.
Қасиетті қарт Семейдің қасіретіне айналған ядролық сынақ жойылып, халықтың арманы орындалды. 1991 жылы тамыздың 29-ында «Семей ядролық полигонын жою туралы » Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә Назарбаев жарлыққа қол қойып, шешім шығарды. Полигон зардабын тартып, ядролық сынақтан пайда болған қасіреттен айырылмаған жұрт қуанышқа бөленді.
Болашақта мұндай жойқын, ядролық сынақ болмаса екен деп тілейік.
ШҚО ҚЗТҚО. 1. «Семей таңы» газеті 1989 ж. 2 наурыз. № 43
2. «Семей таңы» газеті 1989 ж. 24 қазан №204
3. «Семей таңы» газеті 1989 ж. 1 қараша №209
Резюме
В статье, посвященной 20 летию антиядерного движения «Невада-Семей» освещаются вопросы о зарождении движения, результатом деятельности которого вышел Указ Президента РК Н.А.Назарбаева от 29 августа 1991 года «О закрытии Семипалатинского ядерного испытательного полигона.»
Лаура Қадырова
ШҚО Қазіргі заман тарихын құжаттандыру
орталығының қызметкері.
|