Алаш қозғалысының 90-жылдығына арналады.
Мұрағаттағы Алашорда үкіметінің іс-қағаздары жайлы
“Алашорда үкіметі”, “Алаш қозғалысы”, “Алаш партиясы”, деген сөздерді білмейтін қазақ жоқ сірә.
Семей қаласы аса тарихқа бай, қазақтың біртуар перзенттері Абай, Шәкәрім, Мұхтарлар дүниеге келген, Алаш деп атой салған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Ғаббасов , Райымжан Мәрсеков, Ахметжан Қозбағаров, Мұстафа Шоқайұлы. Мұхаметжан Тынышбаев сияқты Алаш көсемдерінің ізі қалған қасиетті жер.
Осындай қасиетті өлкенің бай тарихын, қазіргі ұрпаққа, келер ұрпаққа жеткізетін мұрағаттағы құжаттар деп есептеймін. Қазақ өлкесінде 1917-1919 жылдары елеулі түрде саяси маңызды орын алған Алашорда үкіметінің тарихи қызметі ғылыми түрде терең зерттеліп келе жатыр. Оған бірнеше зерттеуші мамандар, ғалымдар өздерінің үлесін қосуда.
Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметінің тарихына арналған құжаттар жинағы 1929 жылы жарық көргені белгілі. Демек Алаш үкіметінің қызметін терең, жан жақты етіп көрсететін құжаттар жинағының негізгі көзі Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихы құжаттамасы орталығында сақталған. Оның басты себебі Алаш автономиясының орталығы Семей қаласы болған. Яғни қаланың қазіргі Жаңа семей деп аталатын бөлігі Алаш деп аталған.
Алаш қозғалысына, Алаш үкіметіне қатысты деректі құжаттарды төмендегідей мұрағаттық қорлардан кездестіреміз. Ол Бүкіл ресейлік Уақытша Үкіметтің Семей облыстық басқарушысы (48 қор), Уақытша Үкіметтің Семей уездік басқарушысы (50 қор), Семей уездік земство басқармасы (37 қор), Алаш қалалық қоғамдық басқармасы (133 қор), Алаш жұмысшы, шаруа және «қырғыз» депутаттары Кеңесі (134 қор), Семей губерниялық төңкерістік комитеті (72 қор), Семей губерниялық жұмысшы, шаруа және қызыл әскер депутаттары кеңесінің атқару комитеті (73 қор), Семей губерниялық соты (266 қор). Осы аталған қорларда Алаш көсемдері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, Х.Ғаббасов, Р.Мәрсеков, Б.Сарсенев, А.Қозбағаров, М.Боштаевтың қолтаңбалары қойылған бағалы іс-қағаздары сақталып отыр. Атап айтсам әрі маңызды, әрі қызықты құжаттардың бірі Алаш әскери ұйымы (милиция) жасақтарын құру және жабдықтау мәселесіне қатысты деректер.
Алашорда үкіметінің басты міндеттерінің бірі –ұлттық әскери (милиция жасағын) құруды іске асыру еді. «Заречная слободка» деп аталып жүрген қаланың бір бөлігі 1917 жылдың желтоқсан айынан бастап Алаш қаласы аталды да, сол Алаш қаласы маңында I-ші Алаш атты әскер полкі құрыла бастайды. Ең алғаш топқа қазақ жастары тартылады оның ішінде қалада оқып жүрген семинария студенттері, отбасын құрмаған, яғни үйленбеген түрлі орындарда жұмыс істеп жүрген жастар болды. Сақталған құжатта I Алаш атты әскер полкі қатарына 18 болыстан шақырылған 430-дан астам жауынгер жастардың аты-жөні жазылған тізім бар. Тізім ішінде М.О.Әуезов, Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов, А.Қозбағаров, М.Тұрғанбаев, Ы.Мұстамбаев, ұлы Абайдың баласы Ибрагимов Тұрағұлда бар.
Сонымен бірге Алашорда үкіметінің кеңселік іс-қағаздарының мөрлері, штамптері басылған құжаттар көптеп саналады. 1916 жылы 28-қарашада бекітілген Алаш қаласының жоспары, Алаш Орда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхановтың өз қолымен жазған құжаттың түп нұсқасы толық сақталып отыр.
Бұл айтылғандар Алаш қозғалысына қатысты деректердің тек жартысы ғана оны бір сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Дегенмен мұрағат қорларындағы баға жетпес, құнды дерек құжаттарға үңілсек, өткен дәуір, елім-жерім, халқым деп алдыға шыққан Алаш қайраткерлерінің ерлік істері көзіңе елестейді.
Біздің қазір тәуелсіз мемлекет болып, ана тіліміздің мемлекеттік тілге айналуына, сол кездегі Алашорда үкіметінің құрған саясаты бірден-бір себеп болды деп ойлаймын.
Газетіміздің өткен санында жарияланған журналист Дәулет Сейсенұлының “Алаш аралы деп аталса” деген мақаласын оқып маған ой келді. Әрине неге біздің киелі жерлеріміз орыс атауы мен аталады? Қаламыздағы ел танитын жалғыз ғана арал Полковник аралы деген атаумен құлағымызға сіңісті болып кеткен. Аралда орналасқан Биологиялық орталыққа “Өлімнен де күшті” деп аталатын монументке жастар, балғын бүлдіршіндер демалыс кездерінде жиі барады. Кез келген баладан немесе қарттан Биологиялық орталық қайда десеңіз Полковник аралында деп жауап беретіні сөзсіз. Егер журналист ағамыздың ұсынысы қабыл болып, Полковник аралы Алаш аралы деп аталса нұр үстіне нұр болар еді.
Лаура Қадырова
ШҚО Қазіргі заман тарихын құжаттандыру
орталығының қызметкері.
Суретте: 1. 28 қарашада 1916 жылы бекітілген Алаш қаласының жоспары.
2. Алаш атты әскер полкіне шақыртылған жастардың тізімі.
3. Алаш Орда үкіметінің төрағасы Ә.Бөкейхановтың өз қолымен жазған құжаттың түпнұсқасы
|