Жариялымдар / БАҚ мақалалары

Ел аңсаған тәуелсіздік

«Жырларым да, сырларым да сен үшін, желтоқсанда жеткен азат-жеңісім!» деп, ғасырлар бойы қазақ бостандық үшін күресіп, біздің көпұлтты мемлекетіміз осыдан 19 жыл бұрын өз тәуелсіздігін алды.

Семей қаласының Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында тарихи құжаттар, газет басылымдары өте көп сақталған, Еліміз тәуелсіздігін алған жылы жарық көрген газеттер, «Семей таңы», «Иртыш» газеттерінде, желтоқсан оқиғасына қатысты көптеген мақалалар жарық көрді.
«Семей таңы» газеті 1995 жылдың 14-желтоқсанында (102 нөмір) жазылған журналист Сиязбек Рахимов деген ағамыздың «Желтоқсан ұраны-тәуелсіздік» деп аталатын мақаласы шығыпты. Журналист ағамыздың осы мақаласында «тәуелсіздік»-деген сөзге анықтама берілген. Осы мақаладан оқырман қауымға біраз үзінділер келтірдік. 

«ТӘУЕЛСІЗДІК! Осынау айтуға ғана жеңіл бір ғана сөз мәнінің шеңбері Жердің орбитасындай неткен кең, мазмұны мұхиттай неткен терең еді десейші!
ТӘУЕЛСІЗДІК!  Бұл- бірде миллиондардың асыл арманы мен мәңгілік мақсат мұраты болған, бірақ қол жетпес аспандағы ай мен күндей қиял құсы іспетті.
     
ТӘУЕЛСІЗДІК! Бұл- енді бірде тарихи-қоғамдық болмыста ақиқатқа айналып, миллиондардың ғасырлар бойы аңсап күткен заманы келгенін паш ете қолға қонған бақыт құсы іспетті.  
Заман-ай десеңші! Ол бір шындықты айтуға хақың болмаған, тіл кесіліп, ауыз баққан заман балды ғой. Өзгені былай қойғанда, қырық жылдан астам атом сынағының астында қалып, радиация зардаптарынан шетімізден ауруға шалдығып, қырылып жатқанда да «Семей полигоны » деген сөздерді тіс арасынан шығаруға болмайтын сұмдық күй кештік емес пе?. Ұлттық мектептердің саны жылдан-жылға қысқарып бара жатқанын да ешкім айта алмады.
Қуғындау мен зобалаңдарға ұшыраған халқымыздың үштен екісі ашаршылық нәубатында бір қырылса, 30-шы жылдардың қуғындау зобалаңы кезінде ұлтымыздың Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин сияқты сорпаға шығар марқасқаларынан айырылып екінші ауыр соққы көргенін қалайша ұмытуға болар?
Ақ түйенің қарны жарылғандай сол бір күндері тәуелсіз еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Бес жүз жылда әр халықтың басына бір-ақ рет келетін бақытқа қолымыз жетті... Ұзағынан сүйіндіргей!»- деген сөзі бүгінгі күнге дейін есімізде»- деп жазады. Осы секілді ұлттық рухымызды көтеретін мақалар реті сан алуан.

Ия, адамзат баласының өткен күнінің бәрі тарих. Тарихтың тарихтығы сонда-ешбір күш, ешбір уақыт оны өшіре алмайды. 19 жыл бұрын, желтоқсан айының 17-18 күндері Алматыдағы алаңда болған қаралы, қанды уақиға Қазақстанды ғана емес, бүкіл адамзат баласының тарихында қара дақ болып мәңгілік қалды. Тәуелсіздікке апаратын жол мыңдаған жылдарға созылды. Оның азапты жолдарында қиын-қыстаулы кезеңдер көп болды. Әрі ұзақ, әрі тайғақ жолдардан өтті. Тәуелсіздіктің есігін ашып, табалдырығын аттап, төріне қарай қадам басу үшін, ерекше ерлік пен ержүректік, батырлық пен байсалдылық, табандылық пен төзімділік, айбаттылық пен айбындылық, ақыл мен білім, бірлік қажет болды.
Мұнымен қоса 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі кезіндегі қолды болған қазақтың қара домалақ жігіттері мен бойжеткен қыздарының малша қырылғаны ше? Ойлап қарасаң денең тітіркеніп, еріксіз көзіңе жас келеді.
Міне, содан бері 16 желтоқсан жыл сайын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні болып тойланып келеді. 1986 жылы республика алаңында көтеріліс жасаған қазақ жастарының қаншамасы қыршынынан қиылып, қаншамасы абақтыға жабылып, қаншасы оқудан, жұмыс орындарынан қуылды. Қасақана жала жабылып қастандықтың құрбаны болған Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев секілді аға-апайларымыз ұлт намысы қолында найзағайдай жарқылдап, жарық жұлдыздай көгімізден ағып түсті.

Абай, Шәкерім, Мұхтардай ұлылардың мекені болған, азаттықты аңсап өткен Алаш арыстарының ізі қалған қасиетті қарт Семейден Қайрат Рысқұлбековке топырақ бұйырды. Қайрат өмірінің соңғы күндерін Семей түрмесінің №21 камерасында өткізген.
Еліміздің тәуелсіздік алғанына 10 жыл толу қарсаңында батыр ұлға «Халық Қаһарманы » деген атақ берілді. 2002 жылы қаламыздың дәл орта тұсында Достық үйінің алдында 13 желтоқсан күні халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арналған ескерткіш бой көтерді. 2003 жылы қаламыздағы
№ 33 орта мектепке Қайрат Рысқұлбековтың аты ресми түрде берілді. Бұл аталмыш шаралардың барлығы батырдың рухына арналған тағызым. Жыл сайын мереке қарсаңында қаламыздың білім беретін орындары, кәсіпорындар, мекемелер Қайрат Рысқұлбековтың зиратына барып құран бағыштап, ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құрмет көрсетіп тұрады.
Қайраттың қайсарлығы, өткір мінезділігі, ер жүректігі өсіп келе жатқан ұрпақтың санасында мәңгі қалуы  тиіс.
Егеменді еліміздің тәуелсіз мемлекет болуын армандап кеткен, алаш қайраткерлерінің еңбектері жайлы маңызды құжаттар, желтоқсан оқиғасы жайлы мұрағатымызда сақталған, Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері жарық көрген газеттердегі деректер, үнемі тұрақты сақталып, келер ұрпаққа үлгі-өнеге болатынына сенеміз.
Тәуелсіз Қазақстанымыздың туы биіктен көрініп, қазақ қырандары көкте самғап ұшып, жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға осындай мереке күнімізді тойлай берейік! Қазақстан Республикасының өсіп-өнуі жолындағы еңбек етіп келе жатқан азаматтарымыздың еңбектеріне табыс тілейміз.

Лаура Қадырова
ШҚО Қазіргі заман тарихын құжаттандыру
орталығының қызметкері.

 

Парақтар өзгертілді: 17-06-2011