31-мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Тәркілеу
Бұл - қазақ халқының басына түскен қасірет. Қазақтың аса зиялы, бетке ұстар біртуар азаматтарын «Халық жауы», «Алашордашыл» деген айыппен жазықсыз айыптап, жер аударып, ату жазасына кесіп, жаппай мал, дүние- мүліктерін тәркілеп, саяси қуғын-сүргінге ұшыратып, құртып жіберді. Олар кеңестік саяси жүйенің құрбандары болды.
Қаншама қазақтың «қаймақтары» қолды болып, айуандықпен өлтірілді. Олардың балаларына, әйелдеріне «Халық жауының баласы», «Ұлтшылдың әйелі» деп жалған айыптар тағылып, «КарЛаг», «АлЖир» түрмелеріне қамауға алынды. Бұл туралы тарихшы ғалымдар өз зерттеулерін жүргізіп, құнды еңбектерін жарыққа шығарғаны белгілі.
Қазіргі уақытта қоғамымызда Алаш идеясы - тәуелсіздік идеясы деген ой-пікір берік қалыптасуда. Осы тұрғыда Семей өңірі тарихында өшпес із қалдырған, бүкіл халықтық қозғалысқа айналған Алашорданың қоғамдық-саяси қызметтерін және оның жетекші тобы - ұлт зиялыларының қоғамдық ұстанымдарын жете білуіміз бізге, кейінгі ұрпаққа қажет деп санаймыз.
Ел тарихында жарқын өміріміздің түп негізін қалап берген Алашорда қозғалысы тарихының Семей қаласымен біте қайнасып жатуының деректі дәлелі мол.
Мұрағатта 1917 жылдан бастап сақталған құжаттар реті осындай деректерді көптеп қамтиды. Ол деректі құжаттарды жинақтап, мұрағат қызметкерлері Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ішінен құрылған «Алаштану» ғылыми зерттеу орталығымен бірлесіп «Восточная Алашорда» деп аталатын, орыс тілінде жазылған құжаттар жинағын шығарды. Құжаттар жинағы өз оқырмандарын тауып, туған өлкенің тарихын білгісі келетіндерге үлкен құнды еңбек болып отыр.
Жалпы Алаш үкіметінің қызметі туралы пікір тарихта мәңгі қалатын құбылыс.
Сонымен қатар Алаш арыстарымен біте қайнасып, үнемі байланыста болған қазақтың бай-ауқатты азаматтары да жалпы тәркілеуге түсіп жер аударылды. Олардың бірқатары Шыңғыстау өлкесіне (қазіргі Абай ауданы) танымал болған әйгілі Әділов Ике, Үкібаев Қаражан, Ибрагимов Тұрағұл, Мұсатай Молдабаев және т.б..
1920-шы жылдардан кейін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған осы азаматтардың, Алаш қайраткерлерінің жеке қағаздары Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің орталық, облыстық және қалалық комитеттерінде кездеседі.
1928-1929 жылдары Қазақстанның 15 ауданында жаппай тәркілеу (конфискация) жүргізілген екен. Оның ішінде Шыңғыстау ауданы бойынша 14 адамның мүлкі алынған. Осы 14 адамның ішіндегі тізімде Әділов Ике мен Ибрагимов Тұрағұл да бар. Бұл тізімді Нәсенов Болатбек ағамыз өзінің «Абыралы-қанды жылдары (1905-1945 ж)» кітабының ІІ-ші бөлімінде жазған. Дерек Алматы қаласындағы Орталық мұрағаттан алынған. Осы адамдарға қатысты шынайы деректер ШҚО Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында сақталған құжаттарда да кездесіп отыр.
Тұрағұл Абай атамыздың ең ақылды балаларының бірі болған. Ол 1928-1929 жылдары тәркілеу кезінде көп қиыншылықтарды бастан кешіреді.
Мұрағатымызда сақталған (Қ-74 Семей аймақтық атқарушылық комитеті) қорда Ибрагимов Тұрағұл мен Әділов Икенің жаппай тәркілеуге түскен кездерін айғақтайтын шынайы деректердің арасынан үзінділер келтіреміз. Құжат мәтіндері көбнесе араб тілінде жазылған екен. Оқырман қауымға ұсынылып отырған деректер орыс тілінде жазылған, еш аудармасыз береміз.
Қ-74, т.4, 40-шы істе: Выписка из протокола № 27
Заседания Окружной Комиссии по проведению декрета КЦИК и СНК от 27 августа 1928 года
Слушали: Решение Чингизской Райкомиссии о выселении имущества Ибрагимова Турагул.
Постановили: В соответствии с решением Окркомиссии от 8 октября протокол №14 и телеграммой КЦИК НР 16881/5 выселить Ибрагимова Турагул (он же Кунанбаев) с членами семьи:
Первая жена Миса......58 лет,
Вторая Сахибжамал....53 лет
Сын Жабрайл...............25 лет,
Зубайр..................23 лет,
Сноха Рахия...................18 лет,
Канагат................25 лет,
Сын Алпарстан..............5 лет,
внук Кенесары.................3 года
С конфискацией 36,9 голов (в переводе на крупный) дома в 7 комнат с надворными постройками и шестиканатной кибитки, 1 ковра и с оставлением Ибрагимову и его семье 16 голов крупного скота 7 лошадей, 6 кулун, 2 взрослых верблюда и 25 баранов.
Верно. Қол қойылған.
Ал, Қ-74, т.4. 1-ші істе Әділов Икені жаппай тәркілеудегі жүргізілген 27 тамыз 1928 жыл №3 хаттамада: «Әділов Ике 47 жаста, отбасы 7 адамнан тұрады. 196 жылқы, 500 бас қой, 20 түйе, 6 бас сиыр алынып, болыс басшысы, кеңес үкіметіне қарсы тұрған деген айып салынып, толық тәркіленсін» деп жазылған.
Басында айтылғандай, нақты айғақ беретін деректер ҰҚК-нің мұрағатында сақталған құжаттарда: Әділов Ике - орта білімді, қазақ, Семей аймағының Шаған болысының №2-ші ауылында тұраған. Ас ірі бай, Алаш Орда үкіметіне материалдық жағынан үнемі көмек бергені және Алаш орда әскерін ұйымдастыруға қатысқандығы туралы жазылады. Жаппай тәркілеуге түскенде Әділов Икенің отбасы мүшелерінің тізімі берілген, онда:
- Жена-Мақыш 47 лет
- Жена Батика 32 лет
- Сын Мукан 9 лет
- Сын Наубат 5 лет
- Сын Шапагат 1 год
- Дочь Кайрия 11 лет –деп көрсетілген.
Осы тізімдегі бір жастағы Шапағат (Шәпет) қазірде Алматы қаласында тұрады немере, шөбере көріп отырған, барлық туыстарының қуанышына ортақтасып жүретін ардақты қария.
Сонымен қатар Қ-74. т.3, 14-ші істе аса-ірі байлардың дүние-мал мүлкі тәркіленсін, отбасы мүшелерін басқа жерге жер аударып жіберсін деген хаттама жазылған. Хаттамада төмендегі азаматтардың тізімі берілген: Бураханов Сыдық, Жынғожин Ұйпалақ, Жакупов Какен, Серғазин Ыдырыс, Акмагамбетов Ақкенже, Базаров Тауфик, Баженов Темірхан т.б толып жатқан қазақтардың мыңдаған бас ірі-қарасын, бала-шағасын қосып айдап жібергені туралы нақты жазылып тұр. Осы жазылған мақаладағы есімдердің ұрпақтарының қалғаны да, қалмағаны да бар. Бірақ аталған есімдердің құжат бетінде жазылып, тарихта есімдерінің мәңгі сақталатыны сөзсіз.
Елі мен жері үшін күрескен Алаш азаматтарына тән қасиет отаншылдық рухы-қазақ елінің әр замандағы қиын-қыстау сәтінде ерекше көрінгені тарихтан белгілі болып тұр.
Жыл сайын аталып өтілетін осы күн қазақ күнтізбесінде мәңгі қалады.
Лаура Қадырова
ШҚО Қазіргі заман тарихын құжаттандыру
орталығының қызметкері.
|