







Жариялымдар / БАҚ мақалалары |
Шәкәрімнің үшінші фотосы Қазақтың классик ақыны, ойшыл, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихы құжатнама орталығында сақталып келген фотосының табылуы - бүкіл республика жұртшылығын елең еткізер жаңалық. Осы уақытқа дейінгі көпшілікке екі фотосурет ғана мәлім болатын. Жаңадан табылған фотосурет Қазақ автономиялық социалистік кеңестік республикасы Жер халық комиссариаты Семей губерниялық жер басқармасының 1924-1925 жылдары арнайы ұйымдастырған экспедициясының атқарылған жұмыстар жөніндегі қорытынды есебі қосымшасындағы фотосуреттер ішінен шықты. Фотосурет табылған № 887-қор, 1-тізбе, 4-істің аталуы мынандай: «ҚЖХК (КНЗ) Семей мелиорациялық экспедициясының жұмысы жөніндегі жылдық есебінің қосымшасы. Экспедицияның 1924-1925-жж. жылдық есебінен тіркелген фотосуреттер». Осы қосымшада тіркелген фотосуреттер тізбесінде №37 ретпен Шәкәрімнің бейнесі бар фото берілген. Онда былай деп жазылған: «[Фо]т. № 37. Хребет Чингиз. Верховья речек. На переднем плане каз. поэт и писатель Шакирим Кудайбердин». Шәкәрімнің жаңадан табылған фотосуреті не себептен Семей губерниялық жер басқармасына қатысты істер ішінен шықты деген заңды сауал туындары сөзсіз. Осының себебін анықтау мақсатында аталған қордағы №№1-4 және 8-11-істер толығымен қаралып, ондағы құжаттарға талдау–сараптама жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде ақынның фотосуретіне қатысты мынандай тұжырымдарға келдік. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында мелиорация саласында ұзақ жылдар қызмет атқарған семейлік азамат К. Шүлембаев естелік жазуына байланысты материалдар жинауға орай бірнеше күн осы қор істеріне тапсырыс береді. Аталмыш істегі фотоальбомның зақымдалғанын (бірнеше фотолардың орнынан жұлып алынғанын) ескертіп, К.Шүленбаев істі мұрағат қызметкеріне (осы жолдар авторының біріне) қайтарады. Енді осы тарихи фотосуретті бізге мұра етіп қалдырған экспедиция тарихына тоқталайық. Қазақ Жер халық комиссариаты Семей губерниялық жер басқармасы Семей өңіріндегі суландыру каналдары мен су бөгендерін салу жұмыстарын кеңес өкіметі тұрақтанғаннан кейін, 1923 жылдан бастаған. Қазақ өлкесіндегі гидро-мелиорациялық бағыттағы жұмыстар Ресей патшалығы тұсында қоныстандыру саясатымен ұштастырылып жүргізілгенін білеміз. Қазақстан мен Сібірге европалық аймақтардан жер өңдеушілерді қоныстандыру, оларға соған орай шұрайлы жерлерді бөліп беру, тіпті шеткері таулы аймақтардағы жайлаулық жерлерді алып беру мәселелері патша заманында жүзеге асырыла бастаған. Кеңес өкіметі орнаған жылдарда гидро-мелиорациялық нысандағы жұмыстарды атқаруға қаржы бөлініп, елді мекендерді техникалық жарақтандыру ісі қолға алынады. Шыңғыстау ішіндегі Сарыкөл, оның күнгейіндегі Бақанас, Байқошқар бойында да селолық қоныстар 1940-жылдарға дейін болған. Сол маңдағы қазақ ауылдары да өздіктерінен сұраныс жазып, жаңа өкіметтен мелиорациялық серіктестіктер құруға көмектесуді сұраған. Міне, осы мақсаттарды жүзеге асыруға арнайы құрылған экспедициялық жасақ құрамы: 1. Самохвалов Андрей Максимович - экспедиция бастығы, мамандығы гидротехник, 1907 жылдан бастап мелиорация жұмыстарымен шұғылданған. 2. Смысловский Николай Павлович – экспедиция жетекшісі, гидротехник. 3. Овечкин Александр Иванович - экспедиция технигі, гидротехник. 4. Бочкарев Виктор Петрович - жер өлшеуші, топограф, десятник. Экспедиция жұмысы басталмас бұрын В.П. Бочкарев жалпы жұмыстың жобалық жоспарын түзген. Түзген мерзімі: 6-қазан 1924 – 15-қаңтар 1925-жыл. Ең алдымен экспедиция ақыл-кеңес сұраған адам орыс тіліне жүйрік, жаңалыққа жаны үйір Шәкәрім болғаны сөзсіз. Шәкәрім тұлғасы экспедиция мүшелерін аса ынтықтырған болу керек, Бақанас, Байқошқар өзендері бойларын және Шыңғыстаудың шығыс қабырға беткейлерін аралауда үнемі бірге ертіп жүрген. Сондықтан да, жергілікті тұрғындардың ішінен Шәкәрімнің бейнесін ғана жеке даралап, Шыңғыстаудың әсем де көрікті тау шатқалы көрінісінде фотоға түсірген. Шыңғыстаудың күнгей жағындағы тау шатқалдарын көрсету-аралату, олардағы табиғи бұлақ көздерін, сай-шатқалдарды қуалай ағатын ағысты тау өзендерін пайдалану жөнінде Шәкәрім қажы экспедицияға мол мағлұмат берген. Өйткені, Шәкәрім бейнеленген фотаға былай деп түсініктеме берілген: «В будущем 1925/26 году предположено откомандировать одного техника на 2-3 месяца в район Чингизского хребта для оказания населению технической помощи по организации здесь мелиоративных товариществ, по проведению соответствующих изысканий, составлению проектов и выполнению строительных работ. Но все это возможно при условий отпуска на строительные работы мелиоративной ссуды. Фотогр. № 37 дает понятие о верховьях речек и ключей». Кезінде екі мәрте болыс (1887-1880- және 1887-1888-жж.) Императорлық орыс географиялық қоғамы Сібір бөлімі Семей бөлімшесінің мүшесі, Толстойды пір тұтқан, Алашорда тұсында Земство гласныйы және қазақ соты болған Шәкәрім қажы бұл экспедицияға дейін және кейін де талай ғалымдармен кездескен. Мәселен, 1923-жылы неміс ғалымы Макс Кушинскиймен, 1925-1927 жылдар аралығында Федор Фиельструппен, С.И. Руденкомен кездесіп, қазақтар, қазақ қоғамы туралы этнографиялық сипаттағы материалдар берген. Сондықтан да Шәкәрім қажының мелиорациялық экспедиция мүшелерімен қарым-қатынаста болуы, халықтың қамын ойлаған және жарқын болашағына жол ашатын істерге бастама көрсетуі заңды құбылыс.
Лаура Қадырова
|