Жариялымдар / БАҚ мақалалары

Ономастика тарихы және оның Семей өңірінде қалыптасуы

Ономастика – тіл білімінің жалқы есімдерді, олардың пайда болуы мен өзгеріуінің тарихын зерттейтін бөлім.
Грек тілінен аударғанда «атаулар беретін өнер» деген ұғымды білдіреді. Осы Ономастиканың өзі бірнеше бөлімдерді қамтиды:
топонимика - географиялық нысандардың атауларын, олардың туындау, өзгеру, жұмыс істеу заңдылықтарын зерделейтін ономастика бөлімі;
антропонимика – адамдардың (жалқы) есімдерін зерделейтін ономастика бөлімі;
ойконим – топонимнің түрі, елді мекендердің (ауыл, кент, қала) атаулары;
короним – топонимнің түрі, әкімшілік-аумақтық бірліктердің атаулары және тағы сол сияқты.

Қазақ ономастикасының негізін қалаушылардың алғашқыларының бірі, Республикадағы ономастикалық мектепті қалыптастырушы ұстаз – ғалым, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик, профессор, филология ғылымдарының докторы Телғожа Сейдінұлы Жанұзақтың жер-су, адам есімдері мен тегі, тайпа, ұлыс, халық аттары мен аспан денелері және ғарыш кеңістіктері атауларының шығу, пайда болу және тек - төркіндеріне арналған еңбектері оқырман қауымға белгілі.         
Қазіргі таңда ономастика республикадағы ұлттық тіл саясатының жетекші бағыттарының бірі ретінде тек ғылыми-тәжірибелік, мәдени тарихи ғана емес, сонымен қатар қоғамдық – саяси маңызға да ие болып отыр.

Қоғам дамуының кез келген кезеңінде ономастикалық атаулардың тарихи маңызы зор болды. Қазақстанның көптеген ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ономастика жүйесi XIX ғасырдың екiншi жартысынан бастап түбегейлi өзгерiстерге ұшырады және патша үкiметiнiң отаршылдық мүдделерiне, кейiннен кеңес жүйесiнiң тоталитарлық саясатына қызмет етуге мәжбүр болды. Отаршылдық пен тоталитарлық режимдердiң идеологтары ономастиканы қоғамның тарихи-мәдени санасына әсер етудiң саяси құралына айналдырды. Нәтижесiнде қазақ ономастикасының өзiндiк болмысына, ұлттық ерекшелігіне, әсiресе оның топонимикалық және антропонимикалық жүйелерiне орасан зиян келтiрiлдi. Қазақстан картасы едәуiр бұрмалауларға ұшырады.
Қазақстан Республикасының тәуелсiздiк алуымен және халықаралық қатынастардың субъектiсi ретiнде қалыптасуымен ұлттық ономастика әлемдiк кеңiстікке белсене араласа бастады. Қазiргі кезде ономастикалық бiрлiктер халықаралық ресми құжаттарда белсендi түрде көрiнiс тауып келедi.
Елiмiздегi демократиялық қайта құруларға сәйкес келген ономастика саласындағы жұмысты жүйелендірудi және үйлестіруді одан әрi дамыту мақсатында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыстың тұжырымдамасын әзiрлеу қажеттігі туындады.
Осыған орай Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылы 21 қаңтардағы № 45 шы Қаулысы мен Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыс Тұжырымдамасы мақұлданды.

Тұжырымдаманың мақсаты - тарихи-негіздерге сүйене отырып, өткеннің жинақталған ғылыми проблемаларын шешудің жолдарын табу, сондай-ақ ұлттық ономастика жүйесінің одан әрі даму бағыттарын анықтау.
Ономастикалық жұмыстың негізгі міндеттері:
Республикадағы ономастикалық қызметті реттеудің негізгі ғылыми негізделген бағыттарын айқындау;
Ұлттық ономастика жүйесін одан әрі дамытудың негізгі қағидаттарын айқындау;
Ономастикалық жұмыстың құқықтық негіздерін, қолданылу тетігін және іске асыру нысандарын әзірлеу болып табылады.

Осы Тұжырымдаманың 3-ші бөлім 2-ші тармағы бойынша жергілікті өкілді және атқарушы органдар мына қағидаларды ескеру қажет: 1) қаладағы аудандарға, алаңдарға, даңғылдарға, бульварларға, көшелерге, орамдарға, парктерге, скверлерге, көпірлерге және қаланың басқа да құрамдас бөлiктерiне ат қою және оларды қайта атау туралы, олардың атауларының транскрипциясын өзгерту туралы шешiм қабылдау кезiнде: республикаға айрықша еңбек сiңген және оның тарихына, ғылымына, мәдениетіне, әдебиетi мен өнерiне елеулi үлес қосқан адам аттарын, сондай-ақ мемлекет пен қоғам қайраткерлерiнiң және әлем деңгейiндегі ғылым мен мәдениет қайраткерлерiнiң есiмдерiн әрбiр облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана үшiн екiден аспайтын және олардың қайтыс болғанына бес жыл толған жағдайда ғана бepу; көзi тiрi адамдардың атын бермеу;объектiлердi қайта атауды ат берiлген (өзгертiлген) күнiнен бастап кемiнде он жыл өткен жағдайда ғана жүзеге асыру; 2) мемориалдық тақталарды орнату туралы шешiмдi қабылдау кезiнде мұндай шешімдердi Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және спорт министрлiгiмен келiсу. Осы бағытта мынадай мiндеттердi жүзеге асыру көзделедi: ежелгі халықтық және тарихи қалыптасқан атауларға халықтың құрметпен қарауын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру және қалыптастыру, түрлi объектiлердiң: әкiмшiлiк-аумақтық және аумақтық-өнеркәсіптiк бiрлiктердiң, елдi-мекендердiң, сондай-ақ көшелердiң, алаңдар мен мекемелердiң тарихи атауларын сақтау; әкiмшiлiк-аумақтық және аумақтық-өндiрiстiк бiрлiктердiң, сондай-ақ көшелердiң, алаңдардың атауларын, мекемелердiң атауларын шектен тыс идеологияландырудан арылу; тарихи топонимдердi қайта атау практикасынан, топонимикалық жүктемесi жоқ атауларды қолданудан бас тарту.

Осы ономастикалық жұмыстың бастамасы Семей өңірінде қалай көрініс тапты? Өткен тарихымызға көз жүгіртсек сонау 1876 жылдың 25 қарашасында облыстың әскери губернаторы Батыс-Сібір генерал-губернаторына Семей қаласының көшелері мен алаңдарының атаулары туралы Қалалық думаның талаптарын ұсынды. Генерал-губернатор өзінің талабында Семей қаласы ежелден келе жатқан көне қала бола отырып, 1865 жылдан бастап бекітілген қала жоспары бар болсада осы уақытқа дейін ешқандай көшелер мен алаңдардың аттары жоқ екенін басып айтқан. Облыстың губернаторы-генерал-майор Полтарацкий Владимир Александрович- осы талапты қолдай отырып, бекітілген қала жоспары бойынша көшелерге атаулар берілсін деген. Осылайша тұңғыш рет Семей қаласында 14 көшеге атаулар берілді. Олар: Береговая, Губернаторская, Мало-Владимирская, Больше-Владимирская, Почтамская, Усть-Каменогорская, Крепостная, Больничная, Омская, Казначейская, Полицейская, Телеграфная, Солдатская, Татарская. Кейіннен осы аталған көшелер сан түрлі өзгеріске түсіп, еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін өзіміздің қазақтың біртуар азаматтарының есімдерінің атымен аталды. Бұл өте қуанарлық және құптарлық жағдай. Мұрағат қорында сақталған 73 ші қор (Жұмысшы, шаруалар және қызыл әскер депутаттары Семей губерниялық кеңесі және оның атқарушы комитеті), 96-шы қор (Еңбекші депутаттардың Семей қалалық кеңесі және оның атқарушы комитеті), 720-шы қор (Семей қалалық әкімшілігі) құжаттарында әрбір жылдар бойынша көше атауларының өзгеруі туралы шешімдер шығарылған. Солардың біразын атап айтсақ 73 ші қор, 1-ші тізім, 497 істе Семей қалалық кеңес президиумының отырысының № 23 хаттамасы берілген. Онда Алаш қаласының Жаңасемей деп өзгертілуі туралы шешім қабылданған. Осы шешімге қарасақ сол кездегі саясаттың басымдылығын бірден аңғаруға болады, себебі сол кезеңде аты шыққан Алаш азаматтарын қуғын-сүргінге ұшыратып, «Алаш» деген атты тарих бетінен мүлдем жойғысы келгені айдан анық. Жалпы мұрағат қорындағы құжаттарда 1991 жылға дейінгі көше аттарын ауыстыруға байланысты шығарылған шешімдердің ішінде қазақ есімдері бірен саран ғана болған.

Ал 1991 жылдан бері қарай, яғни тәуелсіздікке қол жеткізген кезімізде шығарылған шешімдерде зиялылардың есімдері жаңғырып, көше аттарының өзгеріске ұшырауы көптеп байқалады. Мысалы 96- қорда, 1991 жылғы 18 қыркүйекте №17 хаттамада Комсомол даңғылы Шәкәрім Құдайбердиев, Бейбітшілік даңғылы Мұхтар Әуезов, Советская көшесі Абай Құнанбаев, Селевин көшесі Көкбай Жанатаев, Ворошилов көшесі Мағжан Жұмабаев, Калинин көшесі Міржақып Дулатов, бұрынғы Абай көшесі Бекен Жамақаев, бұрынғы Әуезов көшесі Қайрат Рысқұлбеков көшесі болып өзгертілді.
Ал 720-қор бойынша мынандай мәліметтер бар: 1992 жылдың 27 қазанда Қалалық әкімшілік жанынан құрылған ономастикалық комиссия Семей қаласының көшелерін ауыстыру туралы шешім шығарған. Онда былай деп көрсетіледі. «Семей қаласында 496 көше бар оның тек 61 ғана Қазақстан және қаламыздың танымал қайраткерлердің есімімен, тарих пен мәдениетке байланысты. Осыған орай қалалық әкімшілікке, газет редакцияларына, және басқа қоғамдық ұйымдармен мекемелерге көптеген азаматтардан ұсыныстар келіп түседі, осыны ескере отырып төмендегі көшелер ауыстырылсын» делінген. Осыған орай Киров көшесі Әлихан Бөкейханов, Володарский көшесі Жүсіпбек Аймауытов, Куйбышев көшесі Қаракерей Қабанбай, Красноармейский көшесі Әсет Найманбаев, Телеграфная көшесі Евгений Михаэлис, Пятилетки көшесі Шөже Қаржаубай ұлы, Горький көшесі Кемпірбай Бөгембайұлы, Парижская коммунна көшесі Құлжановтар, Индустриальная көшесі Ахмет Байтұрсынов , Комиссарская көшесі Қанжығалы Бөгембай, Белинский көшесі Рымбек Байсейітов көшелері болып өзгертілді.

1993 жылы 23 тамызда Семей қалалық ономастикалық комиссияның шешімімен қазақтың зиялы қауымы, біртуар азаматтары есімдерін мәңгі есте сақтау үшін қаламыздың бірқатар көшелеріне Сұлтанмахмұт Торайғыров, Би Боранбай , Жәнібек Кәрменов, Төлеужан Исмаилов, Төлеубай Аманов, Көкбай Жанатайұлы, Райымжан Мәрсеков, Николай Силин, Жақия Шайжүнісовтың есімдері берілді. Және Семей қаласындағы қаржы-экономика колледжіне Рымбек Байсеиітовтың, Семей қаласының Әуезов ауданындағы орталық кітапханаға Мұхтар Әуезовтың, қаламыздағы №4 музыкалық мектебіне Жолдыбай Дастеновтың, Жоламан кентіндегі №21 орта-мектепке Бибігүл Төлегенованың, №16 орта-мектепке Төлебай Амановтың есімдері берілді.

Ал қазіргі уақытта көшелерге, алаңдарға жаппай беріліп жатқан есімдер қаншалықты шынайы. Сырт көзге қарасақ екінің бірі біле бермейтін, мүлдем естімеген есімдермен аталған көшелер, әрбір үйлердің қабырғаларына ілінген тақталар көбейіп, сәнге айналып кетуі мүмкін ғой. Көшелерге, ауылдарға, жерлерге қойып жатқан есімдер әркім өзінің тегінің атын шығарудың көзі етіп алғандай. Келешекте мәні мен мағынасы жоқ көше атаулары көбейіп, ол жаңа атаулардың естіген құлаққа таңсық естіліп жатқаны әркімді де қынжылтатыны белгілі.

Сондықтан осындай жағдайларға ономастикалық комиссия тосқауыл қойса. Сонымен қатар қазір қаламызда сан-алуан орыс тілінде аталып келе жатқан көшелердің біріне өзіміздің жерлестеріміз жазушы Әзілхан Нұршайықовтың, Кеңес Одағының батыры Закария Белібаевтың, актриса анамыз Әмина Өмірзақованың есімдеріне болашақта көше атаулары берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Қорыта айтатын болсақ көше, жер, аудан, т.б атаулардың дұрыс берілуін қадағалайтын, нақты нәтиже беретін ономастикалық комиссияның атқарып отырған еңбегі зор деп білеміз.

Болашақта осындай атқарылып жатқан жұмыстар әрі қарай өз жалғасын табады деген сенімдеміз.  

 

Парақтар өзгертілді: 17-06-2011