







Қайым Мұхамедхановтың Туғанына 105 жыл
АҢЫЗ АДАМ
Туған ел-алтын бесік, ұшқан ұям,
Көз жұмылмай тұрғанда қайтіп қиям?!
Тарта гөр, Семейімнің топырағы,
Төстіктей жеріңе мен еркін сыям!-
Қайым Мұхамедханов
Жазушы, абайтанушы, ғалым, аудармашы, текстолог, драматург, ұстаз, Қаз ССР гимнінің тұңғыш авторы, ҚР жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедхановтың туғанына 105 жыл.
100 жылдан аса тарихы бар бұрынғы Семей облысының мемлекеттік архиві қазіргі таңда Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында жеке текті құжаттар өте көп сақталған. Жеке адамдар туралы жинақталған құжаттар, олардың өмір кезеңдерінен елес береді. Осындай аса бағалы, құнды, қызықты, мағыналы құжаттардың ең бірегейлісі бұл Қайым Мұхамедхановтың қоры. Қайым Мұхамедхановтың құжаттары Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығына мемлекеттік сақтауға 2007 жылы келіп түсті. Құжаттардың сапалы әрі жинақы түрде тапсырылуына жазушының ұрпағы себепкер болды. Құжаттарға 1574-қор нөмірі берілді. Оған 1920-2006 жылдарды қамтитын №1-ші тізімдеме жасалды. Тізімдемеге 44 сақтау бірлігі енгізілді.
2010 жылы қор жаңа құжаттармен толықты. Көбінесе құжаттар Қайым Мұхамедхановтың шығармашылық қызметін бейнелейді. Олар: 5,6,7 және 8 томнан тұратын «Қайым Мұхамедханов» деп аталатын шығармалар жинағы, Қайым Мұхамедхановтың «Судьба и Карлаг», «Научные комментарии к произведениям Абая», «Ильяс Богаранский-первый издатель книг Абая», кітаптары 2007-2009 жылдары аралығында «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» қоғамдық қорында шығарылған.
2009 жылы Қайым Мұхамедхановтың балалары шығарған «Шакарим и Каюм. Сплетение судеб»- деп аталатын кітаптары сақталып отыр. Сонымен қатар әдебиет танушы, журналист Алла Белякинаның Қайым Мұхамедханов туралы «Человек-легенда», «Аңыз адам» повесті сақталған. Кітап ағылшын тіліне де аударылып АҚШ та өз оқырмандарын тапты. Бұл кітаптың электрондық нұсқасы Монтана штаты университетінің вебсайтында енгізілген. Және «Алаш-Қайым Мұхамедханов» деп аталатын кино. «Ілік септігі», «Тау тұлға» деп аталатын «Қазақстан» теле арнасы түсірген деректі бейнеролик, Қайым Мұхамедханов туралы «Хабар» теле арнасы түсірген деректі бейнероликтер бар. Жаңадан келіп түскен құжаттарға 2007-2010 жылдарды қамтитын №1-ші тізімдеме (жалғасы) берілді. Оған 10 сақтау бірлігі енгізілді.
Сонымен қатар Абайтану ілімінің негізін қалаған ұстазы М.Әуезовтен кейін, Абайтану ілімін үлкен ғылыми-танымдық мектепке айналдырған және өмірлік мұратын ұлы Абаймен байланыстырған ғалым Қайым Мұхамедхановқа қатысты мәліметтер орталықтың Қ-1406 (Абай мұражайы), Қ-138 (Семейдің облыстық білім беру бөлімінің курстық базасы) және газет қорларында кездеседі.
Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы архив қорындағы Қайым Мұхамедхановтың құжаттарымен фотосуреттерін пайдаланып «Тау Тұлға» атты кітапшаны шығарды. Бұл кітапша барлық оқырман қауымға, мектеп мұғалімдеріне, оқушыларға, студенттерге көмекші құрал ретінде ұсынылды.
Жалпы Қайым Мұхамедхановтың жазушылық және зерттеушілік қабілеті бала кезінен басталған еді. Қайымның әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов 1870 жылы туған, өз халқының тарихы мен мәдениетіне аса қызығушылықпен қараған, өте сауатты, білімді адам болды. Сол заманғы қазақ, татар, орыс тілдерінде жарық көрген газет, журналдарға жазылып және осы баспаларды жинақтап, өзінің бай кітапханасында сақтап отырған. Мұхамедхан Сейітқұловтың ең жақын досы Мұхтар Әуезов болды, ол 20 жылдары Мұхамедханның үйіне жиі қонаққа келіп тұрған. Абайдың шәкірті, әрі досы Көкбай Жанатайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы Семейге келгенде осы үйдің құрметті қонағы болып, ат басын тірейді екен. Сонымен қатар М.Сейітқұловтың үйінде М.Әуезов, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров секілді әдебиет, өнер, ғылымды дәріптеген, қазақ тарихында есімдері алтын әріппен жазылған, белгілі қазақтың зиялы өкілдері де кездесіп тұрды.
1937 жылы Мұхамедхан Сейітқұловқа Семейдегі кеңес үкіметіне қарсы мұсылмандық діни топтың белсенді мүшесі деген айып тағылады да, 1937 жылы 24 қарашада НКВД мүшелері тұтқынға алып, ату жазасына кеседі. 1937 жылы 2 желтоқсанда атылады.
Әкенің ізін жалғастырушы сауаттылық пен ізеттілікті алға мақсат етіп қойған Қайым Мұхамедханов 1950 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының аспирантурасын ойдағыдай табысты аяқтап шығады. Осы жылы «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, оған филология ғылымдарының кандидаты деген ғылыми атақ беріледі. Кандидаттық диссертациясын қорғап, тура сегіз ай өткенде 1951 жылы 1 желтоқсан айында Қайым Мұхамедханов РСФСР ҚК б. 58-10, б. 2. «...кеңес үкіметіне қарсы үгіт жүргізуші, қазақтың Ұлы ақыны-Абай туралы тарихи мәліметті бұрмалаушы, оның поэтикалық мұрасын қазақ әдебиетіне енгізу арқылы баспасөз беттеріне кеңес үкіметіне қарсы ақындарға ойлар салып, үгіт-насихат жүргізгені үшін..», мүлкі тәркіленді, 4 жылға дейін азаматтық құқығынан және 25 жылға бас бостандығынан айырылады. 1952-1955 жылдары Карлагта жазасын өтейді. Түрмеде отырып отбасына, балаларына арнап жазған хаттарында шыдамдылық пен ар намысты жоғары қоюға мегзейді. Абақтыда отырып, сағынышпен жазған хаттарының бірінен оқырман қауымға ұсынсақ:
«Фая жаным, сүйікті балаларым Мүслима, Қазыбек, Роза, Жәнібек, Назым, Бекет, Қанағат!
Бәріңді де қатты сағынып, беттеріңнен сүйем! Сендерден көптен бері хат-хабар болмай қатты уайымдап жүр едім.
8/І-54 телеграмма, 10/І хат алып қатты қуанып, көңілім жақсы болып қалды.
30/ХІІ-53 ж. Күліштерден хат алдым. Соның алдында ғана екеуіңе де хат жазған едім. Күлішке ренжіңкіреп жазып едім. Ғапу өтініп хат жаздым. Күліш хатында Жәкеңе арнап хат жазуымды сұрапты. Анада (август) келген посылкадағы май мен қазы Жәкеңнің сәлемдемесі екен. Адамшылық ниетіне қатты разы болдым. Жәкеңе хатты өлеңмен жазған едім (9 бет). Күлішке жазған хатпен бірге бұл арадан 9-10/І-54 кеткен болар. Сол хаттар Күлішке барды ма екен, анықтап біліп маған хабарла!
..... Сендердің жүдемей отырғандарың маған зор қуаныш, үлкен сүйеу. Аппақ тәтелерге, Ләйлаларға, Уәлилерге, Шайхиларға, Әминаларға сағынышты сәлем! Менен зор алғыс, көп-көп рахмет айт! Бөкең саума сәлем айт.
Тұрсекең (Ереғлы) ағайға, Мәкеңе менің ризалық ниетімді білдір. Алғыс айт. Адамшылықтың жарқын бейнесі басыңды бұлт торлағанда айқынырақ көрінеді. Адал ниет тарыққанда, ақ көңіл зарыққанда адамға рух беріп, қуаттандырмақ.
Жығылған адамның мінін көргіш сынампаздар көп болмақ. Ондайларды – таяз ойлы табашылар дейміз. Ниеті түзу, ар сақтаған адамдарға екі дүниеде ризамын. Сұраған жанға сағынышты сәлем!
Денім сау. Әзір жүдеген жоқпын. Бұрыңғы хаттарда жазылған жерде қызмет етем. Жалақы жоқ. Бірақта өзіме жайлы орын.
Арызды жөнелте алмай жатырмын. Мұндағы басқа азаматтар сияқты артыңнан келіп қатынасып жатқан адам болмаған соң амал жоқ болып тұр. Қол қысқа. Енді неде болса бір сәтін күтемін де. Мүмкін бір реті келіп қалар. Мен сияқты адамдардың арызбен босап жатқандары да бар. (осы соңғы кездерде). Елдің бәрі де үкіметтен үміт күтіп жүріп жатыр. Ақырының қайырын күтелік. Өзің, әзірше еш жерге жазып әуре болма. Менің арызым кеткен соң, мүмкін қысқаша жазарсың. Ол жағын өзім хабарлармын. Ешбір жанға кейіп, реніш білдірме.
Ниетіміз адал, ісіміз ақ қой. Жазықсыз күйіп кете бермеспіз. Қиыншылыққа шыдайық. Денсаулыққа шүкіршілік етейік.
Өзің, балалар аман-сау болып, жүдемесеңдер-маған үлкен жеңілдік, зор көмек сол. Елдегі ағайындардың сұрағаны болса, сәлем айт!
Балалар сабақты қалай оқып жүр? Мүслиманың анада жазған хаты мені аса қатты қуантты. Қазыбек, Жәнібек тәртіпті болып жүрме? Роза, Муся жүдеген жоқ па? Балалардың сабақты жақсы оқып, тәртіпті болып жүргені маған ең зор қуаныш! Мені ұмытпай, сабақты жақсы оқып, тәртіпті болып жүргендеріне ризамын. Менен рахмет айтып, мен үшін бәрін де бір-бір сүй!
Фая жан! Сенің де қандай халде жүргеніңді білемін ғой. Жат жазуға да уақытың жоқ болар. Амандық білдіріп 2 хат жазып тұрсаң ризамын. Муся, Қазыбектер анда-санда сабақтан, үй шаруасынан қолы босағанда хат жазар. Бірақ, сабақтарына кедергі болмайтын болсын. Аман-сау көрісерміз. Бәрі де ұмыт болар.
Сағынышты сәлеммен Қайым.
26/І-1954 ж.»
1955 жылы Қазақ ССР Жоғарғы соты Президиумының қаулысымен үкімді жойып, барлық тергеу істері тоқтатылады. Қ.Мұхамедханов толықтай ақталып, Семей педагогикалық институтына орыс әдебиеті кафедрасына аға оқытушы болып қызметке орналасады. 1959 жылы Қ.Мұхамедханов «Абай дәуіріндегі ақындар» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап шығып, Семей педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті болып тағайындалады.
Өмірінің соңына дейін шәкірттерінің бойына білім нәрін сусындатып, әр тұлғаның бойына адамгершілік пен тектіліктің қасиетін сіңіртті.
Абайдың талантты шәкірті Ш.Әбенов:"Сенім - өмірдің тұтқасы "-дейді. Қ.Мұхамедханов өмірге сенді, "Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған" деген өз сөзіне сенді. Ақиқат жолын табуда кездескен қиындықтарға мойымай «Бұл да уақытша» деген сеніммен өмір сүрген ғалым-бақытты сәтке жетіп, 2004 жылы 30 маусымда дүниеден озды.
Ия, Қайсарлық, үлгі алар қайсарлық! Нағыз аңыз адам.....!
Лаура Қадырова
Қазіргі заман тарихын құжаттандыру
орталығының құжаттарды пайдалану
бөлімінің басшысы
Семей облыстық прокуратурасының Қ.Мұхамедхановты тұтқынға алу және ақтау жөніндегі анықтамасы, Семей қ., 1992 ж.
ҚЗТҚО, Қ.1574, т.1, іс 13
Әлкей Марғұланның Қ.Мұхамедхановқа жазған хаты, Алматы қ., 1948 ж.
ҚЗТҚО Қ.1574, т.1, іс. 25