Қаламгер Ғалым  Медеу Сәрсеке 85 жаста

 «... Жақсы шығарма - жан серігің. Сәтті сомдалған кейіпкерімен қоса қуантады, ойландырады, мұңайтады. Жаңа шығармаларды әр кез оқуға уақыт табамын. «ЖЗЛ» сериясымен шыққан Медеу Сәрсекенің Қаныш Сәтбаев пен Ебіней Бөкетов жайлы терең зерттеуден туған кітабын сүйсіне оқыдым. Соңғы екі шығарма кәнігі металлург ретінде маған жаныма ерекше жақын». 

Нұрсұлтан Назарбаев,
Қазақстан Республикасының Президенті.
«Қазақ әдебиеті», 24 наурыз, 2006 жыл

Медеу Сәрсеке қазаққа, Семей жұртына исі таныс есім, таныс дейміз, танымал есім. Бүгінгі таңда қазақ әдебиетінің биік тұғырында тұрған Медеу Сәрсеке 85 жасқа толды. Сонау елуінші жылдардың соңында қазақ әдебиетінің негізін қалауға өз үлесін қосқан жас жазушы қазір сексен бестің сеңгіріне шықты.

Көрнекті жазушы, драматург, «Құрмет» орденінің иегері, Семей қаласы және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Медеу Сәрсеке Сапаұлы Шығыс Қазақстан облысы Абралы ауданының Қайнар ауылында 1936 жылы 2 қаңтарда дүниеге келген. Орта мектепті алтын медальмен 1953 жылы бітіріп, Алматы қаласындағы Кен-Металлургия институтына инженер-металлург мамандығы бойынша оқуға түседі. Ол студент кезінен ғылыми-фантастикамен әуестеніп, фантастикалық жанрдағы жарық көрген «Көрінбестің көлеңкесі», «Жетінші толқын», «От пен атом» эсселері жасөспірімдердің қызығып оқитын таңдаулы шығармалары болып табылады. 

Оқуын тәмамдағаннан кейін біраз уақыт «Лениншіл жас» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып еңбек етеді. 1959-64 жылдары Семей цемент зауытында шебер, зауыт диспетчері, техника бөлімінің аға инженері міндетін атқарған. 1964-1965 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі. 1965-1997 жылдары жазушылар Одағының Ертіс өңірі бөлімшесінің хатшысы қызметін атқарған. Медеу Сапаұлы 1962 жылдан бері  Қазақстанның жазушылар Одағының мүшесі.

1970 ж. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 2001 ж «Құрмет» орденімен марапатталды. Сонымен қатар М.Сәрсеке Семей қаласы мен Абралы ауданының «Құрметті азаматы», Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры», «Құрметті кенші» және ҚР Геология комитетінің «Құрметті кен іздеушісі» деген марапаттары бар.
         
Жазушының қаламынан 43 кітап қазақ тілінде, 20 кітап орыс тілінде жарық көріп, өз оқырмандарын тапты.  Алпыс жыл бойы бел жазбай еңбек етіп, қолынан қаламы түспеген қаламгердің шығармалары кімді де болса бей-жай қалдырмасы анық. Қазақтың үш тұлғасын: Қанышты қайта тірілтіп қауыштырған, Ермұхан Бекмаханов пен Ебіней Бөкетовтердің біз білмейтін қырларын, өміріндегі өзекті оқиғаларын ғылыми тұрғыдан топтап, жарыққа шығару Медеу Сәрсеке Сапаұлының қолынан келген іс екеніне ешкімнің дауы болмас.  Жазушының қаламынан туған Қаныш тақырыбында жазған еңбегі, өзі игерген инженер- металлург мамандығынан туындаған болса керек деп ойлаймыз. Бірақ сөйтседе жазушыға қалам ұстауға табиғи туа біткен таланты мен дарыны, әдебиетке деген құштарлығы болса керек.

Осы жылы талай жылдар бойы қырық жыл қазақ топырағына қырғын әкелген Семей полигоны жайлы жазылған, әлі сыясы кеппеген «Семей қасіреті» атты кітабы оқырман қауыммен қауышты.

Жазушының драматургиядағы қарым-қабілетін айшықтайтын, «Шыңғыс хикаясы», «Жарылыс», «Заңды неке», «Тендерге түскен келіншек» туындылары еліміздің талай рет театр сахналарында қойылып келеді. 
         
Сәрсеке Медеу Сапаұлының қоры Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында сақталған жеке тұлғалар туралы жинақталған құжаттардың аса бағалы, құнды,  мағыналы құжаттардың ең бірегейі. Медеу Сәрсекенің құжаты өз қолымен Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығына мемлекеттік сақтауға 2001 жылы тапсырылды. Құжаттарға алғашқы рет 985-қор нөмірі берілді. Оған 1957-2001 жылдарды қамтитын №1-ші тізімдеме жасалды. Тізімдемеге 92 сақтау бірлігі енгізілген.

          
Құжаттар Медеу ағаның қаламынан туған машинкаға басылған, өзінің қолымен жазған шығармалары атап айтсақ «Күзетші қорғасын», «Ғылым туралы әңгімелер», «Біздің шахта», «Түсті металлургияға саяхат», «Звездный час», «Чингиская быль», «Мен керемет көрдім», «Үйдегі күн», «Кішкентай шахтер», «Саяхат», «Ұзақ жол», «Қауырсын қалам, ағаш қаламсап және болат қаламұш туралы ертегі», «Ақ тасы мен терек», «Аңыз жалғасы», «Ай шықты мезет», «Шығыс хикаясы», «Қаныш бұлақ», «Первый тракторист», «Продолжение легенды», «Қаныш Сәтбаев» романы т.б эссе, очерк, әңгімелері сақталған.  Ал 2005-2006 жылдары қор жаңа құжаттармен толықты. Бұл құжаттарға №2 тізім беріліп 1953-2006 жылдарды қамтитын 64 бірлік енгізілді. Олар романдар, повестер, әңгімелер, новеллалар, эсселер, газет бетіне жариялаған мақалалары және марапаттау қағаздары. Бұл құжаттардың реті болашақта да толтырылады. 

Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында Медеу Сәрсекенің 80 жас мерейтойына орай архившілермен кездесу кеші ұйымдастырылған еді. Кеш барысында Медеу аға өзінің өмір жолына, қаламынан туындаған кітаптарына толық тоқталып,  архившілер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, үлкен әсер қалдырды. Архив қорына өзінің жаңа «Семей қасіреті» кітабын сыйға тартты. Бұл оқиғаның өткеніне бес жыл толса да, күні кеше ғана өткен тәрізді архившілер жадында мәңгі есте қалды.

Медеу Сәрсеке туралы қаншама ғалым ағаларымыз өз пікірлерін білдіріп, мақалалар жазып қанатты сөздерін білдіріп жатыр. Бұл айтылған бағалы мақтаулар, жылы лебіздерге Медеу Сәрсеке әбден лайық.

Медеу ағамызға арналған бұл мақаламызды ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақыптың «Алаштың бақытына туған ағам...» (жазушы Медеу Сәрсекеге) деген өлеңінен үзінді келтіріп, аяқтадық.

Кім болар өз ағасын танымаған,

Мен бүгін Ертісімдей ағын алам.

Сүйенген еңбегі мен ақылына,

Бұл ағам, Абайша айтсақ, толық адам. 

Толық адам дегенім-кемел адам,

Білімі дүниені кең ораған.

«Айшықты мезетімен» көзге түсіп,

Жинаған асыл сөзді Медеу ағам. 

Абайды, Әуезовты жастап көрген,

 О бастан-ақ желкенін асқақ керген.

«Жетінші толқынымен» бір кездері

Қазақ фантастикасын бастап берген. 

Дәл сіздей қыруар мұра қалдырар кім?

Туады еңбекқордың алдынан күн.

Қаныштың әлеміне бастады оны

Бір сөзі «Қарғаш!»  деген Марғұланның.

 

Лаура Қадырова
Қазіргі заман тарихын құжаттандыру
орталығының құжаттарды пайдалану бөлімінің басшысы 

 image-589-768.jpg

Суретте: жазушы М.Сәрсеке архившілермен кездесу кешінде