







Абай облысының мемлекеттік архивіне 105 жыл
«Тарихты адамдар жасайды, ал архивтер сақтайды»
«Архив құжатынсыз мемлекет те, халық та, ұлт та болмайды» деген сөз жиі айтылады. Бұл – шынайы қағида. Біздің өткен тарихымызды дәлелдеу үшін құжатқа сүйенеміз, ал құжатты тек архивтен табатынымыз сөзсіз.
Ғасырлар өтеді, ұрпақтар бірін-бірі алмастырады. Баршамызға мәлім, құжатсыз болған тарихыңды дәлелдей алмайсың. Құжатсыз тарих болмаса, тарихсыз мемлекеттің болғандығын, ұлттың бар екенін көру мүмкін емес. Сондықтан архив ісі әрі мемлекеттік маңызы бар, әрі ұлттық маңызы бар іргелі іс. Тарихты зерттеп, зерделеп, өткенге көз жүгірту үшін, әлбетте архив қоры деректеріне сүйенеріміз анық. Ғасырлар өтіп, ескі жаңамен ауыстырылып жатыр, ал осы аралықтағы кезең жөнінде архив құжаттарынан ғана таба аламыз.
Қазақстандағы ең көне архивтердің бірі, бүгінгі таңда Абай облысының мемлекеттік архивіне 105 жыл толды.
Семейде кеңес үкіметін қайта қалпына келтіру үшін Колчак әскерлерімен болған күрес енді басылған кезеңде, 1920 жылдың 29 наурызында губерниялық революциялық комитеті «Өлкеміздің тарихы туралы құнды деректерді жинап және сақтау үшін губерниялық архив қорын құру» туралы шешім қабылдады.
Алғаш губерниялық архив қорының жетекшісі болып Н.Я.Коншин тағайындалды. Қоғам қайраткері, өлкетанушы, Ярославск заң лицейі мен Мәскеу университетінде білім алған ол – Ресей географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімшесінің мүшесі болды, архив құжаттарымен көп жұмыс істеді, жазған бірқатар «Дело о Дубинушке», «Жандармские наблюдения за семипалатинскими чиновниками», «Материалы по истории политической и административной ссылки в Степной край» еңбектерінің авторы ретінде де танымал болды.
Коншин губерниялық архив жұмысына Қазақстанның Ертіс өңірінің тарихын, оның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын, мәдениетін жақсы білетін Н.А.Бахирев, Б.Г. Герасимов сияқты танымал өлкетанушыларды тарта білді. Ең алғаш архивке (ені 6 қадам және ұзындығы 12) тұратын тастан қаланған бөлме берілді, штат 4 адамнан тұрды.
1920 жылы 1 сәуірден бастап Коншин және оның әріптестері аса қиын да маңызды іске кірісті, ол революцияға дейінгі кезеңдегі бытыраңқы және қараусыз қалған архив мекемелерін топтастыру. Азамат соғысы архив ісіне түзелмейтін зиянын тигізді – құжаттар жағатын отынның жоқтығынан, макулатура ретінде сатылды. Сондықтан, 1920 жылдың тамызында губерниялық архивтің қызметкерлері жан-жақтағы уездерге іс-сапарларға шығып, уақыт өткізбей, сақталған құжаттардың санын нақтылауға және оларды сақтап қалу үшін шаралар қолдануға кірісті.
Жұмыстың ауырлығына қарамастан, Н.Я.Коншин өзінің кішігірім ұжымымен, қысқа мерзім ішінде революцияға дейінгі өлке мекемелерінің өте құнды ондаған мың материалдарын жинақтады, яғни: земстволық, сот, полицейлік және жаңа, кеңестік құрылымдардың: губерниялық төңкерістік комитетінің, губерниялық атқару комитетінің, губерниялық халық шаруашылығының, губерниялық жер бөлімінің құжаттарын жинақтауды ұйымдастырды. Сонымен қатар құжаттарды сипаттау, оған ғылыми-анықтамалық аппарат құру қоса жүргізілді.
Ұйымдастыру кезеңінде губерниялық архив Сібір аймақтық архивінің қарамағында болды. Бірақ бір жылдан соң губернияны Қазақ (Қырғыз) республикасына беруіне байланысты ол КАССР халық ағарту комиссариаты архив ісі бойынша басқармасының құрамына өтті.
Семей губерниялық архив басқармасы 1920 жылдың сәуір айында құрылды. Сол кезде ол ең алдымен атқарушы комитеттің құрамына кірді, содан кейін халық ағарту ісінің губерниялық басқармасына бағынады.
1923 жылы мамырда архив басқармасы – губерниялық атқару комитеті Президиумына қарасты губерниялық Архив бюросына айналды.
Аймақтық әкімшілік мекемелердің істерін сақтайтын бұрынғы Семей облыстық басқармасының архиві; казак қоныстары мен қалалық полицияның бұрынғы қалалық және мещандық басқармасының құжаттары шоғырланған қалалық архив, сонымен қатар бұрынғы Семей окгуртық прокурорлық қадағалау сотының, уездік және бірінші инстанциялы соттар архиві бағынды.
Губерниялық архивті толтыру және іріктеу мақсатында архив қызметкерлері облыстағы барлық жаңа кеңестік мекемелерді аралап, жеке мәліметтер таратты. Зайсан, Көкпекті, Өскемен қалаларына іс-сапарлар жасады.
1925 жылы губерниялық архив 12 қормен толықтырылды, оның ішінде 9-ы революцияға дейінгі болса, ал 3-еуі революциядан кейінгі.
Республиканың әрі қарайғы әкімшілік-аумақтық құрылымының одан әрі жетілдірілуі, 1928 жылғы округтер мен мекемелердің құрылуына, 1931 жылғы аудандық архив желілерінің құрылуына, сонымен қатар архив мекемелері жүйесінің өзгеруіне әкелді. Мысалы, 1928 жылдың жазында губерниялық архивтік бюроның атауы округтік архивтік бюро болып өзгертілді. Сол уақытқа дейін Семей губерниялық архивінде сақтауда 40 мың іс болды.
1931 жылы округтерді жою және әкімшілік-аумақтық бөліністің аудандық жүйесін құру жөніндегі іс-шаралардан кейін, Семей қаласында 30 әкімшілік ауданға қызмет көрсету үшін КАССР Орталық архив басқармасының бөлімшесі құрылады. Осы кезеңде архивте мемлекеттік сақтауда 30 мыңнан астам құжаттарды қамтитын революцияға дейінгі 109 қор болды.
Шығыс Қазақстан облысының құрылуына байланысты орталығы Семей қаласында 1932 жылы 1 сәуірде Шығыс Қазақстан Архив басқармасы құрылды. Архив басқармасы облыстық жұмысшылар, шаруа және Қызыл әскер депутаттары Кеңесінің Атқару Комитеті бөлімінің иелігінде болды. Облыстық архив құрылымында 4 бөлім болды: Тарихи, Қазан төңкерісі, құпия және кітапхана. Архив қорының құрамында 220 мың іс болды.
ОАК және КазКСР ХКК Президиумының 1935 жылғы 9 наурыздағы қаулысына сәйкес аудандық архивтерді құру бойынша бес жылға созылған жұмыс басталып, 1938 жылға қарай облыста 13 аудандық архив жұмыс істеді.
1939 жылғы 23 сәуірдегі ІІХК №208 бұйрығымен Шығыс Қазақстан Архиві басқармасы ШҚО ІІХК Басқармасының қарамағына берілді. 1939 жылдың 14 қазанында Семей облысының ШҚО құрамынан бөлінуіне байланысты, ШҚО ІІХК Басқармасы бөлімшесі Семей облысының ІІХК Басқармасы Архиві бөлімшесі болып өзгертілді.
1940 жылы Семей облыстық архивінде 614 қор сақтауда болды, оның ішінде революцияға дейінгі – 140, және революциядан кейінгі – 474 қор еді.
Соғыс жылдары облыс архиві өз жұмысын тоқтатқан жоқ. Архив қызметкерлері госпитальдарда, әскери комиссариаттарда әңгіме өткізіп, әскери дәріс оқыды. Архивке сақтауға 14 қор мөлшерінде Шешен-Ингуш АССР ІІХК мемлекеттік архивінің эвакуацияланған құжаттары келіп түсті.
1947 жылы Қазақстанның орталық архивтерін нығайту және Республиканың мемлекеттік архивтерінің бейінін нақтылау бойынша жұмыс барысында 1786-1917 жылдар аралығында 10 мыңға жуық іс бар 147 қор ҚазКСР Орталық мемлекеттік архивіне (Алматы қаласы) берілді, Қызыл Армия тарихына, ерекше мақсаттағы бөлімдерге, әскери госпитальдарға қатысты бірқатар қорлар Мәскеу мен Ленинградтың мамандандырылған архивтеріне таратып берді. Семей архивінің қорлары – Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарының мемлекеттік архивтерін құруға негіз болды. Олардың қалыптасу тарихына қатысты материалдарды Семей архиві берді. Өз кезегінде, Семей және облыс мекемелерінің қызметіне қатысты құжаттар Омбы, Новосибирск, Томск, Талдықорған облыстық мемлекеттік архивтерінен алынды.
1960 жылғы 17 маусымдағы ҚазКСР Министрлер Кеңесінің Қаулысы негізінде Семей облысының архив ісі облыстық атқару комитетінің тікелей басшылығына берілді. Аудандық архивтер таратылды. Қаз КСР Министрлер Кеңесінің 1963 жылғы 21 мамырдағы қаулысымен, сондай-ақ Семей облысы атқару комитетінің 4 маусымдағы №313-12 шешімімен Аягөз және Шар қалаларында облыстық мемлекеттік архивтің екі филиалы ұйымдастырылды. Филиалдар сегіз аудандық архивтің құжаттарын сақтауға қабылдады, қалған жеті архивтің құжаттары Семей облысының мемлекеттік архивіне тапсырылды.
60-шы жылдардың ортасынан бастап мемлекеттік сақтауға тапсыру үшін құжаттарды сапалы дайындау мақсатында облыстық архив құрамында шаруашылық есеп тобы жұмыс істеді, ол мекемелермен, ұйымдармен және кәсіпорындармен келісім-шарт негізінде құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеуді және оларды облыстық мемлекеттік архивке және оның филиалдарына тапсыруға дайындауды жүзеге асырды.
80-ші жылдары облыстық архив мекемелерінің жүйесі кеңейтілді. Қаз.КСР Министрлер Кеңесінің 1985 жылғы 15 шілдедегі №248 Қаулысына сәйкес, облыста 12 аудандық архивтер құрылды. Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Көкпекті архивтері бүгінгі күні де табысты жұмыс істеуде.
1992 ж. мемлекеттік архив қорының құрамына Қазақстан Компартиясы Семей облыстық комитеті архивінің – 1263 қор, 191130 сақтау бірлігі құжаттары қосылды.
1997 жылы Семей облысының таратылуына байланысты архив ШҚО қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы болып қайта құрылды.
2023 жылы Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы Абай облысы құрылғаннан кейін, Абай облысының мемлекеттік архиві болып қайта жаңа атауға ие болды.
АОМА-да сақталған мыңдаған қор жинағы – Семейдің Ертіс өңірі тарихынан сыр шертеді, ол біздің өлкеміздің әлеуметтік дамуын, Семей қаласының Қазақстандағы ірі өнеркәсіп және мәдени орталығына айналғанын көрсетеді. Құжаттарда – көпшілікті елең еткізген, бірінші бес жылдықтағы аса зор құрылыстар – Түрксіб, «Восточное кольцо» жолы, Ертістегі алып өнеркәсіп – Ет консерві комбинатының құрылысы тарихта өшпес із қалдырғанын көруге болады.
Ұлы Отан соғысы жылдарының құжаттары – бұл біздің жерлестеріміздің еңбек және майдандағы батырлық ерліктерінің жылнамасы. Мемлекеттік архив қорларында майдан мен тылдың өзара берік байланысын көрсететін – соғыстағы жерлестерімізге азық-түлікпен, киім-кешекпен көмек бергендігі туралы көптеген мәліметтер бар. Құжаттар облыс аумағында 8-ші Ямпольск және 30-шы гвардиялық Рига атқыштар дивизияларының құрылғандығы туралы сыр шертеді. АОМА «Алтын қорының» ажырамас бөлігі – газеттер қоры болып табылады, олар 1905 жылдан бүгінгі күнге дейінгі кезеңді қамтиды. 1918 жылғы «Известия», 1905 жылғы «Вечерняя почта», 1917 жылғы «Воля народа», 1918 жылғы «Трудовое знамя» сияқты газеттер тек АОМА-нің қорларында сақтаулы.
Бұрын көптеген құжаттар негізсіз зерттеушілердің кең қол жеткізуі үшін жабылды. Мемлекеттік билік, әділет мекемелерінің және бірқатар кәсіпорындардың қорлары, бұрынғы партия архивінің қорлары осындай болды. Архившілер зерттеушілердің қорларға қол жеткізуін шектемеу және кеңейту бойынша үлкен жұмыс жүргізді. 5 жыл бойы жұмыс істеген құжаттарды құпиясыздандыру жөніндегі комиссия зерттеушілер үшін бұрын 11168 құпия құжаттарға қол жеткізуді ашты.
Біздің тәуелсіз мемлекет болып, егемендігіміздің туы аспанға желбіреп, ана тіліміздің мемлекеттік тілге айналуына, сол кездегі Алашорда үкіметінің құрған саясаты, Алаш көсемдерінің, Алаш партиясының, Алаш үкіметінің қажырлы еңбектерін ешкім де, ешқашан да ұмытпақ емес. Архив қорында Алаш қайраткерлерінің құжаттары толық ретімен сақталған. Мәннан Тұрғанбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Алихан Бөкейханов, Ахметжан Қозбағаров, М.О.Әуезов т.б Алаш зиялыларының жеке құжаттары да бар.
Құнды құжаттардың бірі Шәкәрім атамызға қатысты, ол бабамыздың архивтен алғашқы рет табылған, бұрын жарыққа шықпаған тау шатқалында түскен 3-ші фото суреті.
Адамзат баласының өткен күнінің бәрі тарих. Тарихтың тарихы сонда – ешбір күш, ешбір уақыт оны өшіре алмайды.
Семейлік архившілердің көптеген ұрпақтарының арқасында өлкеміздің тарихының баға жетпес деректері жиналды, сипатталды, қалпына келтірілді және сақталды. Бүгінгі күнде де АОМА архившілері өткен дәстүрді жалғастырып, Семей аймағының ғылыми, мәдени және қоғамдық өмірін бейнелейтін құжаттарды жинап келеді. Осы құжаттарды сақтап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін архив ондағы архившілер болмақ.
ҒАА және құжаттарды пайдалану бөлімінің басшысы Л.К.Кадырова