Тұратай Исова (1931-1994) 15 қазанда Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарақастек ауылында дүниеге келген.. 1948 жылы мектепті бітіріп, Алматы қаласындағы Гоголь атындағы театр көркемсурет училищесінің актерлік бөліміне оқуға түсті. Училищені аяқтаған Тұратайды республикалық халық шығармашылығы Үйіне драма бойынша әдіскер ретінде жұмысқа жібереді. Кейін 2 жыл Алматының М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрында қызмет етті. 1956 жылы Семейдің Абай атындағы біріктірілген театр директоры, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері Л.Ф. Семенов Т. Исованы өз театрына жұмысқа шақырады. Тұратайдың сахнадағы алғаш рөлдерінің өзінен, оның бойындағы үлкен шығармашылық мүмкіншіліктер табыла бастады. Әртістің болмысы аса бай сахналық сүйкімділікке толы болды, қандай да бір рөлді сомдамасын, тез өзгеріп, жаңа образға еніп кетуге оның бейімділігі жоғары болды.

1958 жылы өткен бірінші Барлық қазақстандық театрларының көктемі фестивалінде, «Ақан сері – Ақтоқты» спектакліндегі Ақтоқты және «Майра» спектакліндегі Айбаршаның бейнелерін сахналағаны үшін, Тұратай І дәрежелі Лауреат болды және Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің грамотасымен марапатталды.

1969 жылы облыстық мәдениет басқармасының бұйрығымен Т.Исова Абай атындағы Семей облыстық қазақ драмалық театрына ауыстырылды. 26 жыл ішінде Тұратай театрда қазақ классикалық драматургиясының барлық әйелдерінің бейнесін сомдады, театрдың сүйікті әртісі болды, оның сомдаған басты рөлдерін көруге 10 жастан 20 жас аралығындағы көрермендер толық аншлагпен жиналатын.

Театр басшылығы мен режиссурасы Тұратайға репертуардағы барлық басты рөлдерді сеніп тапсырды, олар: М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» спектакліндегі – Еңлік, «Айман-Шолпандағы» – Шолпан, «Қобыландыдағы» - Қарлыға, «Қаракөздегі» - Қаракөз, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш- Баян сұлу» спектакліндегі – Баян, «Ақан сері – Ақтоқтыдағы» - Ақтоқты, Треновтың «Любовь Яровая» спектакліндегі - Яровая, А.Штейннің «Между ливнями» спектакліндегі – Тата, С.Мукашевтың «Мөлдір махаббатындағы» – Батес және басқалар.

Т.Исова өз қабілетін режиссерліктен де байқап көрді. Кейбір спектакльдерді қойғанда, атап айтсақ, «Қозы Көрпеш – Баян сулу», «Пока арба не перевернулась» спектакльдерінде режиссермен қатар жұмыс жасады. 1964 жылғы 25 маусымда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Т. Исоваға Қазақ КСР-ның Еңбек сіңірген әртісі атағы берілсе, 1991 жылғы 16 қаңтарда Қазақ КСР Президентінің Жарлығымен – Қазақ КСР –ның Халық әртісі атағы берілді. Тұратай Исованың театр өнері саласындағы сіңірген көп жылдық еңбегі ескеріліп, ол «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек Ері» медальдарымен, Семей облыстық атқару комитетінің, облыстық кәсіподақтар кеңесінің, Семей облыстық комсомол комитетінің грамоталарымен марапатталды, 1975 жылы Семей қаласы Ленин ауданының Құрмет тақтасына есімі жазылды.