Қосанов Гусман Ситтыкович (1935-1988), КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, Римдегі 17-ші Олимпиада ойындарының жүлдегері, Семей облысында дүниеге келген. Ол мектептен спортпен шұғылдана бастады.Өзінің мектептегі алғашқы жарыстарында 60 метрге жүгіруде ол бірнеше рет жеңімпаз атанды. 1950 жылы темір жол училищесіне түсіп, спортқа көп көңіл бөледі. Онда ол баскетболмен, футболмен айналысты, шаңғы жарысына қатысып, жиі жүлделі орындарды иеленіп жүрді. Тіпті әскери қызметте де ол спортпен айналысуын үзбеді. Әскери борышын өтеуге Севастополь қаласына жіберілгенде, танкіге қарсы жаяу әскерді даярлау әскери мектебінде бос уақытын Гусман футбол алаңында, жүгіріс жолағында өткізді. Штанга, гирь көтеріп шынықты. Ол тіпті Севастополь біріншілігіне қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп, Қырым облысының құрама командасына қабылданды.

Демобилизациядан кейін, 1958 жылы Гусман Кишиневский дене шынықтыру техникумына емтихансыз қабылданды. Сол жылдың күзінде ол Молдавия чемпионатына қатысты. Төрт дистанцияда да жеңіске жетті: эстафеталық жарыста және 100, 200 және 400 метрге жүгіруде жеке есепте Гусман Қосанов Молдавияның төрт дүркін чемпионы атанды. Венгрия мен Польшада өткен халықаралық жарыстарда ол алтын және қола медальды иеленді. Жеңіл атлетикадан КСРО чемпионатының да ауылы алыс емес еді, оның нәтижесі бойынша XVII Олимпиада ойындарына қатысушыларды іріктеу жүргізілді. Эстафеталық жарыста Гусманға тең келер ешкім болмады, ол өмірде алғаш рет мойнына КСРО чемпионының алтын медалін тақты. Оның көптен күткен арманы орындала бастады – Римдегі жазғы Олимпиада ойындарына КСРО құрамасының сапында баратыны туралы хабар алды. Ақтық эстафеталық жүгірісте КСРО жеңіл атлеттері екінші орынға ие болды. XVII Олимпиада ойындарының нәтижесі бойынша КСРО құрамасының жалпы қоржынында 43 алтын, 29 күміс және 31 қола медаль болды. Олимпиада тарихында көптеген атақты спортшылардың аттары жазылды: КСРО құрамасына кірген гимнастшылар, жеңіл және ауыр атлеттер, велосипедшілер еді. Олардың арасында Гусман Косановтың есімі де болды, ол үшін күміс медаль бірінші олимпиадалық марапат еді.