







Жариялымдар / БАҚ мақалалары |
Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің туғанына 120 жыл
Биыл қазақтың классик ақыны, аса-ірі ағартушы, ойшыл, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының баласы, ақын, фольклоршы, шежіреші, ұстаз Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің туғанына 120 жыл. 100 жылдық тарихы бар Семей қаласының Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында Ахат Шәкәрімұлына қатысты деректердің сақталуы үлкен қуаныш. Олай дейтініміз Ахат Шәкәрімұлына әкесінен дарыған ақындық шеберлігін, жазған өлеңдерінен көруге болады. Ахат 15 жасында ақын бала атанған екен. Ол 1915 жылдан бастап, яғни 15 жасында «Кетпеші балалық» деп аталатын алғаш өлеңін жазады. Архивте сақталған Ахат атаның 1915-жылдан бастап әр жылдарда жазылған өлеңдері машинкаға басылып жинақталған. Өлеңдер жинағы 1982 жылы 4-ші маусымда басылған. Жинақтың бірінші бетінде Ахат атаның өз қолымен жазған 132 өлеңінің тізімі (көшірме) берілген. Жинақ 1915 жылы жазған «Кетпеші балалық» деген өлеңінен бастап, «Құдық» деп аталатын өлеңімен аяқталады. Өлеңнің соңында «Әкей сүйегін көмген құр құдық. 1961 жылы 28-июльде»-деп жазылған екен. Жалпы бұл жинақ 203 беттен тұрады. Осы өзінің шығарған өлеңдер жинағының машинакаға терілген нұсқасын көзі тірі кезінде архивке өз қолымен әкеліп тапсырған. Бұл туралы орталығымыздың сол кезде директоры болған Қасымова Гүлнар Төлеуқызы: «Қолында сырты көк тыспен қапталған, мұқабасы қалың, кітап секілді басылған дәптерін алып келіп, балам мына менің жазған өлеңдерімді сенің мұрағатыңа тапсырайын, кейін жас ұрпақ оқып керектеріне жаратса деп едім деп, әкеліп қолыма тапсырып еді» деп еске алады. Қазір бұл көк кітап орталығымыздың аса құнды құжаттарының бірі болып сақталуда. Ахаттың әкесі Шәкәрім Құдайберді ұлына қатысты тарихи деректер, көбінесе Алаш Орда үкіметінің құжаттары арасынан ұшырасады. Себебі, ол кісінің Алаш қозғалысының мүшесі болғаны бәрімізге мәлім. Мысалы Семей уезі бойынша гласныйлардың тізімі берілген, онда Шыңғыс болысы бойынша «Шахкарим Кудайбердин, қырғыз»-деп жазылған. Осы секілді тағы бір құжатта Семей аймағы Шыңғыстау ауданының аса-ірі бай және кулактарының басқа республикаларға, аймақтарға және аудандарға жер аударға жататындардың тізімі «құпия» деген белгімен берілген. Осы тізімде, «Ақсақал, Алаш Ордашыл, ру басшысы Шәкәрім Құдайбердин ұлдары, Гафур, Қабыш, Зият, Ақат аймақтан қуылсын»- деп жазылған. Яни бұл құжатқа қарап Ахаттың Шәкәрімнің кенже баласы болғанын көруге болады. Ахат Шәкәрімұлының ұстаздық еңбегіне келсек, 1939-1966 жылдары Алматы облысының мектептерінде көп жылдар мұғалімдік қызмет атқарып, зейнеткерлікке шығады. Ұстаздық еңбегі үшін үкімет тарапынан «Құрмет Белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, медальдармен марапатталады. 1969 жылы туған жеріне қайтып оралып, өмірінің соңына дейін (1984 ж.) Абайдың Жидебайдағы мұражай-үйінің меңгерушісі, Абай мұражайының ғылыми қызметкері болып еңбек етті. Осы мақаланы жазып отырып, менің көз алдыма Ахат атаның бейнесі көз алдыма елестеп отырды, себебі мен ол кісіні 1981 жылы Жидебайдағы мұражай-үйінің меңгерушісі болып жүргенде, ата-анам Абай атамыздың басына құран бағыштап қайтайық деп Жидебайға барғанда алғаш көрдім. Бізді ұзын бойлы, басында тақиясы бар, классикалық үлгідегі костюм шалбар киген ақсақал қарсы алды. Бұл Ахат ата екен. Сондай ақ жарқын, көңілді болып бізді қарсы алып, Абай атамыздың ұрпақтары жайлы баяндап берді. Әлі есімде ол кезде мен 1 сынып оқушысы болатынмын. Менің қолыма «мұражайдан саған ескерткіш болсын» деп ата қасқыр мен қоянның суреті салынған значек сыйлады. Ол значек әлі күнге дейін сақтаулы. Туған елдің өз баласы бола алсам! Елдің, ердің алсам өнер үлгісін, Мақсатым бар іздегенім болса көп, Менде халық ері болып саналсам, 1917 жыл.
ҚЗТҚО «КММ» құжаттарды пайдалану
|