Тәуелсіздік ең басты құндылығымыз
16 желтоқсан ата-бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік күні.
Тәуелсіздік – ол ұлттық мемлекеттік, оның тамыры-жасампаздық рух, ұраны - ел мен халық. Олай болса, өміршендік пен кемелдік аясында өмір сүріп, бейбітшілік, татулық туын биікке көтерген Қазақстан халқы жаңа әлемнің жаңалықтарына ұмтыла бермек.
Бізді бұл күнге дейін жеткізген ұмытылмас оқиғалар – ел қорғау соғыстары, ұлт – азаттық көтерілістері қандай ауыртпалықты да көтере білген, жасымайтын асқақ жігерлі рухы қайтпайтын табандылығы – өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталуға тиіс. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бұл президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігінің, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтықмастығының арқасында болып отыр. Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің орныға түсуі ұлттық қауіпсіздігі, экономикамыздың жедел қарқынмен дами беруі, Қазақстан халықтарының өз болашақтарына деген берік сенімі, қазіргі замандағы өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуы – стратегиялық негізгі бағыттарды құрайды. Сондықтан бұл күн жас мемлекетіміз үшін – біртұтас елдіктің, ынтықмақтастық пен татулықтың сонымен қатар өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген сенімді үміттің берекесі болып табылады. Еліміздің ұлы тарихына, ата – баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иіп, Отанымыз – Қазақстанға деген құрметтеу сезімін әкелетін бүгінгідей мереке күні алға қарай тағы да берік сеніммен қарап, болашақтың тыныш өмірінің негізін қалау үшін қазір де бұл бағыттағы іс-әрекетті жалғастыру керек.
Рух туы желбіреп тұрғанда өткенге тас лақтырып қарғыс айтпай, одан сабақ алып, жіберген қателегімізді қайталамай, найзаның ұшымен, рух-намыстың күшімен қорғаған ата-баба аманатын орындау-бүгінгі ұрпақтың парызы.
1986 жылы Желтоқсан көтерілісі – ХХ ғасырдағы айтулы оқиға. Қазақтың санасын сілкіндерген оқиға жылдар бойы арман еткен тәуелсіздіктің қайнар көзі болды. Енді бір сәт сол 1986 жылғы қазағымның ұл-қыздарының қаны төгілген күнге келейікші, құжаттар не дейді екен. Қаламыздағы Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының бай қорында сан-алуан тарихи деректерге толы құжаттар өте көп сақталған. 1987 жылғы Семей Облыстық Қазақстан Коммунистік Партия Комитетінің Қ-103 қорында желтоқсан оқиғасына байланысты құжат кездесті. Құжат Москва қаласы КСРО Ғылым Академиясы Социологиялық Зерттеу Институтының Қазақ ССР-і Семей облысының ұлттық қатынастар мәселесі бойынша халықтың көзқарасы туралы жинақталған сауалнамасы. Құжаттың сыртында «аса құпия» деген жазу жазылған. Социология Зерттеу Институтының зерттеушілері Қазақстан Республикасының барлық облыстарында болып 3000 жергілікті тұрғындарынан және 1500 студент қауымынан сауалнама жинақтаған. Сауалнамада түрлі мәселелер бойынша сұрақтар қойылған, осы сұрақтың ішінде 1986 жылы Алматыда болған желтоқсан оқиғасы туралы сұрақ берілген екен. Осы сұрақ бойынша тұрғындардың жауаптарына қарасақ, көбінесе желтоқсан оқиғасын «қасақана жасалған бұзақылық, ұлтты арандатушылық»-деп жауап бергендер көп болған, ал кейбір тұрғындар «ол қазақ балаларының келген басшыны қабылдағысы келмей, жаңа басшылық келсін деп шыққан көтерілісі»-деп жазған. Кейбір қарапайым тұрғындар, студенттер, өз ойларын жеткізіп айта алмаған себебі, мәселенің анық қанығына-ешкімнің көзі жетпеген. Құжатта тағы былай делінген: «Көптеген студент қазақ жастары өз тағдырларына алаңдаулы, себебі «қазақ ұлты жойылып барады», «қазақ халқы өзінің ана тілін ұмытып барады»-деп жазылған. Ия, сол кезең де, біздің талай қазақ жастарымыздың ойында көп маңызды ойлар тұрғандығын және оны ешкімге жайып айтып салуға олардың күші жетпегенін осы құжаттардағы жазылған сауалнамалардан оқып куә болып отырмыз.
Сол желтоқсан оқиғасы қаншама ызғарлы естілсе де жанымызға нұр септі. Мәңгілік егемендікті алып келгеннің арқасында дүние жүзіне танымал болдық. Желтоқсан бастауы ғасырлар қойнауынан жалғасып келе жатқан ұлы тарихтың бір белесі. Қазақстан Республикасы 1991 жылы 16 желтоқсанда өз тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болды. Біз өзіміздің рәміздерімізбен мақтанамыз. Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты. Біз қазақ болып туылғанымызға, осындай бай, байтақ өлкеде өмір сүріп жатқанымызға қуанамыз. Өйткені, біз бүгінгі тәуелсіз, еркін елдің ұланымыз және де халқымыздың игілігі үшін еңбек етіп жатырмыз.
Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы
құжаттарды пайдалану бөлімінің
меңгерушісі Л.Қадырова |