Жариялымдар / БАҚ мақалалары

Еңбегі еш кетпеген...!

Белгілі алаштанушы, тарихшы, ғалым, қоғам қайраткері, дербес зейнеткер Сейтмұхамет Тәбәрік ұлы 85 жасқа толады.

Тәбәріков Сейтмұхамет Тәбәрікұлы 1928 жылы 17 наурызда Семей облысы Абыралы ауданы,  №2-ші Сарапан ауылында дүниеге келген.
Сейтмұхамет аға әр жылдары Абай, Шұбартау, Новопокровка, Аякөз, Ақсуат, Ново-Шульба аудандарында комсомол, партия, кеңес орындарында басшылық хатшы, төраға қызметтерін атқарған. Қызмет еткен жылдарының еңбегінің жемісін көріп отырған абзал жан, нар тұлға.
Жасы 85 ке келсе де қолына қалам алып, өткен өмір елестерін қағазға түсіруден жалықпаған қаламгер.
Сейтмұхамет аға шығармашылықтың адамы, ол өзінің қоғамдық-саяси еңбегінің және шығармашылық қызметінің арқасында Семей өлкесінің бай ауыз әдебиетіне, ән-музыка өнеріне тәнті болды. Оның жазған өлеңдері, әндері, әңгімелері, баяндамалары, естеліктері, қызықты құжаттары т.б осының куәсі. Өз өлкесінің тарихын зерттей келе, көптеген ақын-жазушылардың еңбектерін, қол жазбаларын жинаған.

Ақын және композитор ретінде «Туған жер», «Шыңғыстау», «Армысың мекен мектебім» өлеңдерін жазды.
Сейтмұхамет Тәбәрікұлының зерделі алақанынан шыққан «Жанақ ақын», «Заман ағысы», «Мәннән Тұрғанбаев», «Шарлаған жолым жатыр жер бетінде», «Қайран Мәннан», «Алаш арыстары», «Жүрегім неге тулайсың?», «Тауқымет», «Жүрек сөйлейді», «Судьба», «Алаштың алтын көпірлері» еңбектері ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалатын алтын қазына деп білеміз.
Сейтмұхамет Тәбәрікұлының сан жылдар бойы жазған әр туындысы оқырман қауымның көңілінен шығып, алғысқа бөленуде.

Осы еңбектерімен бірге, шығармашылық құжаттары, фото суреттері Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығында мемлекеттік тұрақты сақтауға алынған. Бұл құжаттардың  ғылыми-тарихи құндылығы аса жоғары. Құжаттарға ғылыми-техникалық сараптама жасалып, арнайы тізімдеме  847 Қор нөмірі берілді. Осы құжаттар арасында Сейтмұхамет ағаның жұбайы Күнтай апамыздың да жеке құжаттары сақталып отыр. Күнтай апамыз ұзақ уақыт мұғалім болып, талай шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан.
Сейтмұхамет Тәбәрікұлын Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығының ұжымы 85 жылдық мерей тойымен шын жүректен құттықтайды. Деніңізге саулық, ұзақ ғұмыр, кетпес дәулет, шығармашылық табыстар тілейміз.


Қазіргі заман тарихын құжаттандыру
орталығының археографы Л.Қ.Қадырова

Суретте: Сейтмұхамет Тәбәрікұлы мен
жұбайы Наурызбаева Күнтай

Парақтар өзгертілді: 12-03-2013