Амантай Мұқатаев
Амантай Мұқатаев (1942–2024 жж.) – Семей облысы Абай ауданы Мұқыр ауылында дүниеге келіп, Семей облысы Абай ауданының М. Әуезов атындағы қой кеңшарының директоры, Семей облыстық халық депутаттары Кеңесінің депутаты болған. Ол Абай ауданы Қарауыл ауылындағы №113 механикаландыру ауылшаруашылық училищесін, 1968 жылы Семей зоотехникалық-ветеринарлық институтын бітірген.
1968 жылы ол еңбек жолын ветеринарлық дәрігер болып бастап, кейін Семей облысы Абай ауданындағы Жданов атындағы кеңшарда бас ветеринарлық дәрігер қызметін атқарған. 1976–1980 жылдары А. Мұқатаев Абай ауданындағы «Архат» кеңшары парткомының хатшысы қызметін атқарды. 1980 жылы Амантай Мұқатаев Абай ауданындағы Мұхтар Әуезов атындағы кеңшардың директоры болып тағайындалды. Амантай Мұқатаев 1994-1997 жылдары Абай ауданы М. Әуезов атындағы «Қасқабұлақ» жеке кәсіпорнының басшысы, 1997-2024 жылдары Абай ауданы Қасқабұлақ ауылдық округіндегі «Қасқабұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметтерін атқарған.
Амантай Мұқатаев көпжылдық еңбек қызметі үшін «Құрмет белгісі», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Тыңайған жерлерді игергені үшін», «Целина 50 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарымен, сондай-ақ КСРО ХШЖК-ның күміс және қола медальдарымен марапатталған.
А. Мұқатаев бірнеше рет Семей облысы бойынша ауылдық, аудандық, облыстық кеңестердің депутаты болып сайланды. 1986 жылы КОКП XXVII съезіне делегаты ретінде қатысты. А. Мұқатаев Абай ауданының Құрметті азаматы болып табылады.
