Сахна саңлағы – Күләш Сакиеваның туғанына 105 жыл

Биыл  Күләш Сакиева Сырымбетқызының туғанына 105 жыл толады. Абай облысының мемлекеттік архиві қорында өлкеміздің дамуына үлесін қосқан азаматтар жетерлік. Олардың арасында Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі, Семей қаласының құрметті азаматы Күләш Сакиеваның жеке қоры сақталған. Сахна шеберінің шығармашылық және қоғамдық қызметін сипаттайтын құжаттар «АОМА» КММ (Семей облыстық мемлекеттік архиві) 1993 жылы жеке қор ретінде мемлекеттік сақтауға түсті.

Өмір баянына келсек: Сакиева Күләш Сырымбетқызы 1920 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. 1934 жылға дейін мектепте оқыды. Сол жылы Алматыдағы №18 мектепке оқуға түсіп, 1936 жылға дейін білім алды. 1937 жылы Алматы театр училищесіне актерлік бөлімшеге түсіп, 1941 жылы бітіріп, Жамбыл облыстық Абай атындағы Қазақ драма театрына жұмысқа жіберілді.

«Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін» 1945 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. 1947 жылы Жамбыл театрында жұмыс істеген кезінде «Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі» атағы берілді. Сондай-ақ, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, Жамбыл қаласының еңбекшілер депутаттарының облыстық, қалалық Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.

1952 жылы 24 қыркүйекте К.С.Сакиева Абай атындағы Семей облыстық қазақ музыкалық-драма театрына ауыстырылды. 32 жыл ішінде К.С.Сакиева сахнада екі жүзге жуық рөлдер сомдады. Ә.Тәжібаевтың «Майра» спектакліндегі Майраның ролін сомдап, қазақ халқының дарынды қызының тамаша образын жасады. М.Хасеновтың «Потерянный дневник» спектаклінде Алтынның бейнесін сомдады. Актрисаның бұл еңбегі де бағаланып, жоғары орындаушылық шеберлігі мен шығармашылық жетістіктері үшін 1958 жылы оған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «Қазақ КСР-нің халық артисі» деген құрметті атақ берілді және екінші рет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. 1970 жылы тың жерлерді игерудегі (1957 ж.) «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. К. С. Сәкиева Республикалық театрлар байқауының І және ІІ дәрежелі лауреаты дипломдарымен марапатталған.

Театр ұжымы мен облыс және қала еңбекшілері арасында үлкен шығармашылық тәжірибесі бар әртіс үлкен қоғамдық жұмыс атқарды. Бірнеше рет Жоғарғы, облыстық Кеңестердің депутаты болып сайланды, Қазақстан КП ХІІІ съезінің делегаты болды.

Жалпы сақталған құжаттардың бірегейлігі оның түпнұсқалығында болып отыр. Құжаттардың арасында өз қолымен толтырған жеке іс парағы, мінездемелер, әр жылдарда сахна төрінде ойнаған кездегі фото суреттер, жоғары марапат алған куәліктері бар.

Осындай құжаттардың арасынан оқырман қауымға, 1954 жылғы 9 ақпанда Абай атындағы Семей облыстық бірлескен қазақ-орыс музыкалық-драма театрының берген қызметтік мінездемесін ұсынып отырмыз. Мінездеме орыс тілінде еш өзертусіз беріледі.

 

СЛУЖЕБНАЯ ХАРАКТЕРИСТИКА

На артистку Семипалатинского Областно Обединенного казахско-русского музыкально-драматического театра имени Абая Сакиеву К.- Зас.артистка Каз ССР.

Сакиева Куляш Срымбетовна, рождения 1920 года, казашка, беспартийная, образование специальное среднее. Окончила Алма-Атинский театральный техникум в 1941 году, Социальное положение служащая, социальное пройсхождение из крестьян.

В Семипалатинском театре имени Абая работает с октября месяца 1952 года. Была переведена сюда из Джамбульского театра. Несмотря на небольшой срок работы показала себя способным, трудолюбивым, вдумчивым дисциплинированным работником. К поручаемым ролям относится со всей серьезностью, много и углубленно работая над ними Большинство исполненых ею ролей получило хорошие отзывы как от руководства, так и общественности, как например: Мадина – «Женихи», Бану-«Амангельды», Баян- «Козы Корпеш», и другие.

Тов. Сакиева обладает голосом и музыкальным репертуаром и с большим успехом участвует в концертах. Принимает активное участие в обшественно-массовой работе. Имеет правительственные награды: Орден «Знак почета» и звание заслуженной артистки Казахской ССР, присвоенного ей в декабре 1947 года.

 

Директор театра қол қойылған СЕМЕНОВ-ЛЕОНС

Секретарь партийной организации қол қойылған  ТОЛЬСКИЙ

Председаетоль МК  қол қойылған АГВОЗДКИНА  

 

Бұл құжаттың мәтінінде Халық актрисасына берген ұжымның жоғары бағасын көреміз. Сонымен қатар Күләш Сырымбетқызы Семей қаласының құрметті азаматы, бұл туралы Семей қалалық әкімшілігінің шығарған шешімінен көруге болады. Архивте жарық көрген «Семей қаласының құрметті азаматтары 1968-2017 жж» фото альбомда былай делінген: «Семей қаласының Құрметті азаматы» атағының берілу күні: 15 қазан 2002 ж. Семей қаласы әкімінің №01-452 өкімі.

Марапатталуы:  Қазақстан Республикасының театр өнерінің дамуында сіңірген айрықша еңбегі, жоғары актерлік шеберлігі, белсенді қоғамдық қызметі мен көп жылғы жемісті еңбегі үшін.

Атақ алған кездегі жұмыс орны: Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Абай атындағы Семей облыстық қазақ музыка-драма театрының актрисасы.

Тұрғылықты мекен-жайы: Семей қаласы.

Күләш Сырымбетқызының туғанына 105 жылдығына орай сақталған құжаттар негізінде фотоқұжаттық көрме ұйымдастырылды.

Абай облысы мемлекеттік архиві құжаттарды пайдалану бөлімінің басшысы Л.Қадырова