







Насенов Болатбек Насенұлы 1937 жылы Семей облысының Абралы ауданында дүниеге келген. 1960 жылы Ташкент қаласының қаржы-экономикалық институтын бітірді. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс пен салықтар басқармасының бастығы, Қаржы министрлігінің Бас салық инспекциясы бастығының орынбасары және бастығы, «Кең-Дала» ААҚ («Казагропромтехника») вице-президенті лауазымдарын атқарды. 1982 жылы «Қаржы қызметінің үздігі» төс белгісімен марапатталды. Болатбек Насенұлы институт бітіргесін мұрағатта алғашқы рет зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1933 жылы халық жауы атанып қамалған әкесі туралы деректер іздестіру барысында Семей және Мәскеу мұрағаттарымен хат алысты. Мұрағат құжаттарын зерттеу кезінде Кенесары, Абай Құнанбаев және басқа да тарихи тұлғалар туралы кездейсоқ деректер тауып Қазақстанның тарихына қызықты. Біраз уақыт өткеннен кейін Омбы, Санкт-Петербор, Мәскеу, Семей қалаларының кітапханалары мен мұрағаттарында зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Болатбек Насенұлы жинақтаған құжаттары Семей облысы бұрынғы Абыралы ауданы, қазақ елінің тарихы, 1920-1930 жылдарғы Қазақстан жеріндегі ашаршылық, Қазақстанның танымалы адамдары (Абыралы ауылының тумалары), Дегелендегі атом және сутегі бомба сынағы, 1931 жылдың ақпан-наурыздағы күштеп ұжымдастыруға қарсы Шығыс-Қазақстан облысы Абыралы ауданының шаруалар көтерілісі туралы әңгімелейді. Жекелеген томдар Қазақстанның тарихи тұлғалары: халық композиторы Тәттімбет Қазанқапұлы мен Мәди Бапиевке, Әбілхайыр, Кенесары, Керей, Жәнібек, Қасым хандарға, Алаш Орда қозғалысының қайраткерлеріне арналған.
Болатбек Насеновтың кітаптары оқушыларға, студенттерге, тарихшыларға, Қазақстан тарихымен айналысатын адамдарға арналған. Болатбек Насенұлы кітаптарының бір бөлігін мұрағаттарға, қаланың кітапханалық жүйелеріне және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының кітапханаларына тегін сыйлайды. Кемерово облысының әкімдігіне 2009 жылы он екі томды Қазақстан тарихы энциклопедиясын сыйлағаны үшін облыс губернаторы А.Тулеев Кемерово облысының «За веру и добро» медалімен марапаттады. Б.Н.Насенов студенттер қауымымен үнемі кездесулер өткізеді. 2003 жылы Б.Н.Насеновқа Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің «Құрметті профессоры» атағы берілді.