







Карандашова Светлана Савельевна (1941-2017) Красноярск өлкесінің Канск ауданы Чечеул ауылында дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен соң, 1958-1960 жылдар аралығында Забайкалье темір жолының № 92 орта мектебінде зертханашы болып жұмыс істеді. Светлана Савельевна 1960 жылы Чита қаласының Н.Чернышевский атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының география және биология факультетіне оқуға түсті. Институтта оқып жүріп, 1964 жылдың қазан – желтоқсан айлары аралығында Чита облысы Могочин қаласындағы № 32 орта мектептің география мұғалімі ретінде іс-тәжірибеден өтті. 1965 жылдың шілдесінде Светлана Савельевна институтты бітіріп, Семей қаласына тұрақты тұруға көшіп келеді. Осы жылдың қыркүйегінде Н. Чернышевский атындағы № 1 орта мектепке география пәні мұғалімі болып қызметке алынды. 1972 жылдың тамызында Семей қалалық халыққа білім беру бөлімінің №1211 бұйрығымен №6 орта мектепке ауыстырылып, бүгінгі күнге дейін осы мектепте қызмет істеуде.
Светлана Савельевна Карандашованың еңбек өтілі 40 жылдан астамды құрайды. Негізгі қызметімен қоса ол, Семейдің мұғалімдер білімін жетілдіру институты жанындағы, біліктілігін арттыру курстарында сабақ берді, институттың штаттан тыс әдіскері болды. Республикалық және облыстық педагогикалық оқуларда, ғылыми-тәжірибелік конференцияларда қызықты баяндамалар жасады. С.С. Карандашова 2005 жылы өткен қалалық әдістемелік жобалар байқауында 1-орын алды. Светлана Савельевна Шығыс Қазақстан облысы және Семей аймағының географиясы бойынша жазған бірнеше әдістемелік құралдардың авторы, сондай-ақ 8-9 сыныптар үшін Шығыс Қазақстан облысының географиясы бойынша жазған оқулық авторларының бірі болып табылады.
1990 жылы С.С.Карандашоваға «Әдіскер-мұғалім», ал 1995 жылы – жоғары санаттағы білікті мұғалім атақтары берілді. Білім беру саласындағы еңбегі үшін, жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі кәсіби тиімді қызметі үшін Светлана Савельевна «Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі» төс белгісімен, Семей облыстық және қалалық халыққа білім беру бөлімдерінің мақтау қағаздарымен марапатталды. Көп жылғы және адал еңбегі үшін Светлана Савельевна «Еңбек Ері» медалімен марапатталды.