







Зейнолла Қалымбекұлы Тоқаев 1942 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. Семей зоотехникалық-ветеринарлық институтының ветеринарлық факультетін бітірген. Зейнолла Қалымбекұлы 40 жылдан астам еңбек жолын Семей зоотехникалық-ветеринарлық институтына арнады. 1969 жылы институтты үздік бітіргеннен кейін, мал дәрігері біліктілігін алып, институтқа гистология, эмбриология және цитология кафедрасының ассистенті болып қабылданды. Содан кейін адам және жануарлар морфологиясы және физиологиясы кафедрасының меңгерушісі, ветеринария, агроменеджмент, агроэкология және аграрлық факультеттер деканының орынбасары, кейін деканы болып қызмет атқарды. 1982-1995 жылдар аралығында институтқа басшылық ете отырып, негізгі ректорлық жұмысын Қазақстанның солтүстік-шығыс өңіріндегі ЖОО ректорлар Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымымен ұштастырды. 2012 жылдан 2016 жылға дейін Шәкәрім атындағы мемлекеттік институты ректорының кеңесшісі болды.
Зейнолла Қалымбекұлы 1979 жылдан бастап маралдардың биологиялық қабілетін, олардың көбею физиологиясын зерттеді. 180-нен астам ғылыми мақалалары бар (Оқу құралдары, әдістемелік нұсқаулар, инновациялық патенттер). Зооветеринарлық институтындағы негізгі жұмысты З.Қ.Тоқаев қоғамдық жұмыстармен ұштастырды. Семей қалалық комитетінің, облыстық партия комитетінің, облыстық халықтық бақылау комитетінің мүшесі болды.Үш рет Семей қалалық халық депутаттары Кеңесінің депутаты болып сайланды, 12 жыл бойы Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірі ректорлар Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 15 жыл бойы ол «Қазақстан Жоғары мектебінің Жаршысы» журналының редакциялық алқасының мүшесі, қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, бейбітшілік қорының облыстық бөлімшесінің төрағасы, ТМД ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындары қауымдастығының вице-президенті, «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, қалалық ардагерлер Кеңесі Төралқасының мүшесі, Семей қаласы бойынша ШҚО әкімінің қоғамдық көмекшісі, қалалық Қоғамдық кеңестің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық мониторинг тобының мүшесі болды.
З.Қ.Тоқаев ғылыми, педагогикалық және қоғамдық қызметтегі жетістіктері үшін «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «10 жыл Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталған. «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Комсомолдағы белсенді жұмысы үшін» төс белгілерімен, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қ.Тұрангуловтың, Шығыс Қазақстан облысының әкімі болған Ж.Кәрібжановтың, ҚР ОСК алғыс хаттарымен, БЛКЖО ОК, ҚР Кәсіподақтар федерациясының, Шығыс Қазақстан облысының әкімі болған Б.Сапарбаевтың, Семей қаласының әкімі болған Қ.Тұрлыхановтың Құрмет грамоталарымен марапатталды.