Овчинников Георгий Михайлович, Семей қаласының бас сәулетшісі, КСРО және Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағының мүшесі, 1938 жылы Томск қаласында дүниеге келген. В. В. Куйбышев атындағы Новосібір инженерлік-құрылыс институтының сәулет факультетін бітірген. Ол Семей облыстық құрылыс және архитектура істері бойынша бөлімінде, Өскемен қ. жол-құрылыс институтында архитектура кафедрасында аға оқытушы, «Казгорстройпроект» № 7 АПМ аға архитекторы, Семей қаласының бас архитекторы, «Семипалатинскоблсельпроект» институтының бас архитекторы, ПСЖБ бас архитекторы, «Семоблагропромпроект» жобалау-зерттеу институты директорының қала құрылысы мен архитектура бойынша орынбасары қызметтерін атқарды.

Г.М.Овчинниковтың авторлық құқығы бар жобалары: Аэрофлот қонақ үйі (қазіргі диагностикалық орталық), Кәсіподақ үйі, Саяси-партиялық ағарту үйі (Абай кітапханасы), «Турист» қонақ үйі, әкімдік аумағындағы, Глинки, Галето көшесінде орналасқан көп қабатты үйлердің, Ф.М.Достоевскийдің мұражай-үйіне жалғастырып салған үйдің, ұн-комбикорм комбинатының кіре-беріс және кеңсе ғимаратының жобалары. Авторлық топтың құрамында Шәкәрім даңғылының, Кеңес үйі ғимаратының (әкімдік ғимараты) жобаларына, қаланың орталық бөлігінің, сол жағалаудың тұрғын аудандарының жете жобасын жоспарлауға қатысты. Сондай-ақ, Ленинград қ. ЛенНИИП қала құрылыс институтымен бірлесіп қаланың Бас жоспарын әзірлеуге қатысты, Абай алаңындағы 192-пәтерлік тұрғын үйдің жобасын орындады. Ленинградтың көркемдік қорымен бірлесіп Абай алаңының, «Вагон смерти» монументінің, Семей қаласының 250-жылдығына арналып Ертіс өзенінің жағалауына қойылған стела жобаларын әзірлеуге өз үлесін қосты.