Ақын, аудармашы Мұрат Сұлтанбеков Семей қаласында 1938 жылы 28 қаңтарда дүниеге келді. Ақын Сұлтанбеков - орыс, қазақ тілдерінде бірдей тамаша жазатын, екі тілдің құпия сырларын жетік ұғатын ақын. Ұлы Пушкин музасы мен туған тілден нәр алған Мұрат байтақ республикамыздың кемелді әдебиетінде өз үнін, жүрек сырын орыс тілінде өрнектеп жүрген санаулы қаламгерлердің бірі. 1960 жылы Семей педагогикалық институтын бітіре сала Мәскеу қаласындағы аспирантурада оқыған кезеңі де, 1962 жылы халықаралык жағдайдың шиеленісуіне орай кенеттен әскер қатарына шақырылған жылдары да поэзияға деген құштарлығын ортайта алмады. 1969 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан алғашқы өлеңдер жинағының жарық көруі осы ізденістің арқасы. Орыс тілді қазақ ақыны 1970-80 жылдары да поэзия саласында өнімді еңбек етті. Таза ақындық жүректен төгілген лирикалық өлеңдері мен «Песня выпускников» атты поэмасында жырлаған шынайы сезім кімді де болса баурап алары анық. Осы жылдары ақын ғалымдық жолын да мұрат етті. «Вопросы литературы», «Дружба народов», «Простор» журналдарында ғылыми-публистикалық мақалалары жарияланып жатты. Мерзімді баспасөзде шығармалары жиі жарияланып тұрады. 1971 жылы филология ғылымының кандидаты дәрежесін алған. Ақынның «Новые стихи», «Иртышский остров», «Акылбай Кунанбаев. Дагестан», «Всю жизнь с Абаем», «Поэтическое вдохновение: Абай», «Шакарим и Мухтар», «Шакарим. Казах в зеркальном отражении» сияқты жыр жинақтары мен аударма кітаптары жарық көрген.

«Абай поэмалары» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғап шыққан Сұлтанбеков шығармашылығының қомақты бөлігі- Абай, Шәкәрім, Мұхтар мұраларын зерттеу еңбектеріне тоқталсақ «Дағыстан» поэмасынан басталған Абай тақырыбының желісі Мұрат шығармашылығынан үзілген жоқ. Оның абайтану іліміне қосқан үлесі Абайдың он өлеңін, 45-қарасөзін, Абай баласы Тұрағұлдың «Әкем туралы» естелігін аударғанын айтуға болады. Мұрат Сұлтанбеков Шәкәрімнің екі бірдей поэмасын «Қалқаман-Мамыр» және «Еңлік-Кебек» поэмаларын, Ғ.Мүсіреповтің «Жалбыр» пьесасын орыс тіліне үлкен шеберлікпен аударды.

Сұлтанбеков әр жылдары Семей педагогикалық институтында аға оқытушы, Талдықорған Мемлекеттік педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, Семей малдәрігерлік институтында аға оқытушы, облыстық білім басқармасында инспектор, Семей облыстық әкімшілігінде аудармашы, республикалық «Абай» журналында аға ғылыми қызметкер болып қызмет атқарды. 2003 жылы Семейдің облыстық Абай атындағы сазды-драмалық театры «Жұлдызды аспан» - «Звездное небо» атты пьесасын қазақ және орыс тілдерінде сахнаға шығарған. Ақын, аудармашы, драматург көптеген Құрмет грамоталармен марапатталған.