Хлыновская Екатерина Петровна (1906-1963) Семей облысының Көкпекті ауылында дүниеге келген. Өскемен қаласының педагогикалық техникумын бітіріп, 1926 жылы еңбек жолын Татар АКСР Теньковка ауданы Шеланга ауылындағы мектепте бастады. 1931 жылы Екатерина Петровна іріктеу комиссиясының ұйғарымымен Қазан қаласының педагогикалық институтының биология бөліміне оқуға жіберіледі. 1935 жылы институтты бітіргеннен кейін Шығыс Қазақстан облысына қоныс аударып, Ауыл станциясының № 113 орта мектебінде, кейін Семей қаласының № 21, №6 мектептерінде биология пәнінің мұғалімі болып қызмет жасады. Екатерина Петровна №6 орта мектепте 20 жылдан астам еңбек етті. Оның бастамасымен мектеп жанындағы учаскесі, тірі табиғат бұрышы ұйымдастырылып, биология кабинеті жабдықталды. Ұстаз шәкірттері бірнеше рет облыстық ауыл шаруашылық көрмелерінде жүлделі орындарға ие болды. 1958 жылы Екатерина Петровна өзінің шәкірті Римма Байзуровамен Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылық көрмесінің қатысушылары болды.

Мінсіз, жемісті еңбегі үшін Е.П. Хлыновскаяға Қазақ КСР еңбек сіңірген мұғалімі құрметті атағы берілді. Ол Құрмет Белгісі орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды.