«Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясындағы Ашық есік күні
2026 жылғы 18 қыркүйекте Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Абай облысы мемлекеттік архиві» КММ «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында жыл сайынғы Ашық есік күнін өткізді. Іс-шара барысында архивке «Alikhan Bokeikhan University» білім беру ұйымының 1, 3 және 4-курс студенттері, «Шәкәрім университеті» КЕАҚ 1-курс студенттері, сондай-ақ Жоғары гуманитарлық-заң және техникалық колледжінің студенттері келді.

Іс-шараның мақсаты: жастарды тарихты зерделеуге тарту, архив құжаттарын насихаттау, сондай-ақ архив саласының беделін арттыру.
Іс-шараны «Абай облысы мемлекеттік архиві» КММ директоры Б.Т.Мусин ашып, іс-шараның мақсаттары туралы айтып өтті. ҒАА және құжаттарды пайдалану бөлімінің басшысының міндетін атқарушы А.К.Дюсембаева архивтің тарихы туралы дәріс оқып, қонақтардың назарына «Архивтің бүгінгі тынысы» атты фотокөрмені ұсынды.
Архив мамандары құрастырған құжаттар жинақтары, В.Н.Кашляктың жеке коллекциясындағы ескі қала көріністері бейнеленген фотосуреттер, сондай-ақ Абай облысының мемлекеттік архивінде сақтаулы Алаш Орда қайраткерлерінің жеке істері таныстырылды.

Дәрістің соңында «Прииртышье» өлкетану қоғамының көрмесі ұйымдастырылды. Студенттер көрме барысында сиялы қаламмен өз қолтаңбаларын қалдырды.

Архив қоймасына шолу экскурсиясын М.С.Сулейменова өткізді. Ол студенттердің назарына аса құнды құжаттарды ұсынып, құжаттарды сақтау жағдайлары туралы айтып берді.

Ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы А.К.Мукатова және архивист К.С.Узбаканов архив құжаттарын цифрлық форматқа көшіруге арналған заманауи жабдықтардың жұмысын көрсетті.

Іс-шара соңында қонақтар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, алған әсерлерімен бөлісті.