|
Мұхамедханов Ғабдулқайым (Қайым) 1916 жылы 5 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келген. 1924 жылы қазақ бастауыш мектебіне оқуға түсіп, 1928 жылы оқуын тәмамдаған. 1929-1932 жылдары Семей қаласындағы ауылдық жастар мектебінде оқиды.
Қайым Мұхамедхановтың жазушылық және зерттеушілік қабілеті бала кезінен басталған. Қайымның әкесі Мұхамедхан Сейітқұлов 1870 жылы туған, өз халқының тарихы мен мәдениетіне аса қызығушылықпен қараған, өте сауатты, білімді адам болды. Сол заманғы қазақ, татар, орыс тілдерінде жарық көрген газет, журналдарға жазылып және осы баспаларды жинақтап, өзінің бай кітапханасында сақтап отырған. Мұхамедхан Сейітқұловтың ең жақын досы Мұхтар Әуезов болды, ол 20 жылдары Мұхамедханның үйіне жиі қонаққа келіп тұрған. Абайдың шәкірті, әрі досы Көкбай Жанатайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы Семейге келгенде осы үйдің құрметті қонағы болып, ат басын тірейді екен. Сонымен қатар М.Сейітқұловтың үйінде М.Әуезов, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров секілді әдебиет, өнер, ғылымды дәріптеген, қазақ тарихында есімдері алтын әріппен жазылған, белгілі қазақтың зиялы өкілдері де кездесіп тұрды.
1937 жылы Мұхамедхан Сейітқұловқа Семейдегі кеңес үкіметіне қарсы мұсылмандық діни топтың белсенді мүшесі деген айып тағылады да,1937 жылы 24 қарашада НКВД мүшелері тұтқынға алып, ату жазасына кеседі. 1937 жылы 2 желтоқсанда атылады.
1935 жылы Қайым Мұхамедханов екі жылдық пән-оқытушыларын даярлайтын мұғалімдер курсына қабылданады. Курсты аяқтаған соң 1938 жылы Семей педагогикалық институтының филология фаультетіне оқуға түсіп, 1941 жылы 3-4 курстағы емтихандарды жедел түрде тапсырып, аталмыш институтқа оқытушы ретінде жұмысқа шақырылады.
1940 жылы Қ.Мұхамедханов Семейдегі Абайдың мемлекеттік-әдеби музейіне аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп, музейдің құрылуына белсене ат салысады. Музейде қызмет жасай отырып Абайдың өміріне, қоршаған ортасына байланысты түрлі жәдігерлерді жинастырған.
1941-1942 жылдары әскер қатарында болады. 1942 жылы Семей педагогикалық институтында сабақ беріп жүріп, Семей облысы бойынша Кеңес Одағының жазушылары уәкілі болады.
Ал 1947-1951 жылдары Абай музейінің директоры қызметінде жүріп, арнайы келісіммен Семей педагогикалық институтының қазақ әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы болып жұмыс істейді.
1950 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының аспирантурасын ойдағыдай табысты аяқтап шығады. Осы жылы Қ.Мұхамедханов «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, оған филология ғылымдарының кандидаты деген ғылыми атақ беріледі. Кандидаттық диссертациясын қорғап, тура сегіз ай өткенде 1951 жылы 1 желтоқсан айында Қайым Мұхамедханов РСФСР ҚК б. 58-10, б. 2. «...кеңес үкіметіне қарсы үгіт жүргізуші, қазақтың Ұлы ақыны-Абай туралы тарихи мәліметті бұрмалаушы, оның поэтикалық мұрасын қазақ әдебиетіне енгізу арқылы баспасөз беттеріне кеңес үкіметіне қарсы ақындарға ойлар салып, үгіт-насихат жүргізгені үшін..», мүлкі тәркіленді, 5 жылға дейін азаматтық құқығынан және 25 жылға бас бостандығынан айырылады. 1952-1955 жылдары Карлагта жазасын өтейді. 1955 жылы Қазақ ССР Жоғарғы соты Президиумының қаулысымен үкімді жойып, барлық тергеу істері тоқтатылады. Қ.Мұхамедханов толықтай ақталып, Семей педагогикалық институтына орыс әдебиеті кафедрасына аға оқытушы болып қызметке орналасады.
Қазақ тілі мен әдебиет кафедрасының доценті,профессор Қайым Мұхамедханов Семей педагогикалық институтында 50 жылдан астам қызмет жасап, 1989 жылы зейнетке шығады. Жалпы оқытушылық қызметтегі еңбек өтілі, 1933 жылдан бастап 70 жыл.
Республикалық маңызы бар зейнеткер бола тұра, зейнетке шыққаннан кейін де, Қайым Мұхамедханов өзінің ғылыми-шығармашылық қызметтерімен айналыса береді.
1990-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Үкіметінің шақыруымен, Алматы қаласындағы Қазақ ССР ғылым академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет пен өнер институтына Абайтану бөлімінде аға ғылыми қызметкер болып қызмет етеді. Ол «Абай» энциклопедиясы мен Абайдың екі томдық шығармалар жинағының шығарылуына ғылыми басшылық жасайды. 2000 жылдары Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесшісі қызметін атқарады.
1937-1939 жылдары Қайым Мұхамедханов пен Мұхтар Әуезовтың арасындағы жақын, тығыз шығармашылық қызметі бастау алған. М.Әуезовтың ықпалымен Қайым Мұхамедхановтың ғылыми-зерттеу жұмысына деген негізгі бағыты айқындалып, шыңдала түсті.
Қайым Мұхамедханов Абайтану негізін қалаушылардың бірі болғаны белгілі. Ол өзінің барлық өмірін, зерттеу ісіне арнады. Абайдың өмірбаянын, шығармаларын және Абайдың барлық ақын, шәкірттері- Әріп, Әсет, Ақылбай, Мағауия, Әубәкір, Шәкәрім және т.б шығармаларын, еңбектерін жинастырды.
Қайым Мұхамедхановтың алғашқы шығармалары 1938 жылдан бастап баспаға шығарыла бастады. 1938-1939 жылдары жергілікті басылымдарда әдеби-сыншылық көзқарастағы «Семей облысындағы жас ақындар шығармашылығы туралы», Абай атындағы Семей қазақ театрының М.Әуезовтың «Шекарада», Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібек», Ш.Құсайыновтың «Боран», Қ.Сағитовтың «Ер Тарғын» қойылымдары, тұңғыш қазақ кинофильмі «Амангелді», М.Горький, Н.Островский туралы мақалалары жарыққа үзбей шығып тұрды. 1939 жылы «Әдебиет пен өнер» республикалық журналына «Абай атындағы Семей қазақ театрының шығармашылық жұмысы туралы» мақаласы жарық көреді.
1940 жылы Қайым Мұхамедханов Абайдың ақын-шәкірттерінің шығармашылығы туралы «Абайдың әдебиет мектебі» деген жалпы атаумен мақалалар жинағын жариялады. Абайдың өлеңдері мен әдеби шығармалары, ақын шәкірттерінің есімдері мен шығармалары 1889-1945 жылдары жарық көрген Библиографиялық көрсеткішке енгізілді.
Осы жылы Қайым Мұхамедханов КСРО-ның жазушылар одағына мүше болып қабылданады. Ол Абайдың өз қолымен жазған шығармалар жинағын, белгісіз жазбалардың Абай қылқаламына жататынын ғылыми түрде дәлелдеп, шығармалар жинағына енгізеді. Осылайша Абайдың 1945 жылы жарық көрген толық шығармалар жинағына Қайым Мұхамедхановтың тауып алған 9 өлеңі енгізілді.
1943-1944 жылы КСРО Ғылым академия филиалы тіл және әдебиет институтының тапсырмасы бойынша Қайым Мұхамедханов «Қабанбай батыр» мен «Бөгенбай батыр» халықтық тарихи поэмаларын зерттеп, олар туралы мақала жазып, «Қазақ әдебиет тарихы» басылымының бірінші томына кірген.
Қайым Мұхамедханов 1945 жылы Кеңестік Қазақ ССР Жоғарғы Президиум Жарлығы бойынша мақұлдап, бекіткен Қазақстанның тұңғыш әнұранының авторы болған.
1959 жылы Қ.Мұхамедханов «Абай дәуіріндегі ақындар» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап шығып, Семей педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті болып тағайындалады.
1968 жылы Семей қаласының 250-жылдығына орай С.Анисимовпен бірлескен авторлық «Жас шағымдағы қала» атты деректі фильмге сценарии жазған.
Қайым Мұхамедханов шығармаларында драма жанры ерекше орын алатын. «Лад» (1944ж), «Майданнан майданға» (1947ж), «Комиссар Ғаббасов» (1960ж) атты пьесаларында, қазақ халқының тарихи өткен өмірі әр-түрлі жақтан қарастырылған. Бұл әдеби шығармалар бірнеше рет облыстық және республикалық театр сахналарында қойылған.
Бірнеше тілді меңгеруі, әдеби шығармаларды кәсібилік тұрғыдан көре білуі, ерекше поэтикалық-драматикалық дарындылық Қайымға жақсы аудармашы болуға себеп болады. 1940 жылы аударған әзербайжан композиторы У. Гаджибековтың «Аршын мал алаң» атты музыкалық комедиясы Семей қазақ драма театрының репертуарына кірген, Мемлекеттік опера мен балет театрында қойылған. Қайым Мұхамедханов аударма қылқаламынан А. Пушкиннің «Су перісі», Боккаччо «Декамерон», пьеса «Хаджи Насреддин үйленеді» атты еңбектері шыққан. Қайым Мұхамедханов Карлагта болғанда Н.Карамзиннің «Байғұс Лиза» повестін тамаша аударған.
Ұзақ жылдар бойы Қайым Мұхамедханов Семейдегі Абай атындағы театрдың көркем өнер кеңесінің тұрғылықты мүшесі және Семей қаласындағы Абай музейінің, тарихи-өлкетану музейінің, Достоевский музейінің ғылыми кеңес мүшесі болған.
Қайым Мұхамедханов Абайдың қылқаламынан туындаған 30-ға тарта өлеңдерін тауып, зерттеп, дәлелдеме жасап, әр жылдарда шыққан басылымдар мен өлеңдер жинағына енгізілген. 1995 жылы Абайдың екі томдық академиялық өлеңдер жинағына ғылыми түсініктеме дайындаған.
90 жылдардың басында, 30 жылдары бастау алған«Абай» журналын жаңартты. 1993-1997 жыл аралығында Қайым Мұхамедхановтың бүкіл өміріндегі ғылыми қызметінің қорытындысы ретінде бес кітабы жарық көрді.
Қайым Мұхамедханов 2004 жылы 30 маусымда дүниеден озды. |